Әдеп - тәрбие негізі

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 991
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ардагерлер үйінде облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Талғат Өмірәлиев пен «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің  салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Дүйсембаев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. ​

Осы орайда сөз алған Талғат Өмірәлиев Елбасының Жарлығымен әрбір басқармаға және аудандарға Әдеп жөніндегі уәкіл бекітіліп, барлығы 42 адам облысымызда жұмысын бастап кеткенін тілге тиек етті. 
– Қазір жастарды мемлекеттік қызметке жұмысқа қабылдайды. Алайда олардың кейбірі өзін қалай ұстау, халықпен қалай қарым-қатынас жасау керек екенін білмейді. Қызмет тізгіні қолына тисе, бастық сынды шіреніп шыға келеді. Ал оның алдына келіп отырған қарапайым халық оны Үкіметтің адамы деп қабылдайды. Сондай деңгейде жауап күтеді. Олар біздің алдымызға келгенде дұрыс қарым-қатынас жасап, жауап беруіміз керек. Өзіміздің қолымыздан келмесе қайда бару керектігін айтып, жол сілтеуіміз қажет. Осы орайда қызметкерлердің әдебін көтеру мақсатында дәріс оқудамыз. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің басшылық тарапынан жазықсыз жапа шегетін кездері де болады. Ондай жағдайда олар  қорғауды қажет етеді. Жаңадан ашылып отырған Әдеп жөніндегі уәкілдің міндеті – мемлекеттік қызметкердің этика мәселелерін қарап, жөнге салу, қажет кезінде қорғау болып табылады.
Жуырда Астанада және Қостанайда үлкен форум өтті. 
Онда осы әдеп мәселелері кеңінен сөз болды. Өз тарапымнан мектеп, колледж, жоғары оқу орындарына этика сабағы енгізілсе деген ұсыныс білдірдім. Өйткені, кез келген адам қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстай білуі қажет. Ол үшін адамда тәрбие, білім, ішкі мәдениет болуы керек. Бұл балаға мектеп кезінен бастап үйретілсе этикаға қатысты мәселе шешімін табар еді. 
Сонымен бірге Әдеп жөніндегі уәкіл тек қана мемлекеттік қызметкерлермен ғана емес, басқа сала мамандарымен де жұмыс істеуі керек.  Осы орайда бүгін ынтымақтастық меморандумына қол қойып отырмыз, – деді Талғат Әбенұлы.
Жиын барысында «Алматы облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар төрағасы Әсет Қыдырманов сөз алып, қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлерді қорғау, оларды белгіленген уақыттан артық жұмыста ұстамау жағы да қарастырылып жатқанын жеткізді.   
Меморандумға қол қойған қос тарап ары қарай ынтымақтаса жұмыс істеуге уағдаласты.

Алма ЕСЕНБАЕВА,
“Жетісу”