Сот отырысы жеңілдейді

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 1014
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық соттың ғимаратында пилоттық жобалардың таныстырылымына арналған пресс-тур өтті. Онда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар көрініс тапты.

Шараға облыстық сот төрағасы Мейрамбек Таймерденов, азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Досымбет Қалдарбек, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Советхан Сәкенов және Соттар әкімшісінің басшысы Манас Бурашев қатысты. Сонымен қатар, облыстық соттың судьялары мен аудандық соттар төрағалары да тәжірибе алмасты. Пресс-турға қатысушылар бірінші кезекте Құқықтық қызмет орталығымен танысты және «Судья көмекшісі», «Түнгі сот», «Отбасылық сот», «Виртуалды сот» пилоттық жобалары түсіндірілді. Ал «SMART-COT» пилоттық жобасы келген қонақтарға арнайы көрсетілді. Осы жоба арқылы тараптар ұялы телефондарына “TrueConf” бағдарламасын орнатып, сол арқылы  сот отырысы залында болмай-ақ істі қарауға, қатысуға мүмкіндік алады.
– Пилоттық жобаларға ерекше мән берудеміз. Сондықтан, жаңа құралдар мен процестерді енгізу жұмысын бастап кеттік. Ал оны жетілдіру үшін нақты қадамдар қажет. Бүгін таныстырылып, ұсынылған жобалар ретімен іске асуда, – деді Мейрамбек Таймерденұлы.
Ендігі кезекте өңірдегі соттар жаппай IT технологияларды пайдаланбақ. Нәтижесінде сот төрелігінің ашықтығы артады әрі бюджеттік қаражат үнемделеді.
 

М. ДАНИЯРҰЛЫ​