Жемқорлықпен күрес айлығы жарияланды

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 1070
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос Жұмабаевтың қатысуымен брифинг өтті.

Онда өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы айлық жарияланғандығы хабарланды.
Қоғам індетіне қарсы көзқарасты қалыптастыру, азаматтардың, әсіресе өскелең ұрпақ пен жастардың құқықтық санасы мен мәдениет деңгейін арттыру мақсатында облыс әкімі Амандық Баталовпен келісіліп, «Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» күніне орай, облыс көлемінде қырықтан астам іс-шара өтеді. Мерзімі 9 қараша мен 9 желтоқсан аралығын қамтиды.
– Айлық аясында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі ашылды. Дәл осындай кеңсені Қарасай ауданы, Қаскелең қаласындағы Сүлейман Демирел атындағы университетте де ашу жоспарлануда, – деген Жандос Сағындықұлы бірқатар шараны мысалға келтіріп, түпкі мақсаттарына тоқталды. Жаңадан бой көтерген Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған кәсіби театрлық қойылым  көрерменге жол тартады. Қойылым болған оқиға ізімен сахналанады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың сәуір айында басталған барлық аудан, қалаларды аралаған «Адал жол – Честный путь» марафоны  7 желтоқсанда қорытындыланады. 
Осы және өзге де іс-шаралардың мазмұны баяндалған баспасөз отырысында айлық аясында атқарылар жұмыстардың маңыздылығы туралы айтылды. Әрі халық та айлық шеңберінде қолға алынған іс-шаралармен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дер кезінде хабардар болып отырмақ.
 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ.