Қоғамның қозғаушы күші

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 1181
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғандағы жастарға қызмет көрсету орталығында екі күндік жастар форумы өтті. Оған үкіметтік емес ұйым өкілдері, оқу орындарының жастар істері жөніндегі комитетінің төрағалары, аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтары филиалдарының қызметкерлері, жастар істері бойынша ауылдық округтердің нұсқаушылары қатысты.

Шараның негізгі мақсаты мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастар ұйымдарының өзара қарым-қатынасын нығайту, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, еліміздегі мемлекеттік электрондық қызметті дамыту.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев:
– Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі. Елбасымыз өзінің Жолдауында «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс», – деп келесі жыл Жастар жылы екендігін айтты. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын ауқымды платформа қалыптастыру керектігін алға тартты. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды. Баршаңызды осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! Иә, жастары жарқылдаған елдің болашағы баянды. Бұл сіздер мен біздерге жүктелген жауапты міндет, – дей келе  Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жолдары екі күндік форумның аясында талқылануы қажеттігін тілге тиек етті.
Осыдан кейін мінберге көтерілген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ерлан Жақыпов форум аясында жастардың құзыреттілігін арттыру бойынша  атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен тарқатты.
Бүгінде облысымызда 418 мыңнан астам жас бар. Олардың 332 мыңы ауылдық жерлерде тұрады. Облыста алпыстан астам жастар ҮЕҰ, жоғары оқу орындарында және ТжКБ-да жастар ісі жөніндегі 60 комитет жұмыс істейді. Биыл жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, рухани дамуына және спортпен шұғылдануына жағдай жасауға бағытталған «Жастар жолы» жобасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, 40 мыңға жуық жас бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған 18 орталық өз жұмысын бастады. Өңірімізде полицияға қолдау көрсетуші «Жалын» студенттік жасағы, жас отбасыларға қолдау көрсететін «BAQYT» клубы қарқынды жұмыс істеп келеді.
Жиын барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев жастарға патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін айтып, Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында «Құлқынның құлы» атты жемқорлыққа қарсы қойылым қойылатынын атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған жастар ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Жанна Каримқызы облысымызда ерте жүктіліктің жоғары және суицид елімізде азайғанымен өзге елдермен салыстырғанда әлі де көрсеткіші жоғары екенін айтып, алдын алу шараларын жүргізу қажеттілігін назарға ұсынды.
Жиын  соңында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын насихаттауға, электронды мемлекеттік қызметті дамыту мен жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосқан жастарға арнайы Алғыс хат табысталды.

Айдар ҚАЛИЕВ,
“Жетісу”