"7-20-25": НЕБӘРІ 82 АДАМ ӨТІНІШ БЕРДІ

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 1088
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің Алматы қаласындағы өкілдігі ғимаратында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ осы аймақтағы алты ауданның әкімдері мен орынбасарларының, банк өкілдерінің, құрылыс, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшыларының басын қосып, алқалы жиын өткізді. Онда Елбасының  «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Жиын барысында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Болат Тәкенов аталған бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Бас құрылысшының айтуынша, осы күнге дейін облыста «7-20-25» бағдарламасы бойынша 82 адам пәтер алуға өтінім берген. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыздың оныншы орында тұрғаны өкінішті екендігі ашық айтылды. Алматыдай ірі мегаполиспен іргелес Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарымен қатар Қапшағай қаласында үйлі-жайлы болуға сұраныстың жоғары екендігіне қарамастан Елбасы бағдарламасының баяу жүргізілуі шын мәнінде түсіндіру жұмыстарының ақсап жатқандығынан және де екінші деңгейлі банктер жұмысының сылбырлығынан екендігін қадап айтқан Лаззат Махатұлы жыл соңына дейін бұл көрсеткішті жақсартудың жолдарын қарастыруды тапсырды. 
Қазіргі уақытта аталған аудандарда, соның ішінде Қарасай ауданындағы «Қарлығаш» ықшамауданында 150 пәтерлі үй дайын болса, «Алатау ажары» ықшамауданында 12 пәтердің құрылысы аяқталуға таяу. Іле ауданында 54, Талғар ауданында 50 пәтерлі үйдің құрылыс жұмыстары желтоқсан айында толығымен аяқталады. Соған қарамастан облыс бойынша 82 адамның ғана өтінім беруі өте аз. Бұл арада банктер мен клиенттердің арасында түсінбеушіліктің бары ашық айтылды. Кедергілер де жоқ емес. Айталық, аталған бағдарлама бойынша пәтер алуға Қарасай ауданында 125 адам өтініш бергенімен 17-сінің ғана құжаты қабылданған. 
– Келер жылға Талғар, Қарасай аудандарынан 5-10 үй аралығында салу көзделген. Нәтижесінде пәтер саны көбейіп, соған орай таңдау жасау мүмкіндігі артады. Еңбекшіқазақ ауданында 8 үй салуға жер бөлінген. Бағдарлама бойынша пәтер алуға бюджеттік қызметкерлермен қоса басқа адамдар да құқылы. Тек 10 пайыздық жеңілдік бюджет қызметкерлеріне ғана көрсетіледі, – дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Болат Нүсіпбаев.
– «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болуға ынталы азаматтардың қатары күннен күнге өсе түсуде. Дей тұрғанмен, кейбірінің несиелік тарихында бұзушылықтың бары немесе жалақысының аздығы кедергі болуда. Қыркүйек айының ортасынан бергі уақытта Қарасай ауданынан 19 миллион теңге көлемінде 2 клиенттің өтініші мақұлданды. Бюджеттік қызметкерлерге беріліп отырған 10 пайыздық жеңілдікті ескерсек, бұл көрсеткіштің арта түсетіндігіне үміттіміз, – дейді жиынға қатысушы «Халық банкінің» Қарасай ауданындағы филиалының басшысы Бақыт Ибраева.
Осы орайда Елбасының тапсырмасы негізінде Ұлттық банк әзірлеген «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының осы жылдың шілде айынан бастап іске қосылғанын айта кету артық етпес. Ипотекаға алынатын пәтерлердің бағасы Астана мен Алматыда 25 млн. теңгені құраса, өзге өңірлер үшін 15 млн. теңгеден айналуда. Аталған бағдарламаның операторы ретінде Қазақстан Ұлттық банкінің еншілес ұйымы – «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ болып бекітілгені белгілі.
Талайдың бас қайғысына айналған баспана мәселесін шешуде тиімділігі жоғары «7-20-25» бағдарламасы негізінде ипотекалық үй алудың басты шарттары мен құжаттық рәсімдеудің жолдары пысықталды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашов әлеуеті жоғары аудандар әкімдеріне тұрғын үй құрылыстарын қарқынды дамытып, Елбасы бағдарламасын жүзеге асыруда белсенділік танытуды тапсырды.

Ұлбосын ИСАБЕК,
“Жетісу”

Алматы қаласы