ҚЫРМЫЗЫ ГҮЛ, ҚЫМЫЗ ИІСІ АҢҚЫҒАН ӨЛКЕ

Уақыты: 24.11.2018
Оқылды: 1444
Бөлім: КҮЛТӨБЕ
   Биылғы көктем қастерлі де қасиетті мемлекеттік шекарамыздың шетіне орналасқан Кеген ауданы үшін есте қалар тарихи жыл болды. Елбасымыз Н. Назарбаевтың Жарлығына орай Райымбек ауданын бөлгенде орталығы Кеген ауылы болып Кеген ауданы қайта құрылды. Араға жиырма жыл салып өз тұсындағы Кеген ауданы қайтадан дүниеге келді. Иә, кереге таулы Кеген ауданы десек, көрікті Көлсай көз алдымызға мөлдіреп қана келе қалады. Әйгілі Шарын шатқалы осы өңірден көз тарта бастайды. Қарқара көтерілісінің оты тұтанған тарихи құндылығына толы Қарқараның жері, Ереуілтөбе, Мыңжылқы жайлауы сырттан келіп көрушілерінен босаған емес. Ғасыр құрылысы атанған, Елбасымыздың тікелей қолдауымен салынған Мойнақ су электрстансысы осы өлкенің ғаламат дүниесі іспетті. Қапездің әніне арқау болған Үш Меркіні көрген де арманда, көрмеген де арманда. Міне, осындай саф ауалы, мөлдір бұлақты, жасыл құрақты, аршалы-шыршалы Кеген ауданы қайта құрылғанда облыс әкімі Амандық Баталов осы өңірдің төл перзенті, білімді, білікті азамат Талғат Байеділовке үлкен сенім артып, аудан әкімі етіп тағайындаған болатын. Туған жерін тұғыр еткен аудан әкімімен арадағы әңгімеміз сәтімен жалғасын тапты.
 

– Талғат Ескендірұлы, туған жеріңіз туралы жүрекжарды толғанысыңызды білгім келеді?
– Туған жерден айналайын! Жаныма жақын, жанарыма, жүрегіме ыстық туған жерімді тұғыр етіп жүрген жайым бар. Жердің жаннаты іспетті Жалаңаш өңірінің перзентімін. Атақтары алыс кеткен небір академик, қоғам қайраткері, қаламгерлер, өнер иелері шыққан Жалаңаштың топырағында дүниеге келгенімді мақтан етемін.
– Жас кезіңізде кім болуды армандаушы едіңіз?
– Балалық шағымызда мамандық иелерінің бәрі қызықтыра беретін. Әкем Ескендір шаруашылықтарда есепші болып қарапайым еңбек етті. Өзімнен үлкен бауырларым Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтын бітірді. Кейін мектеп бітіретін жылы әкем мен бауырларымның жолын қуып, халық шаруашылығы институтын бітірдім. 
– Еңбек жолыңыз туралы да әңгімелей кетсеңіз?
– «Қазақстан темір жолы» РМК Алматы қаржы-экономикалық орталығының есепшісі, одан кейін салық есебі және бақылау бөлімінің экономисі болып еңбек жолымды бастадым. «Қазпочта» АҚ Іле аудандық почта байланыс торабының бастығы болып қызмет атқардым. Отбасылық жағдайыма байланысты кейін туған ауданыма оралдым. Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі болдым. Райымбек ауданы әкімінің аппарат басшысы, аудан әкімінің орынбасары болып еңбек еттім.
– Елбасымыз Н. Назарбаев халқымызға арнаған жаңа Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» атты жоба аясында ауылдың да әлеуетін көтеруді ұсынды. Мақсатымыз бен бағытымызды айқындап берген Жолдаудағы осы бағытты қолдау жағы қалай?
– Аудан тұрғындары болып, Елбасымыздың Жолдауын қуана қабыл алдық. Қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға, табыс пен тұрмыс сапасын арттыруға арналған Жолдауға байланысты ауданымызда үлкен жиын өткізіп, алда тұрған міндеттерді жүзеге асыруға байланысты қажетті іс-шараларымызды қабылдадық. Жалпы, Елбасымыз ауылды көтеруге, түлетуге көп көңіл бөліп келеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да ауыл, туған жер туралы жақсы ойларын ортаға салды. Жобалы жұмыстарға негіз қалады. Ақын да, ғалым да, инженер де, ұстаз да түлеген ауылын алтын бесігіне балайды. Өмірлік несібіміз. Мемлекетіміздің қолдауы, қамқорлығы аясында ауылдарымыз еңсесін тіктеп, жағдайын жақсарта түсуде. Биылғы жылдың өзінде ауданымыздағы Талды, Ақсай секілді шағын ауылдардағы ауызсу мәселесі шешімін тапты. Шырғанақ, Талды, Кеңсу, Жайдақбұлақ, Тоғызбұлақ секілді ауылдарды жалғайтын тау жолдары жасалып, асфальтталды. Бұл шын мәнінде сол ауыл тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлады. Шырғанақ ауылдық округіне қарасты Кіші Қарқара ауылында жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Сонау көрікті Көлсай көліне барар жолдағы Саты ауылынан спорт алаңы жасалып, ел игілігіне берілді. Ел мен жерге арналған мұндай игіліктер алдағы жылдар ауқымында да жалғасын таба береді.
– Елбасымыз Н. Назарбаев келесі жылды Жастар жылы деп жариялады. Қазіргі жастар туралы ойыңыз қандай?
– Жастар – болашағымыз! Тәуелсіз Отанымыздың тірегі, тілеуі де солар. Бүгінгі өскелең уақыт талабына сай бойына білім жинақтаған ізденімпаз, бастамашыл, жігерлі жастардан күтер үмітіміз мол. Шүкір, өз алдына құрылған ауданымызда білімді, білікті жастар жетерлік. Олардың дені мемлекеттік қызметтің жүгін абыроймен арқалап келеді. Білім, денсаулық саласында, бюджеттік мекемелерде жемісті жұмыс істеп жүрген жастарымызды көргенде қуанамын. 
– Талғат Ескендірұлы, сырт көздің сыншы екені белгілі. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап өз алдына құрылған ауданның жағдайы қалай болып жатыр екен деп алаңдап жүрген жандар жоқ емес. Бұған не айтар едіңіз?
– Жуырда Кеген аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясында алғаш рет ауданның өткен 9 айдағы қорытындысы туралы есебімді бердім. Оны депутаттар жылы қабылдады. Кейбір деректерді айта кеткім келеді, ауданымыздағы өнеркәсіп саласында биылғы жылдың 9 айында 14 миллиард 191 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 103,1 пайызды құрады. 9 айдың көлемінде таулы өлкемізге 2 миллиард 658 миллион теңгенің инвестициясы тартылып, нақты индекс көлемі 149,4 пайызға орындалды. Осы мерзімде аудандағы ауылшаруашылығының жалпы өнімі 9 миллиард 402 миллион теңгені құрады, жоспар 109 пайызға орындалды. Ауданда 2392 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеуде. Оның ішінде 181 заңды тұлға, 672 жеке кәсіпкер, 1539 шаруа қожалығы бар. Олардың бәрінде 5680 адам жұмыс істейді. Өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өткен 9 айда 1 миллиард 798 миллион теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 374,7 миллион теңгенің салығын құйды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылы мемлекеттік грантқа 10 жоба ұсынылып, одан 3 кәсіпкер 5,5 миллион теңге ұтып алды. Өткен 9  айдың көлемінде 2 миллиард 107 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, нақты көлем индексі 2,3 есеге орындалды.  Аудандағы Кеген, Алғабас, Бөлексаз, Жалаңаш, Жылысай, Ақай, Тасашы, Ұзынбұлақ, Шырғанақ ауылдарында тұрғын үйлерімен біріктірілген полиция пункттерінің ғимараттары салынды. Мұның сыртында көп жылдардан Кеген ауылы тұрғындарының ұсыныс, тілегіне айналған спорттық-сауықтыру кешені ғимаратының құрылысы толығымен аяқталды. Оның салтанатты ашылу рәсімі алыс емес. Биыл ауданымыздағы Бөлексаз орта мектебі,       Ы. Көшкінов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Тағы бір қуана айтатын жақсы дүниеміз бар. Ауданымызда спорт мектебі құрылып, жұмысын жүргізіп келеді. Аталған спорт мектебінің Шырғанақ, Тұйық, Кеген, Қарқара, Бөлексаз ауылдарында филиалдары жұмыс істейді. Бұл спорт мектебі де аудан, ауыл тұрғындарының көп жылдардан айтып келе жатқан ұсыныс, тілектері болатын.
– Бұл жақсы дүние екен. Өңірдегі білім ордаларын кезең келбетіне сай күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары алдағы жылдары да жалғасын табатыны даусыз. Жалпы, білім саласының жайы қалай?
– Ауданымызда 21 орта, 4 негізгі, 7 бастауыш мектеп жұмыс істейді. Өткен оқу жылының қорытындысы жаман болған жоқ. ҰБТ-ға 21 мектептен 358 оқушы қатысты. Қорытындысы бойынша ауданның көрсеткіші 96 балды құрады. Сөйтіп, ауданымыз облыс аудандары арасында 1-орынға көтерілді. Бұл жақсы жетістік. Біз бұл нәтижеден қол үзбеуіміз керек. Оқушыларымыздың заман талабына сай білім алуына баса назар аударуымыз қажет. Мұғалімдеріміз жаңартылған білім бойынша жұмыс істеуде. Аудандағы білім саласының жайына, жас ұрпаққа білім беру ісіне ұдайы көңіл аударып келеміз. Келесі жылы А. Түркебаев, І. Жұмағұлов атындағы орта мектептерді күрделі жөндеуден өткізудің жоба-жоспарлары жасалуда. «Нұр Отан» партиясының жобасы аясында аудан орталығындағы С. Серкебаев атындағы орта мектепте коворкинг орталығы, №3 Кеген орта мектебінде ІТ сыныбы ашылды. 
– Бір сұрақтың орны келіп тұр. Теңіз деңгейінен жоғары тұратын, табиғаты таңғажайып Кеген ауданы болашақта туризмнің  Отанына айналатынына күмәніміз жоқ. Бұған не айтар едіңіз?
– Қуана айтатын жайларымыз бар. Ауданымызда алыс-жақын шетелге дейін танымал айнадай жарқыраған Көлсай ауданның ғана емес, республикамыздың мақтанышы, кең-байтақ қазақ жерінің жауһары. Онда «Көлсай көлдері» Ұлттық табиғи паркі мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Биылғы жылы Көлсай көлінің аумағына 40 мың адам келіп, демалып қайтты. Соңғы үш жылдың көлемінде Жалаңаш ауылынан Көлсай көліне дейінгі жол жасалуда. Республикалық маңызы бар бұл жол келесі жылы толық бітеді. Қазірдің өзінде жол қалыпқа келді, басым бөлігі асфальтталды. Енді алдағы жылдан бастап Көлсай көліне келушілердің саны еселеп артады деген үмітіміз мол. Сөз орайында айта кеткен орынды, Көлсай көлінің басындағы биік қарлы тауларда қар барысы өмір сүреді. Көзге көп көріне бермейтін бұл аң бейнетаспаға түсіп қалған. Кезінде бұл баспасөз беттерінде тамаша жаңалық ретінде жазылды. «Қызыл кітапқа» кірген жан-жануарларымыз ұшырасатын таулы өңірімізде қар барысы да бар деп орнымен сөз етеміз. Соның нышанындай ауданымыздың кіреберісіне қар барысының тұлғасын орнаттық. Биылғы жылы Қарқара өңіріндегі Мыңжылқы жайлауында «Джади Вилла» туристік демалыс орны пайдалануға берілді. Онда туристерді күтетін заманауи қонақ бөлмелері, асхана, ойын залдары бар. Шағын футбол алаңы, монша жұмыс істейді. Мұның сыртында аудандағы Жіңішке өзенінің жағасынан күніне 40 адам қабылдай алатын демалыс орны ашылды. Онда балық аулауға, атпен серуендеуге, саумалмен емделуге болады. Бассейн, басқа да қызмет түрлері көрсетіледі. Мұнда жыл сайын 5 мың адам мәнді де мағыналы демалып қайтады. Аудандағы Жалаңаш ауылдық округіне қарасты Жайдақбұлақ ауылынан жаз маусымында саумалмен емделетін демалыс орны жұмыс істей бастады. Демалыс орнының күн сайын 20 адамға дейін қызмет көрсетуге, демалдыруға мүмкіндігі бар. Таулы өңірдегі Шарқұдық тау бөктеріндегі халықаралық «Хантәңірі» альпинистік лагерінде 5 қазақ үй, 30 шатыр тігіліп, туристерге қызмет көрсетіледі. Жаз маусымында 500 адам қабылдайды. Онда шетелден келген туристерге ұлтымыздың салт-дәстүрін, ұлттық спорт ойындарын көрсету ұйымдастырылған. Жас саяхатшылар клубы, «Айкөне» гимнастикалық спорт үйірмесі жұмыс істейді. Хантәңірі шыңына тікұшақпен саяхат жасау қарастырылған. Біздің ауданның кез келген жері демалыс орындарын ашуға ыңғайлы да лайықты. Шөладыр сияқты емдік қасиеті мол жерлер бар. Қарқара ауылдық өңіріне қарасты Шөладырдың батпақты жылы көліне келушілердің қатары сиреген емес. Маңына шатырын тігіп, тастай көлді, батпағын денсаулық үшін пайдаланатындар көбейіп келеді. Қарқара жайлауы мен Үш Меркінің өңірі де демалып қайтуға таптырмас тамаша жерлер. Сондықтан ауданымыз келешекте туризмнің бір Отанына айналатынына сеніміміз мол. Біздің ауданға сырттан келетін қонақтар, туристер не үшін қызығады? Олар өңірдің көрікті көлдері, ғажайып жерлері, мың түрлі өсімдік әлеміне ғана емес, иісі бұрқыраған дәмді, сапалы, сары қымызына қызығады. Құрт, ірімшік, май, маңыз секілді сүт өнімдеріне аңсарлары бөлек. Орнымен айтуға болады, ауданымыздың тұрғындары, шаруа қожалықтары, жекелеген малшылар жаз маусымында қымыз өндірумен беріле айналысуда. Олардың қатары жыл сайын артып келеді. Әйгілі Қарқараның, Екіаша жайлауының, Шырғанақ пен Жалаулының, Жайдақбұлақ пен Үш Меркінің, Тұйық пен Қарабұлақ, Саты өңірлерінің қымызына сұраныс жетіп-артылады. Ауданда апталап демалып, саумалын пайдаланушылар көп. Өйткені, теңіз деңгейінен тым жоғары жатқан таулы өлкенің топырағы құнарлы, жері шырайлы. Жүз түрлі гүліне толы көк құрағына жайылған биенің сүтінен дайындалған қымыздың берері көп. Осындай өлкеде дайындалатын сүт өнімдеріне де адамдар бекер қызықпайды. Сондықтан жайдары жаз айларында өңірімізден қырмызы гүл мен қымыздың иісі бұрқырап тұрса, таңдануға болмайды. Бұл өлкенің мерейі мен мәртебесі.
– Ауданда күнде бола бермейтін инвестициялық форум өтті. Осы кезде екі жақты бірнеше меморандумға қол қойылды. Өңір  болашағын көздеген осынау игілікті шаруа жөнінде айта кетсеңіз?
– Айтуға болады. Ауданымыздан түрлі-түрлі жобаларымен келіп, жұмыс жасасақ дейтін азаматтар көбейіп келеді. Біз бұған, әрине, қуанамыз. Соның бір белгісіндей, ауданда инвестициялық форум өтті. Сол арқылы ойда жүрген бірсыпыра шаруаларымыз сәтімен шешімін тапты. Атап айтқанда, «Park Canyon» ЖШС Шарын өзенінің бойынан ойын-сауық паркін салудың жоба-жоспарын жасап отыр. Мұнда 40 адамға арналған қонақүй тұрғызылады. Ұзындығы 600 метр болатын үш аспалы көпір салынады. Сол арқылы 50 адам жұмыспен қамтылып, жылына 7-8 мың адамға қызмет көрсету жоспарлануда. Аталған нысанға 500 миллион теңге инвестиция тартылмақ. «AIcor Energy» ЖШС Кеген ауылынан қуаттылығы 10 мвт. жел электрстансысын салуды жоспарлап отыр. Жобаға 3300 миллион теңге инвестиция тартылады деп күтілуде. Аталған серіктестік бұдан бұрын Қапшағай қаласында, Еңбекшіқазақ ауданында жел электрстансысын салған. «Тұздыбастау» ЖШС «Шөл-Адыр» атты жобасын жасап, Қарқара өңірінен ас тұзын өндіруді жоспарлап отыр. Жобаға 2019-2020 жылдары жалпы көлемі 500 миллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. Өндіріс орны іске қосылғанда 50 адам жұмыспен қамтылады. Сапалы ас тұзын Ресейге, Қытайға, Қырғызстанға экспорттау жоспарланып отыр. Аталған форумда осындай-осындай бірнеше жобалар үшін екі жақты меморандумға қол қойылды. Келесі жылдан бастап қолға алынатын бұл шаруаларды аудан үшін үлкен жақсылық әрі жаңалық болатыны даусыз.
– Кеген ауданы ежелден төрт түлік малымен өрісін толтырып, ырысы мен берекесін кіргізіп келе жатқан аймақ. Мал тұқымын асылдандырмай, оның жайы жақсармайды, берері артпайды, берекесі кірмейді. Бұған не айтар едіңіз?
– Дұрыс айтасыз. Бұл бағытта ауыз толтырып айтар дүниелеріміз баршылық. Сөз орайында айта кетейін, ауданымызда ірі қара 57848 басқа, қой-ешкі 207265 басқа, жылқы 33795 басқа жетті. Өңірде 8 асыл тұқымды шаруа қожалықтары бар. Төртеуі  ірі қара мен төртеуі қой шаруашылығы. Ауданда ет бағытындағы Герефорд, «Әулиекөл», «Абердин-Ангус» асыл тұқымды ірі қаралары өсірілуде. «Кеген-Агро», «КазМясо», «Көлсай құрылыс» ЖШС асыл  тұқымды бұқашықтар сатумен айналысып келеді. «МПС» ЖШС Бөлексаз ауылының маңынан 3000 бас ірі қара бордақылайтын алаңды іске қосып, жұмысын жүргізіп келеді. Олар өткен жылы 800 тонна ет өндірді. Биыл мал бордақылау алаңына қосымша 1000 бас ірі қара сатып алынды. «КазМясо» ЖШС «Абердин Ангус» атты ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара өсіруде. Олар 3000 бас іріқара бордақылайтын кешен құрылысын іске қосты. 
– Аудандағы мәдениет саласы туралы да әңгімелей кетсеңіз?
– Қазақстанның Халық әртісі Есмұхан Обаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Рамазан Стамғазиев, Нұрғанат Жақыпбаев, Ермұрат Үсенов секілді өнер иелері шыққан өңірдің болашағы кемел, шығар биіктері алда. Ауданымызда Кеген халық театры жұмыс істейді. «Ереуіл» халықтық этнографиялық ансамблі, Кеген балалар өнер мектебі бар. Жалаңаш, Алғабас, Бөлексаз, Ақай, Қарқара, Саты секілді ауылдарымызда әжелер ансамбльдері құрылған. Кеген ауылындағы өлкетану музейінің де орны бөлек. Биыл жаз маусымында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының және Кеген аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ұлы Дала елінің қонақжай қасиеті» атты қымызмұрындық мерекесі болып өтті. Алғабас ауылдық округінде Керейқұл бабамыздың ескерткіші орнатылды. Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ауданымыздағы Саты өңірінде «Туған жерім – тұғырым!» атты кәсіпқой суретшілердің халықаралық пленері өтті. Осылайша Көлсай, Қайыңды көл, Меркі өңірлерінің тамаша табиғатының әсем жерлері бейнеленген суреттердің ең үздік туындылары облыстық көркемөнер галереясының негізгі қорына экспонат ретінде сақтауға алынды.
– Талғат Ескендірұлы, бүгінгі сұхбатымызды немен түйіндер едіңіз?
– Тарихи құндылығына толы Кеген ауданы қайта құрылды. Жұмысымыз көп, алға қойып отырған жоспарлы дүниелеріміз де аз емес. Ауылшаруашылығы саласын кезең келбетіне сай дамыту міндеті тұр. Алдағы уақытта өңірдегі білім, денсаулық салаларының да жағдайы жақсара түсетін болады. Туған жер – тұғырымыз! Ауыл – алтын бесігіміз! Жүрегімізге нәр берген, қиялымызға қанат бітірген қасиетті өлкеміз уақытқа орай гүлденіп, түрлене берсе, ойымыздың орындалғаны. Біз сол жолда сан-салалы жұмыстарымызды жүргізе беретін боламыз.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген 
Қанат БІРЖАНСАЛ