ҚАРАТАЛДЫҢ ҚАРАШАСЫ

Уақыты: 24.11.2018
Оқылды: 1958
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

    Қазақ балаға ат қоюға шебер-ақ. Ата-анасы сәбиінің есіміне армандарын жүктейді. Бай болса, бек болса деп жалғау жалғайды. Баршамыздың атымызда бабаларымыздың үміті мен арманы бар. Ал Қараша Қараманға алтын күздің ырысын берсін деп тілек артқан шығар. Аты айқайлап тұрған соң мен туған жеріме өлкетанушы қаламгер сыйлаған күз айына да, Сыр өлкесінің Қазалысына да риза болып, қолыма қалам алдым. Бұл мақалаға дарынды қаламгердің шығармашылық табысын ғана арқау еттім. Биылғы мерейлі туған күнін Қарекең шығармашылық табыспен қарсы алды деп жаһанға жар салғым келді-ай. Қанша дегенмен ол шәкірт те, мен ұстазбын ғой...

 
   Қараша айында өткен ауданымыздың 90 жылдық торқалы тойында журналист Қараша Қараманның Асхат Өмірбаевпен бірігіп жазған жаңа кітабы «Айналайын атыңнан, Қараталым» оқырманға жол тартты. Тақырыбының өзі туған жерге деген ғажайып сүйіспеншілікті баяндап тұрған жаңа туынды соңғы 10 жылдың тарихи деректі сыр-шежіре жинағы.  
   Елімізге танымал қарымды қаламгер Қараша Қараман руханият әлемінде тағы бір биік белеске шықты. Кезекті шығармасымен мерейтойға рухани үлес қосты. Жерлестерімізге тамаша кітап  сыйлады. Бұл туған жерін сүйетін әрбір қараталдыққа арналған  рухани құнды қазына. Ақиқатында менің мақтан тұтатын жұлдызы жанған тағы бір шәкіртім бар. Ол Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін.  
Талантты қаламгер, ғибратты журналист өлкеміздің барлық мерейлі тойларына ерекше үлес қосып, танымал болды. Әулие  бабаларымызға кесене тұрғызылғанда құрылыстың басы-қасында жүріп, тағылымдық мақалаларын облыстық, республикалық басылымдарда жариялады. Өлкемізде  жерленген 18 әулиенің түгенделуінде де Қарекеңнің үлесі зор. Олардың әрқайсысы жөнінде мәлімет жинап, кітапқа енгізді. Шығармашылықпен еркін шұғылдану үшін ол аудандық газетке бас редактор болудан да бас тартқан азамат. Бұған мен куәмін. Енді айғақтар сырына көз жүгіртіңізші:
1999 жылы «Дәуір» баспасынан  «Қаратал күндіз  – күміс, түнде – алтын» деген тарихи деректі кітабы жарық көрді. Ол 1928 жылдың 17 қаңтарында құрылған Қаратал ауданының 70 жылдығына арналған еді. Кітаптың тақырыбы қанатты сөзге айналып кетті. Оны Қарекең қайдан алды дейсіз ғой. Тарихтан. От ауыз, орақ тілді ақын жерлесіміз Артық Жексембекұлы  «Зорлыққа зауал» деген дастан жазған. Сонда құт-береке дарыған өлкемізді:
Қаратал  күндіз – күміс, 
түнде – алтын,
Лебінен ескен мәңгі самал 
салқын.
Жерұйық Жетісудың бір өзені,
Нәрімен жарылқаған туған 
халқын.
Бастау алып ағатын Текеліде, 
Туыпты Бақтыбайдай 
дүлдүл ақын.
Сол жағында Ешкіөлмес, Қусақ, 
Шұбар,
Қабан бабам батамен таққан 
тұмар.
Есекең, Бапекеңдей аруақтар, 
Куә боп бұған мәңгі 
жатқан шығар, 
– деп перзенттік сүйіспеншілікпен жырға қосқан.  
   2008 жылы Қараша Қараман «Қасиетті Қаратал» атты тарихи-танымдық деректі кітап жазып, баспадан шығарды. Ол Қаратал ауданының құрылғанына 80 жыл толған мерейтойға арналған еді. Сол тойда аудан әкімінің шешімімен Қарекеңе  және осы жолдардың авторына «Қаратал ауданының Құрметті азаматы» деген атақ берілген  болатын. 
Қаламгердің өңірімізде жарқын із қалдырған тұлғалары Мақсат Рақымбаев жайлы «Адалдықтың арда ұлы», Асылбек Пұсырманов туралы «Текті ұрпақтың телқоңыры», Әбдіхалық Жайлығұловтың өнегелі өмірінен «Ақиық Азамат» атты кітаптар жазды. Ал Қарымбай әулие жайлы «Ақылмен хан төрені бағындырған», Сыр шайыры «Қарасақал Ерімбет» кітаптарын оқырман өте жоғары бағалаған.  
«АЙНАЛАЙЫН АТЫҢНАН, ҚАРАТАЛЫМ!» автордың ауданымыздың торқалы тойына арналған үшінші тарихи-танымдық деректі шығармасы. Бұл кітаптың атын да автор Артық ақынның өлеңінен алыпты.    
Ол 1976 жылы Қаратал аудандық «Коммунизм жолы» газетіне Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп жолдамамен келді. Сыр өңірінің тумасы. Газеттің бас редакторы мен едім. Сабырлы да салмақты жігіт талантты екенін бірден танытты. Кейін бас редактордың орынбасарына тағайындалды.
   1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ кадрларын қудалау асқына бастаған шақта Қарекең кабинетке келіп бір қызық сұрақ қойды.
– Апай, Ескелді әулие жөнінде мақала жаздым. Газетке баса аласыз ба? Қорықпайсыз ба? – десін.
   Бұл жабық тақырып болатын. Коммунистік партия дінді мойындамайтын. Құдайсыз қоғам еді. Мен сол дәуірдің қызыл империясының қазақ және орыс тілдерінде шығатын аудандық газетінің бас редакторымын. Коммунистпін. Ал Қарекең – бастауыш партия ұйымының хатшысы. Жаным қиналды. Газеттерді цензор оқып отыратын. Аталардың аты да аталмайтын. Құран оқыту да – күнә саналатын кез. «Жас жігіт қорықпағанда мен неге жасқанамын? Ол өз басын қатерге тігіп отыр ғой», – деп  өзімді қайрадым. 
   Біз – әулиелердің ұрпағымыз ғой. Үш ғасыр бойы бабаларымыз  рухына тағзым етіп, бейітін көздің қарашығындай сақтап келеді. Ерлігін аңызға айналдырып ауызша жырлап келеді деп мақаланы қайта-қайта оқығаным есімде. Ұрпақтар парызы өтелген жоқ қой. Аталар жайлы аңыз санамызда тағы жаңғырсын! Алла жар болсын!
ХIII ғасырдың басында Жоңғар шапқыншылары жерімізге шабуыл жасап, уақытша жаулап алған екен. Сарбаздар ұрыс сала отырып, ел-жұртын Қаратау мен Сыр бойына апарған. Кейін Абылай ханның басшылығымен үш жүздің сарбаздары Жоңғар басқыншыларын туған жерден қуып шығады. Содан кейін әулие бабаларымыз Ескелді, Балпық, Жолбарыс,  Қарымбайлар ел-жұртын атамекеніне бастап әкеледі. Біз сол жұмақ жерде өмір сүріп, өсіп-өніп, ұрпақ өсіріп жатырмыз. Тарихи шындықты жастар да білуі керек деп батыл шешім қабылдадым.
– Қареке, мақаланы газетке жариялаймын. Бабалардың рухы екеуімізді қорғайтын шығар, – дедім.
Облысты Ануфриев, ауданды Кузнецов билеп тұрған кезде Қарекеңнің мақаласын рухани ерлікке балап, қазақша газетке  жариялап жібердік. 
   Ғажап-ай! Бабалар рухын асқақтатқан 8000 тиражбен тарайтын газеттің бірде-бір оқырманы, «қырағылар», облыстық, республикалық цензорлар оқыды, шу шығармады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ю. Кузнецов мырзаға хабарлай алмады. Қарекең – Ескелді бабамыздың ерлігін сескенбей жазған тұңғыш журналист еді. Оны коммунистік газетте бірлесе жариялап жібердік. Міне, шындық!
Қаратал ауданын «Әулиелер өлкесі», «Қасиетті Қаратал» деп тегін атамайды. Шынында да қараталдықтар – әулиелер ұрпақтары. Бізге бірде-бірі сатқындық жасамады. Үш әріпке ұстап бермеді. Сол үшін мен жерлестеріме мәңгілік ризамын. Біз өзендер өрнектеген өңірдегі Ұлы Дала ұландарын жырлап келеміз, әлі де жырлай береміз. Қалам қуаты сарқылмасын!
   Ескелді баба туралы мақала Қараша Қараманның  шығармашылық жемісті еңбегінің бастауы болды-ау деймін. Талантты журналист ел тарихын, жер тарихын зерттеуге құлшына кірісті. Қараталдың өткені мен бүгіні,  бабаларымыздың даналығы мен өсиеттері, ерлігі төл тақырыбына айналды. Өлкетанушы атанды. Қаратал ауданының Құрметті азаматы деп бағаланды. Халқымыз оны «Қараталдың Қарашасы» деп атайды. Шынында да Қарекеңнің бойында да, ойында да тылсым қуаттың күші бар. Таланттың өзі Құдай сыйы ғой. Оның үстіне Қарекең отбасында да бақытты адам. Жан жары Айзада екеуі Ақмарал, Асқар, Ғабиден атты үш бала тәрбиелеп өсірді. Үшеуі де жоғары білім алып, еңбек етіп жүр. Қазір бес немере – атасы мен әжесінің қуанышы.
   Еліміздің, жеріміздің үш ғасырынан тарихи шежірелі  шығармалар жазып, өмірден өткен жарқын тұлғалар жайлы ой толғап, естеліктер тудырып, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырып, жерлестеріміздің алғысына бөленген Қарекеңе мен шығармашылық табыс тілеймін. 70-ке желпінбей жеттің, 80-де серпінді бол, 90-да тоқырама. 
Туған күнің құтты болсын, Қараталдың Қарашасы! 
 
Мәкен ӨСЕРБАЕВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі