НАРЫНҚОЛДЫҢ АҚСАҚАЛДАРЫ НАЗАРБАЕВҚА РИЗА

Уақыты: 29.11.2018
Оқылды: 1808
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бой көтерген кәсіпорындар саусақпен санарлық еді. Соның бірі – «ВТК GROUP» компаниясының кірпіш зауыты. Бүгінгі таңда тұтынушылары оны заманауи зауыт деп атайды. Кәсіпорын табыс биіктеріне бір күнде көтерілген жоқ. Жиырма жылдықтың сындарлы белестерінен сүрінбей өтті. Осының бәрі  мемлекетіміздің отандық бизнеске қолдау көрсетуінің нәтижесі. Бұл туралы аталған компанияның президенті, облыстық мәслихат депутаты Тоқан БОТАБЕКОВ әңгімелеп, оқырмандармен ой бөлісті.

 

– Тоқан Көкенұлы, еліміз Тәуелсіздіктің жиырма жетінші жылын қарсы алғалы отыр. Ал өзіңіз басқарған кірпіш зауытының бой көтергеніне де жиырма жыл болыпты. Бұл оқиғалардың әсерін қалай сезінесіз?

– Әрине, компаниямыздың осындай дәрежеге жеткені ең алдымен Тәуелсіздіктің арқасы. Өтпелі кезеңдер ішінде небір қиындықтармен бетпе-бет келдік. Бірақ соған мойымай бәрін жеңдік. Өйткені Тәуелсіздікке деген сенім, намыс пен жігер бойымызға күш берді.

Бір сәт өткен күндерді еске түсірейін. 80-ші жылдары Мәскеудегі С. Орджоникидзе атындағы басқару институтын бітіріп Алматыға келдім. Ол уақытта ұлттық кадрлар тым аз еді. Сол кезде Алматы құрылыс тресіне қарасты «СМУ-37-нің» бастығы Амандық Баталовтың қарауында жұмыс істедім. Шалбай Құлмаханов, Мұхаметжан Кәрібаев, Амангелді Ермегияев, Таңатар Сұлтанбеков секілді майталман мамандарды мақтан еттік. Бұл шоғыр бір-біріне жақын, тату-тәтті, іскер және еңбексүйгіш еді. Ол кісілерге еліктедік, іс-әрекеттерін өзімізге үлгі тұттық.

Облыс әкімі Амандық Баталовты әлі күнге дейін өзіме тәлімгер санаймын. Талдықорған қазір жаңа тұрпатқа ие болды. Қаладағы сәулетті сарайлардың келбетіне сүйсінесің. Жастар саябағы үлкен демалыс орнына айналды. Жаңа театр ғажайып көркімен көз тартады. Айта берсек мұндай жарқын мысалдар аз емес. Ал зауытқа келсек, ол жиырма жылдың ішінде қанатын кеңге жайып кемелденді. Өнімдерімізді Алматы, Жамбыл облыстары тоқтаусыз алып жатыр. Сонымен қатар көршілес елдерге де экспортқа шығуда.

– Қазақта нартәуекел деген сөз бар. Мұны сенімін сертке ұстаған жандардың өзін-өзі қайрауы деп ұғуға болады. Бұған не дер едіңіз?

– Өз шамасын біліп, өзіне өзі сенгендер ғана тәуекелге барады. Ал мүмкіндігін дұрыс  өлшемей жасалған құр тәуекел  тәуекелге жарамайды. «Бір-ақ секіріп шығам деп мертігеді, жатады» дегенді Абай атамыз бекерге айтқан жоқ.

Біз де өз кезінде нартәуекелді қолдандық. Бұл әрекетке он ойланып, жүз толғанып барып кірістік. Кеңестік жүйе тараған соң бәріміз жұмыссыз қалдық. Екі қолға бір күрек табылмай абыржыдық. Бүгін оның бәрі ертегі секілді. Солай қиналған кезде жинаған тәжірибелеріміз босқа қала ма дедік? Осыдан кейін кәсіп ашу туралы идея санамызда қылаң бере бастады. Ілгеріде құрылыс жұмысына кірпіш үнемі жетпей жататынын байқаушы едік. Неге бұлай деген сұрақтарға талай рет жауап іздедік. Екіншіден, қоғамға аса қажетті сала – ол құрылыс саласы. Осындай негіздерге табан тірей отырып өз ойларымызды тереңнен сараптадық. Айналып келгенде мәселенің бәрі қаржыға тірелді. Оның да амалын таптық. Бұрын Мәскеуде қатар оқыған Олег Гайдин, Берік Дәрменбаев, Жомарт Райымжанов секілді жігіттермен ақылдаса келіп саудагерлікті қолға алдық. Түркия, Қытай, Германиядан түрлі тауар тасымалдап, базар сөресіне шығардық. Нәтижесінде қалтамызға қаржы түсе бастады. Осының бәрі тәуекелден туған әрекеттер еді.

– Ал зауыт жасаудың алғышарттары қай жерден және қай кезден қаланды?

– Кезінде М. Түймебаев деген көпсалалы кеңестік шаруашылық болды. Сол ауылда біраз құрылыстың керегесі қаланып, кейін олар бос қалған. Қаңыраған ескі үйлерді ешкім керек етпеді. Осы жайды естіп елең еттік. Барып жағдайды өз көзіммен көрдім. Жер телімдері жеткілікті екен. Тұрған аймағы да ыңғайлы. Жақын маңнан шикізаттың табылатынын аңғардық. Су көздерімен қамтамасыз етілген.

Дереу жер телімдерін сатып алып, құжаттарды түгендедік. Ең алдымен, жұмысшылар күшін жасақтадық. Қажетті құрал-жабдықтарды іздеп таптық. Алайда бір мәселе бізді тұйыққа тіреді. Кірпіш зауыты үшін технологияны білетін мамандар тапшы болды. Сұрастыра отырып Боралдай кентінен зейнеткерлікте жүрген Николай Задорновты, бұрынғы инженер Анатолий Трофимовты кездестірдім. Олар ұсынысымызды қуана құптады. Сол қариялар жастарды өздеріне ұқсаған бірегей маман етіп тәрбиеледі. Сөйтіп 1998 жылы алғашқы кірпіштеріміз зауыт алаңынан құрылысқа қарай жол тартты. 

– Заманауи зауыттарыңыздың қазіргі қарқыны қалай?

– 2015 жылдан бастап қазіргі заманға лайықталған жылу блоктарын шығаруды қолға алдық. Жұмыстарды әлемдік технологияға сай етіп ұйымдастырдық. Соның арқасында өнімдеріміз сапалы және қолжетімді. Зауыттағы қондырғылар жаңа әрі еуропалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жұмыс істеу үдерісі толықтай автоматтандырылды. Кірпішке қажетті шикізаттың дені өз жерімізден. Құмды  Қапшағайдан, әкті Түркістан облысынан, цементті  Өскеменнен, гипсті  Жамбыл облысынан әкеледі. Тек алюминий ұнтағын ғана Ресейдегі Екатеринбург қаласынан аламыз. Осылардың бәрі кірпіштің өзіндік құнын арзандатады. Қазір компанияда 100-ден астам жұмысшы бар. Бәрі жұмыспен тұрақты қамтылған. Олардың әлеуметтік жағдайлары басты назарда. Айлықтары қомақты. Жайлы жатақханалармен қамтамасыз етілген. Үш уақыт тамақ арзандатылған бағамен беріледі. Бәрін іскерлікке баулып ынталандырамыз. Озат жұмысшыларға арналған сыйлығымыз да, көмегіміз де аз емес.

– Сіз меценат ретінде де жақсы танымалсыз. Жақында Нарынқолдың кіреберісіне қақпа жасағаныңызды жұрт қуана айтып жүр. Соны тарқатып әңгімелеп берсеңіз.

– Оның мәнісі былай. Барша ағайын секілді Нарынқол үшін мен де қуандым. Өйткені оның көшелерінде балалық шағымның іздері сайрап жатыр. Осы өлкеде ат жалын тартып мініп, арманның ақ жолына аттандым. Туған жердің самалын иіскеудің өзі бір бақыт. Облыстық мәслихаттағы әріптестерім Нарынқолдың кіреберісіне қақпа жасау мәселесін көтерді. Оған өз үлестерін қосуға дайын екендерін білдірді. Бастамашыларға риза бола отырып, өз пікірімді баяндадым. «Егер сіздер келіссеңіздер, Нарынқолдан шыққан перзент ретінде осы істің барлық жауапкершілігін өз мойныма алайын» – дедім. Сөйтіп жұмысқа белсене кірістік. Алдымен конкурстық жүйе бойынша жобаны таңдап, ең үздігіне тоқталдық. Биіктігі мен енін қалыптасқан стандарттан артықтау етіп үлкейттік. Шөп таситын көліктердің еркін өтуін, топтап мал айдағанда ыңғайлы болуын ескердік. Материал таңдағанда ең қымбат темірлерге тапсырыс бердік. Белгілі температурамен қыздыру арқылы оған бояу сіңірдік. Көлемі шағын болғанымен ол да құрылыс. Жұмысқа керек барлық техниканы өзім басқарған кәсіпорыннан алдырдым. Бәрі бір апта ішінде ойдағыдай аяқталды.

Қақпаның төбесіне және жақтауларына самсатып диодты шамдар орнаттық. Жүйе күн энергиясынан қуат алады. Ең бастысы, құрылыс ұзақ жылдар бойы жөндеуді қажет етпейді. Ауданның қайта ашылғанына мерейленген Нарынқолдың ақсақалдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дән риза. Мемлекет басшысының тапсырмасын ойдағыдай орындап жатқан облыс әкімі Амандық Баталовқа өздерінің ыстық сәлемдерін жеткізуді сұрады.

– Рухани жаңғыруға үлес қосу арқылы жерлестеріңізді бір қуанттыңыз. Бұл игі іс Нарынқолдан шыққан кәсіпкер ағайындарға ой салатыны анық. Демеушілік туралы әңгімені бастаған екенбіз, ары қарай жалғастырайық. Іле ауданы үшін де атқарған істеріңіз аз емес шығар? 

– Әрине, бұл өңір кәсіпкерлік өмірбаянымның куәсі. Оның үстіне депутаттық мандат берген сайлаушыларым осы аймақта. Жақында ауданның 90 жылдығы мерекеленді. Жас ұрпақ әкелердің өткен өміріне, ел тарихына қанықты. Осының бәрі көркем баяндалып, танымдық кітапқа шоғырланды. Шығармашылық іс «Өлкетану» бағдарламасына сәйкес жүзеге асты.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Өтеген батырға арналған еңселі ескерткіш ашылады. Жоғарыда айтылған танымдық кітап мектептер мен мекемелерге тегін таратылады. Сол сияқты Төле би ауылында жаңа мешіт құрылысы аяқталуға жақын. Осы шаралардың бәріне демеуші болған біздің компания.

– Бәрекелді! «Алғыспенен ер көгереді, мейірім мерейді арттырады» деген осы. Атымтай жомарттық – атадан қалған асыл дәстүріміз. Облыстық деңгейдегі қайырымдылық акцияларына қатысқан кездеріңіз болды ма?

– Талдықорғанда «Қазақстанның ең үздік әлеуметтік жобалары» негізінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында байқау өтті. Осы шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев демеуші болуымды сұрады. Бұл әңгімені естіген кезде ерекше толқыдым. Мүгедек жандардың кәсіптегі ерен істері ерліктен кем бе?! Тіршіліктен түңілмей, өмір үшін күресу кез келгеннің қолынан келмейді. Сондықтан байқауды барынша қолдауға, озып шыққандарға өз қолыммен марапат ұсынуға қуана келістім.

Үш адамды жарыстың жеңімпазы деп таныдық. Алды бір миллион теңге көлеміндегі жүлдені иеленді. Ол Нұрболат Қарабасов атты талдықорғандық жігіт еді. Жүлдегерді жаныма жақын тартып мейірлене құшақтадым. Оның көздерінен жарқылдаған от ұшқындарын көрдім. Жігіттің бойында Ұлы Даланың ұлдарына тән қайсар мінездің бар екені байқалып тұрды. Әттең, он екі мүшесі сау емес! Алайда осы қалпының өзімен-ақ замандастарынан кем қалмаған. Осы Нұрболаттар өздерін өздері асырап қана қоймай, біраз адамдарға жұмыс тауып беріп отыр. Мен оларды бүгінгі күннің батырларына балар едім.

– Енді бір сұрақ, біз қашанда халқымызды мақтан етеміз. Бірақ  кейде  қандастардың әбес қылығы үшін ұялатын жайлар болады.  Сондай сәтті бастан кешірдіңіз бе?

– Өмір болған соң бәрі кездеседі. Кейде қуанасың, кейде ренжисің. Ата салтымызға деген немқұрайдылықты да көресің.  Мұндай қылық әсіресе қазіргі жастардың арасында кездесіп жатады. Соның бір мысалына тоқталайын. Бірде Дубайға бардым. Әуежайда жүргендердің дені өзіміздің қаракөздер екен. Солардың ішінде таныс тұлғаны көзім шалды. Атақты актер Асанәлі Әшімов ағамыз бала-шағасымен бірге тұр. Ал біздің жас жігіттер аты аңызға айналған актермен амандасуға жарамады. Олар «Сәлем – сөздің анасы» дейтін салтымызды білмейтін секілді. Бәрі көрмегенсіп үлкен кісінің қасынан өте шығады. Сонда қазақы тектілігіміз қайда деген бір сұрақ мені мазалады. Өзіңнен-өзің ұялады екенсің. Жүгіріп барып ағамен амандастым. Шетелде көріскеннің әсері қандай! Туған бауырмен табысып жатқандай күйдеміз. Жаны жадырап ерекше қуанды. Ағамыз еш нәрсеге зәру емес. Ол кісіде бәрі бар. Жетпей тұрғаны қазақы көңіл ғана!

– Депутаттық міндеттеріңіз туралы не дер едіңіз?

– Депутаттық – мансап емес, кәсіп те емес, ол – халыққа қызмет етудің биік сатысы. Жұрттың қалауы саған түскен соң көпшіліктің сөзін сөйлейсің. Кәсіптің әр минуты қымбат, уақыт тапшы деуге хақымыз жоқ. Биліктегі азаматтармен біріге отырып көпшілік шаралардың ойдағыдай орындалуына атсалысасың. Мәселен, соңғы екі жылда ауданда жаңадан тоғыз мектеп ашылды. Құрылыс үшін бюджет қаржысынан үлес алу оңай шаруа емес. Депутат халықтың ұсыныс-пікірлерін билікке жеткізе отырып, оны заңды дәлелдеуі керек. Үш ауысымдық мектептер мәселесі де кезегін күтіп тұр. Оңтайлы шешімдердің табылуына ықпал етіп жатырмыз.

Аудан орталығында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы негізінде 28 және 38 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыстық мәслихаттың сессиясында әкім Амандық Ғаббасұлы үй алушыларға көмек ретінде алғашқы 20 пайыздық қаржының жартысын қазынадан төлеуге шешім шығарды. Осындай игілікті істер іске асса, оған ең алдымен депутат қуанады.

– Аз әңгімелессек те көп жайға қанықтық. Енді бізге ұшқан ұяңыз бен әулетіңіз туралы әңгімелей кетсеңіз.

– Әкем Көкен Ботабекұлы Нарынқолдағы орман шаруашылығы мекемесінде қызмет істеді. Анам Күлшархан үй шаруасымен айналысты. Қазір ол кісілер ортамызда жоқ. Аруақтарына бағыштап Құран оқимыз. Ал зайыбым Ләззат менің сүйенішім және ең бірінші кеңесшім. Біз кезінде қаладағы қарапайым ғана пәтерде тұрдық. Асқақ армандарымыз Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асты. Қазір соңымызға қарап қуанамыз. Өйткені білімді әрі жігерлі қазақтың жастары өсіп келеді. Олар бізден де мықты кәсіпкерлер болады деп сенемін.

Мұхтар және Олжас атты екі ұлым бар. Оларға ырымдап үлкен адамдардың есімдерін қойдық. Балаларым да, келіндерім де тәрбиелі. Ұлдарым шетелде оқып жоғары білім алды. Өзімнің жолымды қуды. Мен ең бірінші балаларым мен немерелерімнің амандығын тілеймін.

– Міне, алпыс үшті де еңсересіз. Бұл биіктен қарағанда нені көресіз? Сұхбатты осы түйінмен қорытындылайық.

– Өмірдің барлық белесі қызық. Оның ішінде алпыс үштің биігі өзінше. Бұл қариялықты қабылдайтын кезең. Қария болу – ақылға дария болу деген сөз. Кешегі аталарым мен әкелерімнен алған тәлімді ұрпақтарыма дарытсам, ол – мен үшін үлкен олжа. Осы арқылы рухани жаңғыруға үлес қосамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Болат МӘЖИТ