БАБА ТАРИХЫН БІЛМЕУ - ҮЛКЕН СЫН

Уақыты: 29.11.2018
Оқылды: 1214
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақта «Жеті атасын білмеген жетесіз»  деген сөз бар. Бұл бекер айтылмаған, мәні мен мағынасы терең нақыл. Түсінген адамға бірден ой салары сөзсіз. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы мен қазақпын дейтін кез келген жанды бейжай қалдырмасы анық.

 

   Елбасы бұған дейін де ел дамуына тың серпін беретін бастамаларды халық назарына ұсынған. Тарих жылы, Мәдениет жылы, Ауыл жылы және тағы басқа да бағдарламалар ұсынып, елімізге ортақ мәселелерге елдің ерекше мән беруін және осы бағыт жөнінде әр адамның ішкі ерекше толғанысы мен өз пікірін білдіруге деген ынтасын арттырды.
   Келесі жылы қаңтар айынан бастап  «Жастар жылы» деп белгілеуі де бекер емес. Бұл мәселе де зор жауапкершілікпен қарауды әрі жастардың ресурстарын халық игілігіне тиімді пайдалануды және  өз проблемаларын өздерімен бірлесе отырып шешуді көздейді деп ойлаймын.
  Бір кезде қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы шынында да тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерделеуге байланысты біршама іс атқарылды. Әйтсе де бабаларымыздың өткен кезеңдегі ерекшелігі мен өмір жолдары жөніндегі деректер толығымен ашылмай қалғаны белгілі.
   Былтыр ғана Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрді. Бұл бағытта біздің облыста біршама ауқымды шаруа атқарылды. Арнайы құрылған топ экспедиция құрамы облыстағы аудандар мен қалаларды қамтып, үш бағытта жұмыс жүргізді.
   Барлық кезеңде сол өңірдің тарихи деректері, экономикасы, мәдени даму жолдары, тағы басқа да ата-баба өсиеттері мен өнегелерін дәріптейтін материалдар жарияланды. Облыс орталығында жаңадан Рухани жаңғыру орталығы ашылды және  осы мәселеге байланысты бағдарламалардың сол орталықтан бастау алуы дәстүрге айналды.
   Енді, міне, күні кеше ғана жарық көрген Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы болды. Сөз басында «Жеті атасын білмеген жетесіз» дегенді бекер айтып отырғанымыз жоқ.  Осы жерде туып, осы елдің перзенті бола тұра өзінің өткен ата-баба тарихын білмеу үлкен сын. Сондықтан Елбасының бұл мақаласы нағыз елін сүйген азаматтың ісі. Әрі тарихты жақсы білетіндігі мен батылдығы деп есептер едім. Әрине, осындай бастамалар өзін қазақпын, қазақстандықпын деп жүрген әрбір азаматтың көңілінен шығады деген сенімдемін.
   «Ұлы Даланың жеті қыры» – Президентіміздің өте тартымды, түсінікті етіп жалпы адамзат тарихының даму жолымен ұштастыра отырып, ұтымды жазып көрсете білген туындысы. Тіптен, тарихтан хабары жоқ деген күннің өзінде де мақаланы оқып отырып өзінің Ұлы Дала перзенті екенін түсіне, сезіне білетіндей ерекше сезімде болатыны хақ.
  Мақала халық арасында тереңде жатқан тарихи мұраларымызды жандандыруда зор серпіліс туғызады.

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
облыстық ардагерлер 
кеңесінің төрағасы