ПАТРИОТИЗМ БАСТАУЫ

Уақыты: 29.11.2018
Оқылды: 1032
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің ұйымдастыруымен «Достық үйі – Қоғамдық келicім орталығында» Тұңғыш Президент күніне арналған «Елім деп соққан жүрегі» атты форум өтті. Форум аясында патриоттық әндер байқауының гала-концерті көрермен назарына ұсынылды.

 

   Шараның алғысөзінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Сәуле Сұрабалдинова:
– Қымбатты қонақтар, баршаңызды шын жүректен атаулы мерекемен құттықтаймын. Қазақ халқының қонақжайлылығында шек жоқ. Қиын-қыстау кезде әртүрлі ұлт өкілдері жерімізді паналап, бүгінде тамыр жайып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалымен көпұлтты мемлекетіміз бір мүддеге сай тату-тәтті, бейбіт күнде өмір кешуде, – деп жылы лебізін білдірді.
   Мінберге көтерілген облыстық «Туган  тель» татар этномәдени  орталығының төрағасы Руслан Валишанов құттықтауын жеткізсе, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 2-курс білімгері, облыстық өзбек этномәдени орталығының мүшесі Суннатилла Камолиддинов жыр шумақтарын оқыды.
  Жылдағы дәстүрге сай форум «Елім деп соққан жүрегі» атты VІІ патриоттық әндер байқауының гала-концертіне ұласты. Өнерпаздар дәстүрлі және эстрада әндерін жанды дауыста орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Байқауда аудан, қалалардан іріктелген өнерпаздар бақ сынады. Нәтижесінде, «Аспапта орындап, ән айту» номинациясы бойынша Қапшағай қаласынан келген Саян Майнағашев 1-орынды жеңіп алса, жамбылдық Ғибадат Тұрғалиев 2-орынға табан тіреді. Ал Көксу ауданының әншісі Заманбек Болатбекұлы 3-орынды қанағат тұтты. Вокал номинациясы бойынша Кербұлақ ауданынан Мәулеш Әбжапаров 1-орынмен, Қарасай ауданынан Рақымқаш Жарқын 2-орынмен, Жамбыл облысынан қатысқан Әнуар Сембаев 3-орынмен марапатталды. Жеңімпаздаздарға бағалы сыйлықтар мен Мақтау қағаздары табысталды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ.