САЗ МЕКТЕБІ ЕСІК АШТЫ

Уақыты: 04.12.2018
Оқылды: 1531
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған  қаласында тағы бір  айшықты ғимарат пайдалануға берілді. Балаларға арналған музыка мектебі  қала тұрғындарының қуанышын еселеді.  Болашақ өнерпаздарды дайындайтын өнер ордасы шаһардың жаңа шағынауданында бой көтеріп,  қалашықтың ажарын айшықтай түсті. Ғимараттың ашылу салтанатында облыс әкімі Амандық Баталов сөз сөйлеп, талдықорғандықтарды саз мектебінің ашылуымен құттықтады.   

– Ертеңгі Тұңғыш Президент күніне толайым табыспен келдік. Биыл облыс бойынша 35 жаңа әлеуметтік нысан ашылды.  Жетісу ақын-жыршылардың мекені деген  тәмсіл бар.  Мына тұрған бүлдіршіндердің ішінен ертең елдің атын аспандататын керемет өнерпаздардың шығатынына сенім мол.  Ұл-қыздардың жылы, жайлы жерде  өнерін шыңдауына бар жағдайды жасап жатырмыз. Балалардың дарынын дамытуға күш салуымыз керек. Жамбыл, Сүйінбай, Дина, Ақын Сара апаларына ұқсап туған балалардың  дарынын ашуға жағдай жасауға тиіспіз. Бұл мектептің аты Ақын Сара атымен аталады. Сыртқы, ішкі келбетін көп болып ойластық.  Сәні сәулетіне  сай.  Сыныптары, аспаптары бәрі жаңаша.   Үш жүз орындық концерт залы бар. Концерт көруге шақырсаңдар келіп, көреміз.  Бүгінде Талдықорғанда тұруды бәрі армандайды.  Республикадағы ең таза қала деген атты иелендік.  Ел Президентінің барлық мақала, бағдарламалары елдің әлеуетін көтеруге арналуда. Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» деген мақаласы шықты. Өткенімізді білмей алдағыны болжау мүмкін емес.  Сондықтан, ата-бабамызды, өткенімізді сыйлауымыз керек, – деді Амандық Ғаббасұлы. 
Келесі құттықтау сөз кезегін Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының  директоры Әли Алпысбаев алды. Әли Демегенұлы қаланың көркейіп, гүлденуіне облыс әкімі Амандық Баталовтың көп еңбек сіңіріп келе жатқанын айтты.   
Салтанатты жиында  облыстың Құрметті азаматы  Әлімғазы Райымбеков бата берді.
Салтанатты шарада  облыс әкімі  Амандық Баталов бастаған  қаланың ақсақалдары лентаны қиды. Әр сыныпта бүлдіршіндер ән салып,  би биледі.  Оркестр Құрманғазының күйі  «Балбырауынды» күмбірлетіп орындады. Одан әрі  қонақтар музыка мектебін аралап, жаңа аспаптарды, онда ойнап отырған өнерпаз бүлдіршіндердің өнерін тамашалады.  Соңынан ұл-қыздардың дайындаған концерті көпшілік назарына ұсынылды. 

Г. МҰҚАШҚЫЗЫ