НАҒЫЗ ЖУРНАЛИСТ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК?

Уақыты: 13.12.2018
Оқылды: 2209
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Сөз бәрінің анасы. Зейноллла Қабдолов ағамыз «Сөз өнері» деген. Сурет бір өнер болса, театр бір өнер болса, театр мен музыка бір өнер болса, жазу да сондай өнер. Мүсін жасаушылар пластик, саз, қола дейік, айналып келгенде бір материалды қолданады. Сол сияқты біздің сала да тек сөзден тұрады. Ал, енді бұл өнерге кіру үшін жақсылап оқу керек. Журналистердің өз стилі болуы керек. 5 жыл не 10 жыл, мейлі үш ай болсын, журналистің стилі болуы керек. Екі-үш сөйлемін оқығанда қай журналист жазғанын білетіндей болу керек. Жазған үш сөйлеміңді оқып, сені танымаса, сен әлі нағыз журналист емессің. Бұған қалай жетуге болады? Ол үшін бәрін оқу керек. Жайын деген балық болады. Су түбіндегісінің бәрін жұта береді. Жас журналист жайын сияқты болу керек. Отызға дейін оқығандарың ешқашан мидан шықпайды. Отыздан кейін миға қонуы екіталай. Отызға дейін оқығаның сені жүз жасыңа дейін асырайды. Сондықтан, жазылғанның бәрін, көшеде жыбырлаған жазудан бастап, көрінбей жатқан қолжазбаға дейін оқу керек. Сол арқылы сен қалыптасасың. Бір ғажабы, бәрін оқыған адамның саусағы пернетақтада зуылдап, өздігінен құйыла береді.

Мақала жазғанда бес рет оқимын.


  Ең алғаш шыққан «Бес ғасыр жырлайды» кітабының екі томын, Бауыржан Момышұлының шығармаларын оқу керек. Газет оқымайтындар бар. Ештеңе оқымай, журналист болу мүмкін емес. Кейін өзіңді-өзің оқуың керек. Мысалы, мақала жазғанда жеке тәжірибемде бес рет оқимын. Алдымен жазамын. Жазу деген – әлем. Оған кіріп, шығу керек. Бізде көбі кіре алмайды, кіргендер шыға алмайды. Екі қате. Ең алдымен басқаны ұмытып, кіммен сөйлессем де жазатын әлемдемін. Дәл қазір мен кезекті мақаланы жазып жүрмін, соның ішінде тұрмын. Қашан жазып бітіргенше сол әлемнен шықпау керек. Нүктесін қойғаннан кейін сол жазғаныңды редактор ретінде оқуың керек. Бізде журналистер өзін-өзі редакциялай алмайды. Тыныс белгіні қойып, әріп қатесі, артық сөйлемдерден құтылу керек. Ой болмаса сөйлем бекер құрылған. Қазір көбі шет тілдерін жақсы меңгерген. Жазғаныңды басқа тілге аударып көрсең, жазған сөйлемің аударылса ол – сөйлем. Аударылмаса – сөйлем емес. Әр сөйлемнің ішінде артық сөзді алып тастау керек. Өзіңді-өзің редакциялап, екінші оқыған кезде ғана мақала болады. Неғұрлым шебер болам десеңдер, соғұрлым аяусыз қысқартуды үйреніңдер. Күні кеше дүниеден өткен Шерағаң «Бір кем дүние» және « Ай мен Айшасының» ішіндегі тараулар да қысқа. Жұматай Сабыржанұлы деген ең мықты журналистің бір мақаласы 5-6  сөйлемнен аспайтын. Бірақ, ғажап жазатын. Осы «Егемен Қазақстанда» Темірхан Медетбектің «Бір ауыз сөзі» болды. Осындай деңгейге жету керек. Енді оқырманның көзімен үшінші рет оқисың. Бұл мақала саған не берді? Редакторға тапсырғаныңнан кейін мақаланың қай жерін түзетті деп қайтадан оқисың. Компьютерде беттеген соң тағы қай жері түсіп қалды екен деп тағы оқимыз. Ең соңында газетті рахаттанып отырып, оқырман ретінде оқимыз. Соның өзінде мақалаға көңіліміз толмайтын.

Қайнар ОЛЖАЙ,
"Егемен Қазақстан",
Астана.