БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 26.12.2018
Оқылды: 1882
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық Баталовтың өкімімен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болып Мәрлен Көлбаев тағайындалды. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев арнайы жиын ашып, жайдарман жаңалықты көпшілікпен бөлісті.

Жиында сөз алған Ақан Жылқышыбайұлы Мәрлен Қапашұлының мәдениет көшін алға сүйрейтініне сенім білдірді.

– Ұлттың рухани дамуы мен кемелденуі үшін ең маңыздысы  мәдениет саласы екені мәлім. Құлақтан кіріп бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, театр өнері, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Қазақылығы бұзылмаған біздің өңірдің мәдени саласы бүгінде руханияттың алтын діңгегіне айналуда. Сондықтан, іске жұмыла кірісіп, ұлттық құндылықтарымыздың бойына қан жүгіртеріне бек сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде Мәрлен Көлбаев осындай үлкен жауапкершілікті талап ететін лауазымды тапсырғаны үшін өңір басшысына ризашылығын білдіріп, сенімге сызат түсірмеуге сөз берді.

 – Жалпы мәдениет ұғымымен Жетісу жері бір ананың егіз баласы іспетті ғой. Біздің ұлан-байтақ жеріміз нағыз ұлы мәдениеттің ордасы десек, артық айтпағанымыз болар. Небір сүлейлер мен ұлы қаламгерлерді өмірге әкелген бұл топырақ қадірлі де қасиетті. Мен бала күнімнен жыр алыптарын жаттап өскен жанмын. Сондықтан, оны жақсы түйсінемін. Мен үшін бұл үлкен жауапты дүние. Ұлт үшін барымды, бойымдағы күш-қуатымды сарқуға дайынмын. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген келелі дүниелердің соңына түсіп, ел үшін аянбай еңбек етемін, – деді М. Қапашұлы.

Айта кетейік, бұған дейін Мәрлен Көлбаев Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.

Мұхтар КҮМІСБЕК