ҚЫЗЫЛ МАШИНА (әңгіме)

Уақыты: 07.01.2019
Оқылды: 2016
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Ауыл шетіндегі алып ағаштың шірігеніне біраз уақыт болды. Жел соққан сайын қарттың сүйегі құсап сықырлайды да тұрады. Әлі ешкім оны кесіп әкетуге талпынбайтын болған соң шығар, қолдарына ара, балталарын ұстаған ағайынды екі бала соған қарай беттеді. Дұрысы, ешкім талпынбағаннан емес, үйдегі темір пешке салар, көмір де, отын да таусылғаннан. Үлкені өрмелеп шығып, бұтақты кесуге кірісті. Кішісі  аспанға телміріп, көз алмай қарап тұр. Көктен үміт пен жылу күтетіндей.

 

   Біздің ауыл алты ай бойы қыс құшағында жатады. Талдықорған жағынан беттесеңіз, Қарабұлақ асып, Рудник, Көксу ауылдары арқылы барасыз. Ал Алматыдан келсеңіз, Сарыөзекті беттеп, Алтынемел, Қоғалы ауылдарын басып өтесіз. Сөйтіп, Көкталға келем дегенше таулы аймақтың тамылжыған табиғатына елітесіз де отырасыз. Қысы-жазы Көксу мен Алтынемелден дамылсыз жел соғып тұрады. Жер қарайса шаңын, қақаған аязда қарын аспанға алып ұшып, жолды үрлеп тастайды. Бірнеше ай екі жақтан да жол жабылып, қатынас үзіледі. Ауылдастар жаз бойы қамбасын толтырып, апанына кірген аю сынды көктемге дейін соны талғажау етеді. Әр үйдің қасында мая бар, осқырынған жылқы, күйіс қайырған сиыр мен маңыраған қой-ешкінің дауысы ауыл ажарын ашатындай. Кәрі төбеттер бірінен соң бірі үріп, әтештердің кезек-кезек шақыруы да бір тынбайды. Осындай берекесі жарасқан ауылдың ең шеткі орман ішіне енген үйінде ағам екеуміз алғаш рет ата-анасыз күн кешіп жаттық. Ағам 9, мен 7- сынып оқимын. Оның сабағы таңертең басталады, ерте тұрып, от жағып, ауланы қардан тазарту – соның жұмысы. Мен сабағымды оқып, тауыққа жем шашып, жұмыртқасын аңдимын. Соны дорбаға сүңгітіп, дүкенге өткіземін де, керек-жарақты кері арқалап қайтамын. Келген бойда картоп, пияз аршып, турап, үйді тазартамын. Тамақ жасай алмайтын болған соң, ағама осылай дайындап қоямын. Мен мектептен қайтарда ауыл түгелімен қараңғылық құшағына енеді. Сондағы сағынышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Анамның ыстық тамағы мен жылы жүзін көз алдыма елестетіп, бал татыған шайын аңсаймын. Сабаққа беріліп, кілең «бестік» алған кездері әкем мен анамның қалаға кеткені есімнен тарс шығып, үйге асығып жетем. От жағып жүрген ағамды көргенде көңілім су сепкендей басылып, көзіме еріксіз жас келеді.
Ата-анам арасында Алматыдан бет алған көліктен киім-кешек, хат, ақша салып жібереді. Сол кезде екеуміздің қуанатынымыз-ай! Ақшаны үнемдеп ұстап, тауықтарға жылы су беріп, көбірек жұмыртқалатуға тырысамыз. Бір күні сабақтан келсем, ағам мәз-мейрам. 
– Әкеміз бен анамыз келді. Көлік сатып алыпты, қазір Нұржан атаның үйінде, – деген сөздерді тез-тез айтып, жымиып қарап тұр. – Қазір келеді, мә, машинасы қып-қызыл, қатты жүреді. 
   Ең жақын жандардың келгеніне қатты қуанған мен машинаны естіген соң жанымды қоярға жер таппай, ағамды сұрақтың астына алдым. Далаға бір кіріп, бір шығып, көшенің басына қарағыштай берем. Қып-қызыл көлікті тізгіндеген әкем, қасында отырған анам. Қандай керемет көрініс десеңші! Көршілердің бәрі тамсанып, қызғанып қарайды енді бізге. Әкемнің тек трактор жүргізгенін ғана көрген мен жеңіл машинаға отырғанын елестетіп, мәзбін. Өзімде ағаштан жасап, дөңгелегін бөтелкенің қақпағымен шегеге орнатып, жіп тағып сүйретіп жүретін тракторым бар. Ал ағамдыкін бүкіл ауылдың үлкен-кішісі аузынан тастамай ертегі қылып айтады. Қираған, бүлінген заттарды шашып, қайта жинап бірдеңе құрастырып алады. Бірде ескі  магнитофонның таспа айналдыратын моторын сағаттың батерейкасына жалғап, кішкентай ойыншық машинаның ішіне қойды. Батарейка салған соң өзі жүреді. Міне, қызық. Күні бойы сонымен ойнаймыз, көрші балалар да біздің үйден шықпайды. Сабақтан келсем, ағам трактордың терезе тазалайтынының моторын алып, үлкен ойыншық машинаға салып қойыпты. Оған аккумуляторды жалғайсың, ал дөңгелегін жіппен бұрасың. Ағамның қолында жіп, менің қолымда аккумулятор, екеуміз машинаның артынан жүгіреміз. Оны көрген мұғалімдер де бестіктің талайын қойып берді. Қонақүйдегі үлкен үстелді теннис қылып тастадық. Ракеткасын да ағам ағаштан ойып жасап, дөңгелектің камерасын жапсырды. Оның шарын көрші ауылдың дүкеніне төте жолмен қар кешіп барып, алып келеміз. Сосын терге малынып, ойнаймыз. Ауылда екеумізді ешкім жеңе алмайтын. 
   Ағамнан әке-шешемнің келгенін естігенде жаңағы теннис те, тоқпен жүретін ойыншық та қызық болмай қалды. Терезе түбіне жайғасып, көшеден көз алмаймын. Шыдамым әбден таусылған мен:
– Кеттім, Нұржан атаның үйіне барам, әкемнің машинасын көрем, – деп апыл-ғұпыл киіндім де үйден шығып кеттім. Жол бойы қып-қызыл машина қиялымнан да, көзімнен де кетпей қойды. Ауылдың арғы басындағы Нұржан атамның үйіне жеттім. Барсам, қызыл машина тұрмақ, есек арба да жоқ. Үйге кірдім. Онда анам, әкем екеуін де көре алмадым. Жылаған күйі далаға атып шықтым. Өз үйіме келгенше солқылдадым. Көзімдегі жас пен мұрнымдағы маңқам қатар ақты. Ойламаған жерден арман-қиялымның тас-талқаны шықты. Ағама тіл қатпай, төсегіме теріс қарап жатып алдым. Менің түрімді көрген ағам одан бетер келеке қылды. Сөйлемей қойдым. Ренішім басылғанша біраз күн бұртиып жүрдім. 
   Батқан кеш пен атқан таң күнделікті күйбең тіршілікпен өтіп жатты. Қорадағы ағаш пен көмір бірте-бірте азая берді. Кейін үш бөлменің есіктерін мықтап жауып, екеуміз ас бөлмеге ұйықтап, тамақты да сол жерде ішіп жүрдік. Көбіне өз апамның жаппа наны, нағашы апамның алып келетін айраны, тауықтың жұмыртқасын талғажау етеміз. Бірер күннен кейін көмір, содан соң тағам түгелімен бітті. Дала да, үй де суық. Тоғай кезіп, қураған ағаштарды тасыдық. Ол таусылғанда тағы да осы әрекетті жалғастыра бердік. Мектепке барарда да, қайтарда да көше басынан әкем қып-қызыл машинамен келіп қалатындай болатын да тұратын. Ал анам үйде дәмді тамағын әзірлеп, інім мен қарындасым түпкі бөлмеде ойнап отыратын секілді. Күн сайын осы көрініс санамда сайран кұрды.

***

   Екі бала үйлерін де, көңілдерін де қураған ағашпен жылытып жатты. Темір пештің қызуы ана мейірімінің орнын осылайша толтырды. Қыраулатқан қыстың қаһары қайтып, тау-тас, ағаш-қурай күн шапағатын сезінетін сәт келді. Жылғалар суға толып, алты ай бойы қорадан шықпаған малдың да тұмсығы көкке тиді. Ауыл тіршілігіне қан жүгіріп, адамдар егістік алқаптарын дайындауға кірісті. Айтпақшы, сол көктемде ағайынды екеудің үйі «Ең таза үй» аталымын жеңіп алып, мектеп  жиынында марапатталды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ.