ПОЭЗИЯ ПАТШАСЫ

Уақыты: 14.01.2019
Оқылды: 1161
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Көркем әдебиет маған тәңірдің таңдайынан төгілген, қайталанбас шеберлікпен жазылған туындылар үйлесім тапқан патшалық сияқты елестейді. Ал патшалықтың басында ақиық ақын, Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаев тұрғандай сезіледі. 

 

   Мұқағали ақынның шығармаларын оқыған сайын басқа әлемге, сезімге толы патшалыққа тап болғандай күй кешемін. Оның поэтикалық мінсіз үйлесіммен жазатыны сондай, кейде оның өзіміз сияқты жаратылыс иесі екенін естен шығарып аламын. Әсіресе, өз өмірінен алынған «Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?», «Жоқ, дәрігер», «Шыда, шыда...» сынды туындыларынан адамдықтың лебі сезіліп тұрады. 
  Өлеңнің ырғағынан да, тербелісінен де ақынның қимылын, дауысын, мәнерін естіп, мінез-құлқын танимын. Бұл да – оның қапысыз шеберлігінің, поэзия патшасы екенінің дәлелі.  
   «Ғасыр ақыны» атанған М. Мақатаев көзі тірісінде лайық бағасын ала алмаса да, кейінгі толқын оны қадірлеп, мәртебесін асқақтатып жүрміз. Әлі талай өзен тасып, ғасыр өтер. Бірақ ең бастысы – аяусыз тағдырда, аяулы сезіммен жырлаған ақын-жазушыларымыздың жарқын естеліктерін жаһанға танытып жүруге міндеттіміз. 

Жанель КАДЕНОВА