ӨЗ ҚҰҚЫҒЫҢДЫ ҚОРҒА

Уақыты: 15.01.2019
Оқылды: 2319
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Л. Толстой атындағы орта мектепте «Бала құқығы – адам құқығы» атты онкүндік өтті. Шара барысында мектеп кітапханашысы С. Қасенова «Өз құқығыңды біліп, өзіңді қорға»  тақырыбында көрме  ұйымдастырды.

 

   Логопед А. Игенбаев өткізген «Қылмыс жасауға не түрткі болды?» атты «дөңгелек үстелдің» де өтпелі кезеңде мінез-құлқы өзгеріп, жаман іске ұрынуға жақын жүретін жоғары сынып оқушылары үшін маңызы зор болды. Бастауыш сынып мұғалімдерінің жетекшілігімен «Бақытты балалық шақ» атты қабырға газеттері шығарылды. Онда балалардың қолынан шыққан тартымды туындылар көрініс тапты. 
   Барлық сыныпта тәрбие сағаттары өткізіліп, сынып жетекшілері оқушыларды бала құқығы туралы заңдармен таныстырды. Г. Манап пен А. Қожантаеваның ұйымдастыруымен «Біз  бәріміз біргеміз» флешмобы ұйымдастырылды. Шараға оқушылар белсенді қатысып, өздерінің тәуелсіз елдің еркін өскен жастары екендігін көрсете білді. 
   Ұстаздар М. Темірбай, Р. Марипов, Е. Керімқұлов «Құқықтық тәрбиені қалыптастыруда отбасының рөлі» тақырыбында дәріс сабақтар өткізсе, Д. Қошаева, Л. Бапанова, Қ. Мұсаханова «Менің құқығым» шығармалар сайысын ұйымдастырды. 5-8 сынып жетекшілерінің жауапты болуымен «Бала құқығы – асыл қазына» атты қабырға газеті шығарылды. Онда оқушылар бала тәрбиесі туралы ұлылардың нақыл сөздерін бақытты балалық шақ пен жарқын болашақты көрсететін суреттермен тамаша ұштастыра білді. 

Бану Бейіс,
Л. Толстой атындағы 
орта мектептің мұғалімі 
Іргелі ауылы,
Қарасай ауданы