ҚАСИЕТТІ БОРЫШ

Уақыты: 18.01.2019
Оқылды: 1205
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Кез келген газетті қолыма алып, соңғы бетінен бастап оқитын әдетім бар еді. «Жетісу» газетінің былтырғы 15-ші желтоқсандағы 139-шы нөмірінде жарияланған белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай ағамыздың «Тамыры терең бәйтерек» және ақын, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін бауырымыздың «Байтақ баян» атты мақалалары маған ерекше әсер етті.

 

  Қазақстан – біздің алтын бесігіміз. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы мың өліп, мың тіріліп, білектің күші, найзаның ұшымен қорғап, бізге жеткізген аманаттары – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ киелі жері мен қасиетті ана тілі екені даусыз. Сол ата-бабаларымыздың ең үлкен арманы – қазақ елінің тәуелсіздігі еді. Сол арманға біз қол жеткіздік. Тәуелсіз елдің азаматтары, біздің замандастарымыз қандай бақытты десеңізші?!
   Тәуелсіздіктің жиырма жетінші жылы да тарих қойнауына кетті. Осы ширек ғасыр ішінде біршама ауқымды істер атқарылды. Алда еліміздің мемлекеттігін айқындайтын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін көп жұмыстар күтіп тұр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы өзін патриотпын, ұлтжанды азаматпын деп есептейтін әрбір адамның рухын көтеріп, көкейінде жүрген көп ойдың кілтін ашты. Жазушы мен ақынның елдің бүгіні мен ертеңіне алаңдап, жан-жақты талдап, жеріне жеткізе жазған мақалаларын түйсігі бар әрбір жан оқуы әрі білуі тиіс. 
   Қазіргі теледидардан сағаттап көрсетіліп жүрген арзанқол әзіл-оспақ бағдарламаларының орнына еліміздің келешегі үшін ауадай қажет, айтары бар азаматтармен тікелей телесұхбаттар ұйымдастырылса, халықтың санасына жетері сөзсіз. Радиодан Әнуарбек Байжанбаев, Сауық Жақанова сынды дикторлардың кезіндегідей радиоочерктер, маңызы терең эсселер мен мақалаларды таратып отырса, нұр үстіне нұр. Қазір елдің газет оқып, сайт қарап отыруға уақыты жетпейді. Автокөлік радиосынан тартымды хабарларды тыңдаған әрбір азамат өзінше ой түйіп, өз елінің тарихына немқұрайды қарамаған болар еді.
   Осыдан қырық жыл бұрын, Кеңес одағының кезінде Армения, Грузия елдеріне барғанымда барлық құжаттың өз тілінде жүргізілетінін көріп, таңғалған едім. Бұл сол ел азаматтарының ана тіліне, мемлекеттік ұлт тіліне деген құрметі болса керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ ұлттық идеялогияны алға шығарған Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан сияқты елдердегі жастардың ана тілін, дінін, салт-дәстүрін құрметтеуі бізден әлдеқайда жоғары екендігі байқалады. Былтыр Өзбекстанға барған сапарымда осыған анық көз жеткізіп қайттым.
   Дербес, егеменді ел болған соң ешкімге жалтақтамай-ақ өз еліміздің тарихын, тілін, дінін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын негізге ала отырып, мемлекеттік тілде арнайы заң қабылдап, сол заңдарды депутаттарымыз бен министрлеріміз өздерінен бастап (қағаз жүзінде қалдырмай) басшылыққа ала отырып, халықпен тығыз жұмыс жүргізуі керек. Еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігі үшін мемлекеттік тілді менсінбейтін шенеуніктерге жауапты лауазымдық жұмыстарды да сеніп тапсыруға болмайды. 
Мемлекеттік тілді үйрету үшін мемлекет қазынасынан жыл сайын миллиондар бөлінуде. Бірақ, нәтижесі көңіл көншітерлік дәрежеде емес. «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» демекші, мемлекет құраушы ұлттың тілін шын ниетімен құрметтейтін адамға тіл үйрену үшін ширек ғасыр емес, екі жарым жыл жеткілікті болар еді.
Қадірменді отандастар! Көк түріктің бүгінгі ұрпақтары! Жаһандану заманында жат жұрттарға «жұтылып» кетпей, түркі тілдес елдердің атажұртында отырған қасиетті Қазақ елінің Көк байрағын көгімізде желбіретіп, еліміздің шынайы тарихын, тілін, дінін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін білу және құрметтеу – әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы әрі міндеті болмақ.

Елеусіз Ахметкерімұлы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі