ШИІРБАЙ СУЫ ШИПАЛЫ

Уақыты: 18.01.2019
Оқылды: 2172
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Кербұлақ ауданына қарасты Майтөбе елді мекенінде 1932-1950 жылдары бірнеше диірмен жұмыс істеді. Солардың ішінен бүгінге дейін жеткені – Шиірбай су диірмені. Мекенге иелік еткен Шиірбай қарияның есімімен аталған диірмен бүгінде емдік қасиетімен көпке белгілі. 

 

   Айта кетерлігі, көктемде тасып, күзде жасып, жыландай ирелеңдеп аққан өзен атауы ұмытылып, «Шиірбай» өзені аталып кеткен. Тұрғындар өзеннің өзіндік емдік қасиеті бар, шипажайға айналдыру қажет деген ұсыныстарын білдіргеннен кейін республикалық ғылыми-зерттеу институтының мамандары шақырылды. Жүргізген зерттеулер мен сараптаулар негізінде аталмыш жердің емдік қасиеті расталды. Міне, сол уақыттан бастап ақсақалдың бүгінгі ұрпақтары диірменнің тасын асылдарындай сақтап, шипалы жерді қоршап, шағын ем-дом орнына айналдырған. Әсіресе, бұл істе өз өңірінің тұрғындары құрмет тұтқан жанның қызы Қапизаның сіңірген еңбегі зор. 
   Ақ бастауларға келушілер алдымен Шиірбай қария қабіріне тоқтап, Құран бағыштағаннан кейін барып бастауларға бет алады. Аталмыш минералды су іш құрылысы, көз, тыныс, қан қысымы, тері, бауыр, бүйрек ауруларына ем. Сондай-ақ, тауларының энергетикалық тазалығынан бөлек балшығы да түрлі сырқатқа шипа. 

Майтөбеге жетпейсің, 
Алыстап жолдан кетпейсің.
Өзеннен өтсең оң жақта,
Шипалы суға беттейсің...

Зәм-зәм деген осы ғой, 
Түйесің таза, ашық ой. 
Тоғыз бастау қатарлас, 
Көтерген қалың қамыс бой.

Суынан ішкен шай қандай?!
Маңдайды ақ тер жапқандай. 
Сезініп қайтам өзімді
Қыранша қанат қаққандай. 

   Осындай емдік қасиеті бар мекенді халық игілігіне дұрыс пайдалана білген жөн. «Су бар жерде – ну бар» демекші, ағаштары да жайқалып өсетін жерде келекшекте мемлекеттік дәрежедегі емдеу, демалыс орнын ашса игі іс болар еді. 

Әбетқан ТОҚТАҒАН, 
ҚР Мәдениет қайраткері