ЕЛІМ ДЕГЕН ЕР ЕДІ

Уақыты: 20.01.2019
Оқылды: 1079
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Намысқой жігіттің нар күші бар. Ол ес жиғалы ата-анасының тынымсыз еңбегін көріп өсті. Таңда паровоздың дүрсілдеген даусымен оянатын. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, отарбаның қалай жүретініне таңданысы артты. Сабақтан бос уақытында паровоз депосына барып, оның қалай қозғалатынын көріп, тамашалайтын. Құдіретті күш сияқты көрінетін. Бала кезінен көрсем, білсем, үйренсем деген бір мақсат оны үнемі алға жетеледі. Ауылдағы үлкендердің әр тірлігіне қанығып, бәрінің сырын білуге тырысты.

 

   Мектеп аяқтаған күні Матайдағы депоны бетке алды. Бұрын «Сен әлі баласың, темір-терсектен аулақ жүр, бір жеріңді мертіктіріп аласың» дейтін ағалары енді оған қамқорлық таныта бастады. Ағаларымен тең дәрежеде сөйлесе алатын жағдайға жетті. Құймақұлақ үлкендердің айтқанын бірден қабылдап алады. Тапсырманы бұлжытпай орындауға тырысады. Мұндай шаруада ұсақ-түйек деген болмайды. Бір жерден ақау кетсе отарба жылдамдық алмай қалуы мүмкін. Сондықтан, жұмысқа ыждағаттылықпен кірісті. Балаң жігіттің адамдық қасиеті, елгезектігі, салмақтылығы және жүріс-тұрысына риза болған машина жөндеушілер өздеріне жақын тұтты. Жауапты жұмыс жас жігітті ерте есейтті. Мық шегедей мықты болуға бейімдеді. Жұмыс аяқталғанша мызғымау, оттың күшін азайтпау және босаңсымау керектігін үйретті. Ол әскерге шыныққан, піскен, мінезі қалыптасқан, қайсар қалыпта барды. Әскер басшылары жігіттің көзіндегі отты, бастаған істі діттеген жеріне жеткізбей тынбайтын қайсарлықты байқады. Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын жан-жағындағы жігіттерге дәлелдеді. Басқалар Нұрмұхан Әмірханұлына қарап бой түзеді. Ол замандастарының кейбірінің ойын түзетті. Әскерде біраз уақыт болған соң бөлімше командирі, застава старшинасы, застава басшысының  саяси жұмыс жөніндегі көмекшісі міндеттерін атқарды. Көзіқарақты азамат баспасөз беттеріне шолу жасап, сарбаздарға сол кездегі саяси жағдайдан дәріс оқыды. Кешке арнайы кабинетте жиналған командирлер мен жауынгерлер жер әлемде болып жатқан жаңалықтарды тыңдап, тыныштықты сақтаудың қағидаларын үйренді. Басқаларға дәріс бере жүріп, өзі де саясаттан білімін жетілдірді. Көрген-білгені көп азаматқа айналды. 
   Ол енді қара жұмыстың да қадірін білетін, заманауи жаңалықтардан да хабар, жоғары білімді болды. Нұрмұқан Махаманов әскерден сымдай тартылып, ой-өрісі өсіп, алдағы күнге арман-мақсаттар қойып қайтты. Ол елге қызмет ету үшін бар білім-білігін арнауды ойлады. Жігіттің алғырлығын, алысқа көз сала алатын ойлылығын аңғарған Бөрлітөбе ауданының басшылары Нұрмұхан елге келе салысымен аудандық партия комитетіне жұмысқа алады. Аудандық партия комитетінің хатшысы болу оңай шаруа емес. Барлық ісқағазын жүргізеді. Партиялық бюролардың ұйымдастырылуы, өтуі, хаттаманың дұрыс толтырылуы қадағалануда. Маманның жақсы қасиеттері аудан басшыларын тәнті етті. Мұндай қызметкерге қолдау білдірсе талай асуларды бағындыратыны белгілі. Қолдау жан-жақты танытылды. Қазақстан компартиясы орталық комитетінің үш жылдық партиялық мектебінің тыңдаушысы болуға жолдама берілді. Оны тамамдап келген соң Андреев аудандық партия комитетінің жоғары мектебінде сырттай оқыды. Осы жылдары Дзержинск және Андреев аудандарының бірігуіне байланысты Андреев аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне тағайындалады. Нұрмұқан Әмірханұлы он жылдай партия жұмысында жүріп, ел-жұртты бір бағытқа қарата білді. Оның ұйымдастырушылық қасиетін байқаған аудандық партия комитетінің басшылары енді шаруашылық басқартуды жөн көрді. Бар-жоғы 25 жастағы жігітке жаңадан құрылған ұжымшарды басқартты. Ол жаңадан ірілендірілген, жеті бірдей ірілі-ұсақты шаруашылықты біріктірген үлкен ауыл еді. Мал, егін шаруашылығымен өсірілетін. Орталықтың халқына әлеуметтік нысандар салып беру қолға алынды. Мектеп, емхана сол жылы ірге көтерді. Бәрі типтік негізде, сапалы салынды. Тұрғындар Нұрмұқан Әмірханұлына дән риза. Халықтың жағдайын түсінеді, алдына келген адамның мәселесін бар ынтасымен тыңдап, қолдау білдіреді. Қара жұмыстың қадірін түсінеді. Жұмысты бастағанда паровоздың отын жағып, маңдай терді сорғалатып жұмыс істеген. Шаруашылық басқарған жылдары еңбекшілердің балаларын оқытып, дәрігерлік көмекті жандандырып, демалыстарын тиімді ұйымдастыру жағын назарда ұстады. Орталықтан шалғай жатқан елдімекен тұрғындарының хал-жағдайын жиі қадағалап тұратын.

Бар-жоғы 25 жастағы жігітке жаңадан құрылған ұжымшарды басқартты. Ол жаңадан ірілендірілген, жеті бірдей ірілі-ұсақты шаруашылықты біріктірген үлкен ауыл еді. Мал, егін өсірілетін. Орталықтың халқына әлеуметтік нысандар салып беру қолға алынды. Мектеп, емхана сол жылы ірге көтерді. Бәрі типтік негізде, сапалы салынды. Тұрғындар Нұрмұқан Әмірханұлына дән риза.


   Мал шаруашылығымен шұғылданатын Шілікті бөлімшесі тұрғындарының жағдайын жақсартуды бірден қолға алды. Ол ауылға мектеп, балабақша, аурухана, клуб, дүкен салдырды. Электр жарығын тартты. Жол салдырды. Жаңадан 50 шақты баспана тұрғызды. Мұндай қамқорлыққа риза болған ауыл тұрғындары Нұрмұхан басшыны ерекше құрметтейтін. Шіліктінің әлеуметтік мәселелерін шешкен Нұрмұқан басшы Екпінді ауылын да абаттандыруға күш салды. Жас көшеттер отырғызды, оларды суару үшін атыздар тартқызды. Бақша салдырды. Ел де, ауылға келген қонақтар да аз уақытта еңсе көтерген елді мекенді басқаратын азамат жайлы ауыз толтыра айтты. Қуанышқа ортақтасқан көпшіліктің көңілі көтеріңкі. Жастарға да қамқорлығын аямайтын. Оқуға түсе алмаған жастарды ауылда жұмыс істетіп, содан кейін жолдама беріп, жоғары оқуға түсуіне жәрдемдесетін.
   Бір жылдары қыс суық болып, елде жұт болды. Сол кезде іскер басшы жақын маңдағы әскери бөлімше басшысына барып, техника, көмек сұрап, Орал облысынан шөп алғызады. Мұндай мемлекет көлемінде іске асырылатын келісімшартты жасау әркімнің қолынан келе бермейтіні анық. Сөйтіп, уақытында жеткен жемшөптің арқасында ірі қара, ұсақ мал көктемге аман-есен ілігеді. Басшы қандай шаруа жасаса да алыстан ойлайтын. Істеген ісі бір күндік емес, мың күндік болуын назарда ұстайтын. Осындай ниетпен қай заманға да сай келетін, үлкен 36 баспалдақпен шығатын кеңсе салдырады. Аталмыш мекеме алыстан менмұндалайтын. Елдің еңсесін көтеріп тұратын. Осыны ел әр саққа жүгіртіп, «осынша биік ғимараттың не керегі бар еді» деп сынға алды. Бірақ кейіннен заманның бір орында тұрмайтынын, тұрғызғаннан кейін ұзақ жылдарға шыдайтын, сапалы құрылыс салғанның тиімділігін білген көпшілік Нұрмұқан басшының көрегендігіне тәнті болады. Осыны сынға алған жазғыштардың өзі кейіннен Нұрекеңнің жұмыс істеу әдіс-тәсіліне қанық болып, кешірім сұрады. Рухы биік азамат жазушылар мен өнер адамдарын да ауылға жиі шақыратын. Кездесу, жиын, концерт ұйымдастырып тұратын. Мұндай іс-шара тұрғындардың еңбекке деген құлшынысын арттырады. 
   Ол кейіннен Андреев аудандық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, Ауылшаруашылық өнімдерін сатып алу және сапасын анықтау бойынша бас мемлекеттік инспектор қызметін атқарады. Бөрлітөбе ауданында да берекелі жұмысымен ел аузына ілігеді. Жетпісінші жылдары Бөрлітөбе аудандық ауылшаруашылығы бөлімін басқарады. Талдықорған облыстық агропром бірлестігінің бас зоотехнигі қызметін атқарады. Осынша еңбек еленбей қалмасы анық. Нұрмұқан Махамановтың кеудесінде «Ерен еңбегі үшін», Еңбек Қызыл Ту ордендері жарқырады. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерекшелігі үшін» медальдарын иеленді. Сондай-ақ, «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» атағын алды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы мерейін өсірді. Нұрмұқан Махамановтың атына өзі басқарған ауылынан көше аты берілді.
   Адам дарынды болса, барлық жағынан ерекше болатыны белгілі. Нұрмұхан тек басшы емес, ақын да еді. Өлеңдері ойлылығымен, өмірді кеңінен түсінетіндігімен ерекшеленетін. Ал әншілігі өз алдына бөлек әңгіме. Зайыбы Сақыш апа екеуі жиын-тойды әуезді әндерімен гүлдендіріп жіберетін.
   Ұлағатты жандардан үлгілі ұр-пақ тарады. Бүгінде ол кісілерден тараған ұл-қыз бір рулы елге айналған. Барлығы ата-апаларына тартқан өнерпаз, білімді. Замандастарының арасында шоқтығы биік. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген осы-ау, сірә?!

Гүлжан ТҰРСЫН. 

Ілияс Жансүгіровке арнау
 
Мөлдіреп шыққан тереңнен,
Тұманың суы дер едім.
Жарқырап шыққан көнеден,
Шолпанның нұры дер едім.
 
Гауһар тастан асылың,
Кенде емес дер  едім.
Жібекті сөз жасылын,
Беріп кеткен ер едің.
 
Сөзі, әсем қазақтың,
Үшеу болса  бірі едің.
Біреу болса егер де,
Жарық шашқан күн едің.
 
 
   Сөз
Мағынасы мәнді сөз,
Сары алтындай сәнді сөз.
Аңсап жүріп іздесең,
Бірі өзіңе болар кез.
 
Бабам жырдан нәр алды,
Сөзі қайдан жаралды?
Жарық берген жаныма,
Шапағындай таң алды.
 
Терең мұхит көлемді,
Теңі жоқ түпсіз тереңді.
Жанға шипа емді сөз,
Өрнектедің өлеңді.
 
 
    Отаным
 
Отанымды теңеймін алып тауға,
Қуат берген жаныма жабыққанда.
Елбасымыз емес пе күллі әлемге,
Елімізді еңселі танытқанда.
 
Шырқай бер, жасампаз ел,
            жан байлығым,
Бойыма сіңірген сен таудай білім.
Өзің барда туған ел, жырым барда,
Екінші боп ешқашан қалмайды ұлың.
 
Айналған  бәйтерекке теңдесі жоқ,
Ұлы Отан, самға биік, өрлеші тек.
Қашанда тілегі ақ қазағымның,
Қалансын ізгіліктен іргесі бек.
 
                                                                                                   Нұрмұқан ӘМІРХАНҰЛЫ