ҚАТЕ ЖАЗУДЫ ҚАШАН ҚОЯМЫЗ?

Уақыты: 02.02.2019
Оқылды: 1777
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Автобустың соңғы орындығына жайғасып отыр едім, есік ашылып, ішке екі баланы жетектеген апа кірді. Немерелерін сабақтан алып, үйіне келе жатқан сәті, сірә. Апасына үйге берілген тапсырмалар туралы айтып, екеуі екі жақтан сұрақ жаудырып келеді. Ұққаным, мұғалім үй тапсырмасына «Менің ең әдемі суретім» атты шығарма жазуды тапсырған. Өзінің түскен суреті ме, әлде қолмен салған сурет пе, оны түсінбедім. 

 

Сөздерін жарыса айтқан балалар терезеге үңіле қарап,  қатарынан тұрған жарнама бетіндегі суреттерге назар аударды. Біреуі суреттерін айтып отырса, екіншісі жанындағы өрнектелген жазуларға көз салып, әріптеп оқи жөнелді. 

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, мектеп табалдырығын енді аттап, әріп танып келе жатқан бала үшін көшеде жазылған сөздерді оқу қызық. Дауыстап оқып, жазуларға қызығушылық танытқаны қуантты. Осы жайттан кейін мен де жазуларға жіті көңіл аударатын болдым. Жарнамалардың жарқырап, жеті түрлі бояумен боялып, көздің жауын алғанын қайтейін, қателіктері тайға таңға басқандай көрініп тұрса. Мәселен, облыс орталығындағы аялдамалардың бірінде «тығырыққа» деген жазу «Есірткі тұғырыққа тірейді», енді бірінде «көктем» сөзі «коктем» болып қате жазылған. Орталықтағы ұялы телефон саймандарын сататын бір дүкеннің маңдайшасындағы «Защитное стекло» деген сөз «Телефонның қабыршығы» деп сауатсыз аударылған. 

Халыққа арналып дайындалған  ақпараттардың қате жазылуы көзге түрпідей тиеді. Оның не себепті қате жазылғанын енді әріп танып, ежіктеп оқып жүрген балаларға түсіндіріп айту да қиын іс. Ал, оқуды білетін орта сынып оқушыларының қате жазуларды жерден жеті қоян тапқандай қолмен нұқып көрсетіп, күлкіге қарық болғанына да куә болғанбыз. Осындай қателіктерді көре тұра неге көз жұма қарайтынымыз да түсініксіз. 
Айтар болсақ, заң бойынша бекітілген жарнама талаптары бар. Бірақ сол талаптар өз дәрежесінде орындалып жатқан жоқ. Қай ұлттың болсын, қадір тұтатыны – ана тілі. Тіл – ұлттың басты белгісі. Тілі жойылса, ұлт та жойылады. Тілі дамыса, ұлт та кемелдене түседі. Қазақ тілі – өте көне заманнан бері қолданыстан түспей келе жатқан аса бай, көркем, баламасы көп, айтуға жеңіл, мағыналы-мәнді тілдер қатарына жатады. Оны мақтан етуге тиіспіз. 

Осындай қуанышымызды сауатсыздықтың кесірінен қате жазылған жазулардың су сепкендей басатыны рас. Бұл сөздер болашақта да осылай  қате жазылып, дыбысталып, құнды сөздеріміздің құнын жоймасына кім кепіл?! 

Қазақ тілі – ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл қазынамыз. Оны көздің қарашығындай сақтай білу – баршамызға ортақ парыз. Осыны абыроймен биік ұстап, жас ұрпаққа таза күйінде жеткізсек, мақсатымыздың орындалғаны. Осы орайда еліміздің болашағы – бүгінде білім нәрін жинап, кітап арқалап жүрген балалар сөмкелеріне көшедегі қате жазуларды салмаса екен деген тілегім бар. 

Айым АСХАТҚЫЗЫ.