ТӨРТ ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ

Уақыты: 05.02.2019
Оқылды: 955
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда қаржы және банк секторындағы, орта және шағын бизнеске қатысты мәселелер сөз болды. Соған орай Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың төрағалығымен жиын өтті.

Отырысқа жоғарыда көрсетілген мәселелерге жауапты бірнеше министрлік басшылары, ҚР Ұлттық банкі өкілдері, облыс, қала әкімдері қатысты. Ерболат Асқарбекұлы берілген тапсырмаларды жүйелі орындауға кіріскенін айта келіп:

– Бірінші кезекте экономиканы сауықтыруды қолға алуымыз керек.  ҚР Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, банкротқа ұшырағалы отырған кәсіпорындар саны артып, олардың қарызы 4 трлн. теңгеден асқан. Қарыздың көп бөлігі шағын бизнеске тиесілі, – деп осы мәселені ретке келтіріп, нақты себебін анықтауға шақырды.

Басқосуда «Оңалту және банкроттық туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу шараларының қолға алынып жатқаны баяндалды. Қазіргі таңда Заң жобасы ҚР Парламентінің қарауында. Сондықтан ұсыныс беріп, бірлесіп жұмыс жүргізу қажеттігі  сөз болды. Сонымен қатар, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік  бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын пысықтап, аймақтардағы банкротқа ұшырағалы отырған кәсіпорындарды анықтау туралы тапсырма берілді. Ол үшін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚР Ұлттық банкі мен әкімдік бірлесіп жұмыс жасауы тиіс. Жиында әлеуметтік салаға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар назарға ұсынылды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев республика бойынша барлық мектептерді компьютермен, Wi-Fi жүйесімен, ауруханалар мен емханаларды медициналық жабықтармен қамтуды әрмен қарай жалғастыру керектігін тілге тиек етіп, осы аптадан бастап 1 наурызға дейін аймақтарға жұмыс сапарымен баруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Отырыс соңында облыс әкімі Амандық Баталов көтерілген мәселелер бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды. Жұмыс тобының жетекшілігіне облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов белгіленді. Ерболат Асқарбекұлы жұмыс сапарымен келгенше банкротқа ұшырағалы отырған кәсіпорындарды анықтау, жұмыспен қамту, білім, денсаулық саласы бойынша туындаған мәселелерді шешу жолдарын әзірлеу жұмыстары қолға алынатын болады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ,

"Жетісу"