МАЙДАНГЕР БАУЫРЛАР

Уақыты: 13.02.2019
Оқылды: 1406
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ақпан айының 15-жұлдызында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толады. Осы орайда Айдарлы ауылынан 40 жыл бұрын кеткен қос батыр кездесуге келді.

 

Асқар және Асхат Ауғанұлы Қасеновтер – Ауған соғысы ардагерлері. Олар Қоғалы жерінде дүние есігін ашып, Айдарлы ауылында өсті. Алғаш мектеп табалдырығын осы ауылда аттап, әріп таныды. Кездесу өсіп келе жатқан жастарға патриоттық рух, тәрбие беруге, Отан алдындағы борышқа, елді, жерді қадірлеу мақсатында ұйымдастырылды. Жиында Айдарлы ауылының оқушылары ойларын ортаға салып, сұрақтарына жауап алды.

Кездесуге Жаркент қаласының Ауған соғысы ардагерлері де келді. Ардагерлерге 7-сынып оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Ауыл әкімі Айдар Маратұлы алыстан келген қонақтарды құрметпен күтіп алып, ардагерлерімізді келе жатқан мерекемен құттықтады. Ардагерлер Ауғанстандағы зардаптарымен бөлісіп, келешек ұрпақтың соғыс деген атауды тек кинодан көрулеріне тілектестік білдірді.

Соғыс ол – суық, қаралы ұғым. Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда қазақ елінде 10000-ға жуық Ауған ардагері бар. Олардың 3000-дайы мүгедектер қатарында.

– Соғыс – қай жерде болмасын соғыс. Оның болар жері, уақыты бөлек болғанымен болмысы мен атауы бір. Соғыс – адамдардың қолы­мен жасалған зұлымдық, – дейді Асхат Қасенов.

Ауған жерінде Асхат Қасеновтің аяғы тізеден кесілді. Сұм соғыс он екі мүшесінің бірін жалмады. Асхат Асқардан хат алып, аман-  есен қайтатынын естігенде, екеуінің арасын атшаптырым жер ғана бөліп жатыпты. Өкінішке қарай, ағайынды екеуі кездесе алмапты. Ағайын арасындағы сағынышты соғыстың сызы өшірген жоқ. Сол жерде көрісе алмаған бауырлардың топырағында аунап өскен Айдарлы жерінде кездесу жасап отырғаны бәрімізді қуантты.

Кеште «Ауғанның ұлы Ауғанда» атты Асхат Ауғанұлының өміріне арналған кітаптың тұсауы кесілді. Оқушыларға Ауған соғысына 30 жыл толуына орай дайындалған арнайы күнтізбелер табысталды.

Айым АСХАТҚЫЗЫ
Панфилов ауданы