ҚАРУЛАСТАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

Уақыты: 15.02.2019
Оқылды: 918
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Осыдан отыз жыл бұрын ақпан айының ортасында Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен туған топырағына бет алды. Бұл сәт сол майданды көрген жауынгерлердің әлі де көз алдында. Қасіретпен келген жеңіс қашанда қастерлі. Сұрапыл соғыста опат болған ел азаматтарының есімі ұмытылмасы сөзсіз. Сол бір сойқынды жылдарда 761 азаматымыз қаза тапса, 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Бұл орны толмас өкініштің үлкені еді.

 

Жылдағы дәстүр бойынша бұл күні қала орталығындағы саябақта, Ауғанстанда көз жұмған жауынгерлерге арналған ескірткіштің маңында еске алу митингісі болып өтті.  Ауған соғысының ардагерлері тарих беттеріне жазылған майдандастарын бір минут  үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды.

Айтулы шара  І. Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Гала-концертке арнайы қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев ерлеріміздің ерлігін сөз етіп, атаулы күнмен құттықтады.
– Сіздердің ерліктеріңіз ел санасында. Бұл күн – сол кезде елге ағылған темір табыттардың тоқтаған күні! Көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдар мен өткелегі мол өткенді естелік қылып және оны көңілге кесте қылып тоқу ғана емес, сол кездегі ана сүті аузынан кеппеген түбіт иек бауырларымызды еске алар айтулы дата. Ұлт Көшбасшысы бір сөзінде «Жаужүрек бабаларымыздың, барлық аға буын ерлеріміздің ерлігі ұрпаққа үлгі-өнеге болуы тиіс», – деп атап айтқан болатын. Бүгінде еліміздегі Ауған соғысына қатысқан азаматтар ұрпақ тәрбиесінде және басқа да салада елеулі еңбек етіп, қоғамның дамуы мен өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Сіздердің әрбір игі істеріңізді кейінгі ұрпақ мақтан ететін болады» деген болатын, – дей келе ардагер жауынгерлерге сый-құрмет көрсетті.

Шара барысында Талдықорған қалалық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мұхтар Ақметжанов пен Ауған соғысының ардагері Мұрат Мейірбековке «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. 

Кеш соңында соғыс ардагерлері қала басшысына ақ тілегін арнап тарқасты.

Мұхтар КҮМІСБЕК.