ҰЛЫ ДАЛА КИЕСІ

Уақыты: 01.03.2019
Оқылды: 1084
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қасиетті Алаш даласы адамзаттың алтын бесігі ғой, шіркін! Өз баласын тербеткені былай тұрсын, өзгенің де ұйқысының тыныштығын күзетіп келеді емес пе?! Баршаны бауырына басқан алтын бесікке барлығымыз да қарыздармыз.

 
Жерімен қоса елінің дарқандығы өз алдына бір төбе. Сонау нәубет жылы біздің далаға қиырда кәріс, Қап тауынан, кавказ Еуропадан, неміс пен балқар ұлтының өкілдері жер аударылды. Бөтен жер, өзге Отан, бейтаныс халық. Мұның барлығы туғанынан қол үзіп келген халықтың рухын сындыратыны анық емес пе?! Басына қайғы түсіп, өзегінен ажыраған ағайынның халын Ұлы Даланың ұлықты ұлдары жақсы түсінді. Өгейліктің қамытын мойындарына артпады. Бауырына басып, төріне оздырды. Бір тілім нанын бөліп беріп, жетімін құшағына алды. Осы жерде сонау Қиыр Шығыстан жер аударылып келген кәріс азаматының бір сөзі жадымда мәңгілік жаңғырады.
 
Өткен жылы қазақ даласына жер аударылған кәріс ұлтының келгендеріне 80 жыл толды. Атажұртынан арнайы делегация келіп, Қаратал ауданы, Бастөбе елді мекенінде қазақ даласына тағзым жасады. Алғашқы келіп орныққан жеріне белгітас орнатып, қазақ халқына мәңгілік қарыздар екенін көрсетті. Әлі күнге дейін сондағы жерасты үйлері сақталған. Кешегі күннің белгісі, жүрек түбіндегі сызаттай естелік көпке ой салады. Дәл осы кезде жасы тоқсанды алқымдаған кәріс ақсақалы көзіне жас алып, қазақ халқына алғысын білдірген еді.
 
– Мен сол кезде он жастағы бала едім. Аш, жалаңаш, қыстың қақаған аязында ен далаға әкеп төгіп кетті. Қыстың ызғары болғанымен халқының жылуын сол күннен бастап сезіндік. Өзіне жетпей отырса да аузындағысын жырып берген қазақ халқына мың алғыс. Мұндай халық әлемде біреу. Ол – Қазақ елі! Мен өз көзіммен көрдім, барлығын бастан өткердім, міне, осындай ақпейіл, бауырмал дана халықтың арқасында жасым тоқсанға келді, – деп еңкілдеп жылады. 
 
Айналдым ақеділ ағайынның қамқорлығынан! Өзге деп емес, өзім деп тауқыметті бірге тартып, бірге жасаған елім-ай! Осында ғой сенің бар қасиетің. Өйтпесең мынадай ұлан-байтақ даланың иесі атанасың ба? Алланың өзі осы дарқандығыңды сезіп, сан мың ұлттың баласын саған қарай итерді емес пе?!  Осы жақсылығыңның қайырымы болар жасампаз ұлтқа айналып отырғаның. 
 
Жыл сайын 31 мамырға қарсы теледидардан «Алжир» фильмін көрсетеді. Сол кинода қазақ балалары түрмеге құрт лақтырып, тағдыр тауқыметін тартып жүрген сормаңдай әйелдерге қамқорлық танытады. Адамнан айла артылған ба, қызылдардың көзін алдап, адамзат баласына деген аяушылығын білдірген қазақтай халықтың мықтылығын бейнелейді. 
 
Бұл көрініс – біздің елдің бойындағы ең асыл қасиет. Көршісіне қарайласқан қазақтың қиыс баспайтын ісі бұл. Біз оны көрсете білдік, елге таныттық, ұрпаққа аманат етіп қалдырдық. Осындай ұлылығымызға өзге ұлт өкілдері мың алғыс айтары сөзсіз.
 
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.