ҚҰРТ ЛАҚТЫРҒАН ҚАЗАҚҚА ҚАРЫЗДАРМЫЗ

Уақыты: 01.03.2019
Оқылды: 1488
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бастөбе ауылындағы «Қазақ халқына мың алғыс!» монументінде Алғыс айту күніне орай митинг өтті. Мерекелік шараны  Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы ұйымдастырды.

Шара монументке гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Бірінші болып сөз кезегін алған аудан әкімі Рауан Рақымбеков лебізін білдіріп, жиналған қауымға алғысын жеткізді. 
Өз кезегінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайұлы: 
– Мереке жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, мазмұны да тереңдей түсуде. Мерекеге орай облысымызда 900-ден аса іс-шара ұйымдастырылып, 1000-нан астам аз қамтылған азаматқа көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 10 күндік аясында облысымыздың әр ауданында «Біз Жетісуда тұрамыз» тақырыбында флешмоб, акциялар ұйымдастырылып, қорытындысы шығарылды, – деген ол белсенділік танытқан бірқатар азаматқа Алғыс хат табыстады.  
Облыстық кәріс этномәдени орталығының ардагері Виктор Пак 1937 жылы ата-аналары Қазақстанға жер аударылғанда қарсы алған қазақтардың қонақжайлылығын баяндай келе: «Жетімдерді ренжітпеңдер» деп қасиетті Құранда жазылған. Бұл сөзді парызы санаған қазақ халқының арқасында біздің ата-анамыз аман қалды. Бүгінде бұл мекен – біздің Отанымыз, менің елім. Ата-анам: «Қазақ халқын құрметтеп қана қоймай, олардан үлгі алыңдар. Өйткені олар – қарапайым, тәрбиелі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қонақжай ұлт», – деп үйрететін. Біз өз кезегімізде осы құндылықты балаларымыздың бойына сіңірудеміз», – деп басын иіп, рақметін айтты.  
Облыстық «Ахыска» түрік этномәдени орталығының мүшесі Зульбия Раджапова 1944 жылдың 14 қараша күні қоныс аударғандарын есіне алып: «Қазақтар мекенінен, ата-бабасының қабірінен алыстатылған түрік халқының тағдырын түсініп, көздеріне жас ала қолындағы соңғы тілім нандарымен бөлісті. Менің атам өлер алдында: «Қызым, біз жақсы жерге келдік. Жүректері кең, мейірбан халықтың көмегімен аман қалдық. Осыны есіңде сақта және балаларыңа өсиет қыл», – деген еді. Анам 10 жасында отбасынан жырақта, Алиевтер отбасында тәрбиеленді. Өзінің қызындай өсіріп, өз отбасымен қауышуына атсалысты, көмек қолын созды», – деп, көзіне жас алды.  
Облыстық «Элефтерия» гректер қоғамының мүшесі Наталья Тифанциди де жүрекжарды лебізін білдірген соң М. Горький атындағы орта мектеп оқушылары дайындаған әдеби монтаж көпшілік назарына ұсынылды. 
Мерекелік шара Достық үйінің ұйымдастыруымен «Біз –алғысқа бөленген елде тұрамыз» атты форуммен жалғасты. Мектеп оқушылары сахналаған қойылымнан бастау алып, Ақмоладағы «АЛЖИР» лагеріндегі әйелдердің тағдыры бейнеленді. Көңілі босап, көзіне жас алған көрермен қошеметтерін білдірді.  Қойылым соңы: «Құрт лақтырып, қасіреттен құтқарған қазаққа ризамыз», – деген түйінмен тұжырымдалды. 
Жарыссөзге шыққандар өз ойларын білдірген соң көпбалалы аналар және әскери қызметкерлер марапатталды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Еңлік ҚАБДЕШ