Бүлдіршінге көз салу - азғындықтың шегі

Уақыты: 17.10.2016
Оқылды: 1909
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінде естігеннің өзінде жаныңа түрпідей тиіп, мұз қаритын «педофил» деген атау пайда болды. Заманның өзгергені ме, әлде адамдардың шынымен азғындағаны ма, екі күннің бірінде ақпарат құралдарынан «9 жасар ұл бала зорланды», «3 жасар қыз қорланды», «5 жасар қызды зорлаған педофил қамалды» деген суық хабарды естіп, оқып жатамыз. Бұрын-соңды ер адамдардан қыздар жәбір көріп жататын еді, ендігі құрықтың ұл балаларға да түскені жанды жаралайды. Одан қалса жасөспірімге зорлық әрекеттер жасайтын әйелдердің қатары да көбейіп келеді. Мұның ақыры неге апарып соғады, жалпы осы бала зорлауға деген құмарлық неден пайда болады, ол ауру ма, әлде, басқа жағдай ма? Осындай сан түрлі сауал көкейді тілгілейтіні анық.
Білетініміз, жас қыздарды зорлау бұрын да болған. Тек ол ашық айтылмайтын. Қазір зорлықшылардың көбеюі бұл мәселеге қоғам болып назар аударуға әкеліп, «педофил» деген атауды туындатып отыр. 

Абайла,  балақай, педофил!


Қандықол қаскөйлердің кесірінен қаншама бүлдіршін жас өмірімен  қош айтысуда. Ұрып-соғып, аяусыз зорлап, одан соң балдырғанды дарға асып, өлтіріп кетіп жататындар табылады. Бірі туысы, бірі өгей әкесі, енді бірі көршісі тарапынан айуандық көреді. Осы жылдың сәуір айында қарағандылық қаңғыбас 9 жасар баланы зорлап, сосын өлтіріп тастаған. Жергілікті бомждар қаңырап тұрған бір бөлмелі пәтерді мекен етіп келген. Қаңғыбастар арақ ішетін орын ауыл балаларының да ойнайтын жері болып шықты. Ішімдік ішіп отырған 55 жастағы бомж ойнап жүрген 9 жасар баланы зорлап, азаптап өлтіреді. Кейін денесін балконға шығарып тастаған. Осыдан соң ойын балалары достарының жоқтығына алаңдап, полицияға хабар берген. Ал тәртіп сақшылары оқиға орнына жетіп, күдіктіні ұстаған.
Күні кеше ғана Ақтауда педофилдің құрбаны болған 6 жасар қыздың жағдайы әлі де ауыр. Екі ай бойы есін жинай алмай аурухана төсегіне таңылып жатқан Викторияның миына ауыр зақым келген. Қазір бүлдіршін Астанада емделіп жатыр. Алайда оған көмек көрсете алатын дәрігер табылмай тұр. Викторияның туғандары дәрігер іздеп Андрей Малаховқа дейін хабарласқан. 
«Дәрігерлер ары қарай күресудің мәні жоқ екенін, кереметтің болмайтынын айтты. Бірақ, біз сол кереметке сенгіміз келеді, мүмкін қызымызды емдеп жазатын дәрігер табылатын шығар», – деген еді әжесі журналистерге берген сұхбатында.
Дәрігерлер баланың аман қалуы екіталай екенін мәлімдеген. Тіпті, тірі қалған күннің өзінде жай өсімдік секілді солып қалады деп болжап отыр. Бірақ, сәбидің әжесі бұған да көнуге дайын, бастысы қызымыз аман болса екен дейді.
«Оның денсаулығы өте мықты. Әлі күнге дейін неліктен тірі жатыр дейсіз, жүрегінің мықты болуынан. Биыл ол бірінші сыныпқа баруы керек еді. Жеңіс күнінен бір күн бұрын 8 мамырда дүниеге келген. Сондықтан оның есімін Виктория деп қойдық, яғни «Жеңіс». Оның жеңіп шығуын тілейміз», – дейді әжесі.
Қоғам назарын аударған бұл оқиға Ақтауда 20 тамыз күні орын алған еді. Бүлдіршінді қансырап жатқан жерінен полицейлер тауып алып,  бірден балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызған. Бір аптадан соң ол Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығындағы анестезиология және жансақтау бөліміне ауыстырылды. Бүлдіршінді зорлаған күдікті де қолға түсіп, ақыл-есі орнында деп танылған. Алайда, баланы зорлады деген күдікпен қамауға алынған 32 жастағы ер адамның өзі зорлық құрбандарының бірі дейді оның қорғаушысы. Айтуынша, бала кезінде күдіктіге шизофрениямен сырқат өгей ағасы көп тиісетін. Күдіктінің бес жасар ұлы мен әйелі бар. Қамауға алынғанға дейін жеке тасымалмен айналысып келген.
Қылмыс жасалған күні ол адам тасып жүріп, бүлдіршін ұрланған 1-ші шағынауданда болғаны дәлелденіп отыр. Бұл жерге «клиентті» әкеліп, кейін теңіз жаққа бет алған. Жол бойы дәрет сындыру үшін тоқтағанын айтады. Ал зорлық көрген сәби осы жерден табылған. 
Бір бүлдіршін осылайша аяусыздықпен педофилдің құрбаны болса, бір топ жеткіншек талай жыл интернат тәрбиешісінің зорлығын көріп келген. 1998 жылдан 2015 жылға дейін Семейдегі № 5 көмекші мектеп-интернатта тәрбиеші болған ер адам ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға сексуалдық мәндегі зорлық әрекеттер жасаған. 
Интернаттың тәрбиешілерінің бірінің айтуынша, ол өз әріптесінің бойынан оның балаларға деген өзгеше көзқарасын екі жыл бұрын байқаған және бұл мәселені интернат директорына айтып берген. Алайда ешқандай да әрекет болмаған. Педофил балаларды алдандыру үшін оларға сыйлық жасап, жарыстарға апаруға уәде берген. Педофилдің әрекетінен 12-14 жас аралығындағы 10-нан аса бала зардап шеккен. Ол балаларды қорқыту әдісін де қолданған.
Бұл іс бойынша тергеу өткен жылы басталған, ол уақытта педофилдің бір ғана зорлық әрекеті жария болған. Писхологтардың айтуынша, жәбірленуші балалар өз бастарына түскен жағдайларды айтудан тартынған. Бірақ кейін балалар оқиғаларын айтып беріп, тәрбиеші ұсталған.
Сотта 43 жастағы педофилге 20 жылға бас бостандығынан, педагог қызметін атқарудан айыру, сонымен қатар өмір бойына балалардың тәрбиесімен айналысуына тыйым салу жазасы тағайындалды. Алайда ол бұл азапқа шыдамастан түрме торында өз жанын қиған.
Облысымызда да кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар тіркелуде. Өткен жылдың 9 айында 271 қылмыс анықталса, биыл осы кезең аралығында 166 жасөспірім жыныстық зорлыққа тап болған. Оның ішінде кәмелетке толмағандарды азғындау бойынша 19 дерек орын алып отыр.  
Үлкендер тарапынан жәбір көрген ең кішкентай сәбидің жасы небәрі 3-те ғана. Оған қол жүгірткен қылмыскер 54 жастағы азамат. Ол осы бүлдіршіннің апасының азаматтық некеде тұрып жатқан күйеуі, демек өгей атасы. Бұрын-соңды сотталмаған. Тіпті туған атасы болмаса да көз алдында құлдыраңдап ойнап жүрген сәбиге қиянат жасауға қалай дәті барды екен дейсің.
– Жеткіншектердің тағдырдың мұндай сынағына тап болуының бір ұшығы отбасындағы жағдайға да байланысты, – дейді балалар ісімен айналысатын облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімінің бастығы, подполковник Ғалым Құджақов. – Ата-аналар көбіне балаларын қараусыз қалдырады. Өгей әке-шеше қолында өскен жасөспірімдер зәбір көріп жатады. Егер отбасындағы ахуал дұрыс болса, баланың да өміріне қауіп төнбес еді. Сондықтанда біз мектептерге қауіпсіздік парақшаларын  таратып, балалар қараңғы жолмен, ағашты жермен жүрмеуін, бөтен адамдардың алдап-арбауына көнбеуін, тағы сол сынды сақтық шараларын насихаттаудамыз, – дейді.
Полиция подполковнигінің айтуынша, бүлдіршін зорлығына қатысты істе айыпталушының кінәсін дәлелдеу қиынырақ. Қылмыскер өз кінәсін мойындамайды. Үш-төрт жастағы балалардың есі әлі толық қалыптаспаған, біраз уақыт өткен соң физиологиялық жағдайға байланысты болған оқиғаны ұмытып қалып, қайта дәлелдеп бере алмауы мүмкін. Ал ата-аналар үрейшіл болып кеткен. Біреу баласының қолынан ұстап, бетінен сүйіп қойса да арызданып келеді. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарында педофильдерге қатысты жағдайлардың ашық насихатталып, ата-аналардың бойында қорқыныш пен үрей туындауынан орын алып отырғанын алға тартады. 


Ағамнан жәбір көрдім...


Шындығында бүгінде көп нәрсе ашық айтылуда. Ол арқылы бір жағынан ата-аналар мен жасөспірімдерді болар қауіптен сақтандыра алсақ, екінші тұстан мұндай жағымсыз нәрсені насихаттау арқылы соған бейім адамдардың қатарын көбейтіп алуымыз да ғажап емес. Алайда, ашық айта алмаудың салдарынан қаншама жастың тағдырына балта шабылды. Оған туысынан жәбір көрген мына бір бойжеткеннің айтқан әңгімесі дәлел бола алады. 
– «Әкем жиі ішіп, қаңғырып кететін. Ал анам күні бойы жұмыста болады. Мен үйде жалғыз қалатынмын. Сонда үйге әкемнің інісі келіп, есікті жауып алып, маған әртүрлі зорлық әрекеттер жасайтын. Онда 7-8 жасар қызбын. Шыңғырсам, аузымды күштеп жауып, «егер айтатын болсаң менен құтылмайсың, тіліңді, құлағыңды кесемін» деп қорқытатын. Бала болсам да оның жаман нәрсе екенін түсіндім, бірақ еш қарсылық көрсете алмадым. Бұл жағдайды анама айтуға қорықтым. Айтсам, қара аспан төнердей болатын. Тек «жұмысқа сізбен бірге барайыншы» деп жылап, артынан қалмайтынмын. Ертіп бара алмайтынын айтып, қалдырып кететін. Сол күннен бастап жүрегімде үрей мен қорқыныш орын алды. Енді қайтып бұл кісіден құтыламын деп жүргенде ол қылмыс жасап, сотталып кетті. Сөйтіп жылдар жылжып, мен де бойжеттім.  Бірақ, жігітпен кездесуге қорықтым. Көкейінде сан сауал. 
Бүгінде «неге сол кішкентай кезімде бәрін әке-шешеме айтпадым? Мен қызбын ба, әлде әйелмін бе? Қыз болмасам, ертең тұрмысқа кім алады мені? Болашағым не болмақ?» деп қапаланамын. Ауылда тұратындықтан гинекологқа да бара алмадым. Арманым – үлкен қалаға барып, дәрігерлік тексеруден өту, – дейді ішкі сырын ақтарған бойжеткен.  
Ләйлә есімді бүгінде қырық шамасындағы әйел де жасөспірім шағында өзінің нағашы ағасының зорлығына төзіп келген. 
– «Мен небәрі 8-сыныпта оқып жүрген кезімде туған ауылымды, ата-анамды тастап, үлкен қалаға қашып кетуіме тура келді. Үйге жиі келіп тұратын шешемнің інісі жалғыз қалатын кезімді аңдып, маған айуандық әрекеттер жасайтын. Соған төзе алмадым. Ол бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан еді. Ата-анама айтуға да дәтім шыдамады. Бір тілім хат тастап, қалада тұратын өзімнен бірнеше жас үлкен ауылдасымды паналадым. Кәмелеттік жасқа толмағандықтан жұмыс та табу қиын еді. Әбден өмірдің ащы азабын көрдім. Бір жігітке тұрмысқа шығып едім, онымен тірлігіміз үйлеспей ажырастым. Кейін өзімнен көп жас үлкен әйелі қайтыс болған бір адаммен тұрдым, оның да балалары үлкен болғандықтан күн көрсетпеді. О бастан тағдырыма балта шабылғандықтан ба, өмірден өз орнымды таба алмадым. Жан бағу үшін табылған жұмысты істеп жүріп жатырмыз. 
Араға талай жыл салып, ата-анама барып, жылап көрістік. Ара-тұра амандығымды айтып, хат жолдап тұратынмын. Үйдегі жалғыз қыз болғандықтан шешем қайғы жұтты. Әкем қызды бала деп есептемейтін, сондықтан менің бар-жоғыма аса қатты қайғырған жоқ деп ойлаймын. Нағашым болса, отбасылы, жақсы өмір кешіп тұрып жатыр. Кезінде талай мәрте оның қолы кісенделіп, түрме торына тығылғанын армандаушы едім. Қазір Алла тағала өз жазасын берер деп үміттенемін. Басқа салғанға көндікпеске амал қанша», – деді үлкен күрсініспен. 


Химиялық кастрация
мәселені шешудің жолы ма?


Міне, осылайша талай жастың бақытын ұрлап, өміріне өшпес дақ салатын педофилдерге қатысты қандай шара қолданған дұрыс? Бұл мәселе Парламентте талқыланып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыныстық қысым жасаған адамдарға химиялық кастрация жасау жазасы енгізілмек. Мұндай қатаң шара кәмелетке толмағандарға қысым жасаған, жасы 18-ден асқан адамдарға қолданылады. Бұл тұрғыда пайдаланатын препараттар жыныстық әуестікті төмендетеді. Сондай-ақ, ондай азғындарға бас бостандығынан айыру жазасы да қатар қолданылуы мүмкін.
Көрші қырғыз елі химиялық кастрация жасау мәселесін заңдастырып үлгерді. Еуропаның көптеген елінде де бұл тәсіл жүзеге асырылады. АҚШ-та 1990 жылдан бері мәжбүрлі түрде аталықсыздандыру туралы заң бар. Польша мен Чехияда мұндай қылмыскерлер түрмеде жазасын өтегеннен кейін міндетті түрде кастрациялық жолмен тарттырылады. 
Сауд Арабиясы, Қытай, Иран, Ирак, Индонезия, Оңтүстік Корея, Латын Америкасы мен Африканың көптеген елінде педофилдерге бірден өлім жазасы тағайындалады. Осы жайттарды ескерек, балалардың өмірін тас-талқан етіп, тағдырына балта шабатындарға аяушылықтың болмағаны абзал. Өйткені заңның солқылдақтығы қылмыскерлер санының күрт артуына әкеліп соғуда. Мәселен, ҚР Бас Прокуратурасының хабарлауынша, соңғы бес жылда елімізде кәмелеттік жасқа толмағандарды жыныстық қатынасқа күштеген оқиғалар екі есеге көбейген. 2010 жылы  1885 бала зорлықшылар қолынан зардап шексе, өткен жылы тағдыры тәлкекке түскен балалардың саны 3623-ке артқан. Биыл  кішкентай балаларды зорлау бойынша 26, ал кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жасалған осындай қылмыс бойынша 46 адам сотталған. 


Балаңыз жалғыз жүрмесін...


Баланы ересектердің зорлығынан қорғау үшін, прокурорлар бірнеше кеңес береді.
Ата-аналар күн сайын балаларын мұқият болуға тәрбиелеп, әрбір кішкентай нәрсенің өзін ескертіп, көшеде, үйде, мектепте, қоғамдық орындарда кездесіп қалуы мүмкін қиын жағдайдан қалай шығудың жолдарын да тәппіштеп көрсетуі тиіс. Мәселен, ересектер тарапынан қандай да бір қауіпті байқаса, баланы әрдайым “жоқ” деп жауап беруге, қажет жағдайда қатты айқайлауға үйрету керек. Егер біреу оны алып кетуге әрекеттенсе, “бұл менің әкем емес” деп қатты айқайлап өзгелерді көмекке шақырсын. Жасөспірім ата-анасына қайда бара жатқанын, қашан оралатынын әркез хабарлап отыруы қажет.
Бала үшін арнайы код, сөз немесе пароль ойлап тауып қою керек. Яғни, олар “сені алып кетуге ата-анаң жіберді, менімен бірге жүр” десе, бала бейтаныс адамнан әлгі кодтық сөзді талап ете алады. Осылайша, оның шын мәнінде өз жақыны немесе бөтен ойлы адам екенін анықтай алады.
Сондай-ақ балаға бөтен адаммен бірге ілесіп кетпеуді, көлігіне отырмауды үйретіп қойған жөн. Көшеде де жалғыз жүрмеуін қадағалау керек. Балаларға ересектер тарапынан болуы мүмкін қауіпті жағдайларды үнемі ескертіп отырған абзал. 
Ата-ана баласының проблемасы мен алаңдаушылықтары туралы біліп, оларды тыңдап, қызығушылықтарына мән беріп, оған дұрыс кеңес беруі керек. Тек осылай ғана баласын зорлық-зомбылықтан сақтандыра алады.
Жасөспірімдердің зорлыққа тап болуының бір салдары ата-аналардың қажетті деңгейде көңіл бөлмеуінен екендігін ескерсек, осы ескертпелерді балаларға мұқият үйретіп қойғанымыз және оларды үнемі бақылауда ұстағанымыз абзал. Елдің ертеңі саналатын балалар мен жасөспірімдердің санасы сергек, рухы мен тәні сау болсын десек, жауыздық пен қатігездікті, басқа да қылмыстық әрекеттерді насихаттайтын, кәмелеттік жасқа толмағандардың жүйкесі мен санасына кері әсер ететін бейнекөрсетілімдерді көрмеуін қадағалауымыз қажет. Осындай жағдайлар адамның санасын улап, түрлі әрекеттер мен зорлыққа баратындардың қатарын көбейте түсуі мүмкін. 

Қылмыстардың ішіндегі ең ауыры – қорғансыз бүлдіршіндерге аяусыз қастандық жасау дер едік. Кейбір ересектердің мұндай әрекетке баруы шындығында айуандық, адамдық азғындаудың шегі ме дейсің. Үлбіреп тұрған гүл өмірді таптайтын, адами болмыстан ада мұндай жандарды ең қатал үкіммен жазаласақ та артық етпес еді. Қабылданған жаңа заң жасөспірімдерге зорлық көрсетуге ниетті педофилдердің қатарын азайта түсер деп сенеміз. 

Алма Есенбаева