ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТАРЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА

Уақыты: 04.03.2019
Оқылды: 1028
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Жетісу жеріне арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бір топ депутатын қабылдап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесімен таныстырды. Сенаттағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным ӘЙТІМОВА, Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Динар НӨКЕТАЕВА, Нұрлан ҚЫЛЫШБАЕВ сынды халық қалаулылары «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы айтқан әлеуметтік қолдау шараларының орындалу шарттарын жұртшылыққа түсіндіру, Президенттің облыс әкімдеріне берген тапсырмаларының жергілікті жерлерде жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатымен келіпті.

Елдің түкпір-түкпірін аралап, халықпен жүздесудегі мақсат-міндеттеріне тоқталып өткен Бірғаным Әйтімова:
– Сенаттың шешімі бойынша «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінен кейін депутаттарға өңірлерге шығып, Елбасы көтерген бастамалардың нақты қалай жүргізілетінін халыққа түсіндіру міндеті жүктелді, яғни көпбалалы аналарға қандай көмектер беріледі, мүгедек бала асырап отырған отбасыларға қандай мүмкіндіктер жасалады, соның бәрін тұрғындарға ұғынықты етіп жеткізу тапсырылды, – деп Алматы облысындағы сапарды алдымен Текелі моноқаласынан бастайтындарын жеткізді. – Сонымен қатар тұрғындар тарапынан туындаған сауалдар мен проблемалар аудандық, облыстық немесе республикалық деңгейде шешілетін мәселе ме, болмаса заңнамаларға өзгерістер енгізу тұрғысынан шешуді қажет ете ме, соны анықтау да – осы сапарымыздың бір міндеті.
Сенаторларды алдымен облыстың даму мүмкіндіктерімен таныстырған облыс әкімі Амандық Баталов өнеркәсіптің аяқ алысы, ауылшаруашылығындағы басым бағыттар, туризмді өркендету шараларына тоқталып өтті. Сондай-ақ депутаттар сапарын бастағалы отырған Текелі қаласының даму көрсеткіштері жайлы да айтып берді. Ондағы «Суффле Қазақстан ашытқы зауыты», Шойын балқыту зауыты, Тау-кен өңдеу кешені сияқты іргелі кәсіпорындардың шағын қала тұрғындарын жұмыспен қамтудағы үлкен рөліне тоқталды. Әкім өз сөзінде облыстағы әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстарды да ұмыт қалдырған жоқ.
– Облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі былтыр 1 трлн. теңгеге жетті. Ал ауылшаруашылығында бұл көрсеткіш 700 млрд. теңгеден асты. Бюджеттің кіріс бөлігінің артуы да облыста әлеуметтік мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Біз облыста Әлеуметтік карта дайындадық. Онда әрбір елді мекендегі көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасы және олардың қандай көмекке мұқтаж екендігі туралы мәліметтер толық енгізіліп отыр. Осы карта әлеуметтік қолдау шараларында басшылыққа алынатын болады, – деген Амандық Ғаббасұлы көпбалалы отбасыларының үйлерін газға қосу, осы санаттағы отбасылардан шыққан балалардың жоғары оқу орындарында білім алуы үшін қосымша 100 грант бөлу, көпбалалы аналардың қоғамдық көлікте тегін жүруі, үйлерге улы газды анықтайтын 16 мың датчикті тегін орнату сияқты бірқатар шараны атап өтті. Облыстағы әлеуметтік қолдау шаралары партия съезінен кейін қайта қаралып, өзгертіліп, толықтырылғанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар әңгімелесу барысында өңірді газдандыру, Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу мәселелері туралы депутаттар қойған сауалдарға жауап беріп, осы бағыттағы атқарылған шаруаларды да айтып өтті.
Кездесу соңында облыс басшысының қабылдауына ризашылығын білдірген Б. Әйтімова Текелі сапары барысында өнеркәсіп орындарын аралап көруге, халықпен жүздесіп, пікірлесуге, оған қоса Ханзада Ага Ханның халықаралық қоры Текелі қаласында салатын Орталық Азия университеті қалашығының құрылысына қатысты жұмыстармен танысуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Оның айтуынша, бұл университет – халықаралық білім стандарттарына сай білім беретін, зайырлы ұстанымдағы айтулы оқу орындарының бірі болмақ.
Сенат депутаттарының Текелі қаласындағы бүгінгі сапары «Green Hоuse – Зеленый дом» ЖШС жылыжай кешенінен басталады, мұнан соң «Текелі тау-кен өңдеу кешені» ЖШС-да болып, «Металлург»  шағынауданының магистралды жылу жүйесін жаңғырту жұмыстарымен танысады. Одан бөлек, Текелі қалалық ауруханасына, балалар мен жасөспірімдер туризмі мен өлкетану орталығына, «Орталық Азия университеті» құрылыс алаңына баратын депутаттар қала жұртшылығымен кездесіп, Елбасының бастамасымен әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы шаралардың нақты қалай орындалатынын түсіндіреді.

Сағыныш НАМАЗШАМОВА,
облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы