КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ

Уақыты: 04.03.2019
Оқылды: 1256
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Республика бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен, жұмыспен қамту секілді әлеуметтік қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Осы туралы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының актив отырысында кеңінен талқыланды. Облыс әкімі, партияның облыстық филиалы төрағасы Амандық БАТАЛОВ аймақтағы атқарылуға тиіс және жоспарланып жатқан игілікті істерді тілге тиек етті.

Жиында Амандық Ғаббасұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмаларына жеке-жеке тоқталып, 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: 10 жылдыққа 10 мақсат» атты бағдарламасы мен партия Жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ерекше атап өтті. 
– «Nur Otan» партиясына 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында ел сеніміне ие болуға қосқан үлестеріңіз үшін барлықтарыңызға алғыс айтамын. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету үшін аймақта жол картасы әзірленді. Облыс орталығында екі көпқабатты тұрғын үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда және коттедждерден үй бөлу де қарастырылуда, – деген аймақ басшысы аудан, қала, ауылдық округ әкімдері өз аумақтарындағы жағдайды толықтай зерделеп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар туралы  мәліметті тоқсан сайын жаңартып, толықтырып отырулары тиіс екендігін айтты. Сонымен қатар өңірлерде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету орталықтарын ашуды тапсырды. Облыс әкімі Амандық Баталов жиын барысында халықты жұмыспен қамту, ең төменгі жалақыны көтеру және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы кешенді жоспармен таныстырды.
Мінбеге көтерілген Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров:
– Жыл басынан аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға 400 тонна көмір тегін жеткізілді. Азық-түлік, киім-кешек пен планшет табысталса, қомақты қаржылай көмек көрсетіліп, 361 адамға тегін медициналық жәрдем берілді, – деп осындай игілікті істер келешекте де жалғасын табатынын жеткізді. Ал «Айналайын» балалар үйі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, көпбалалы ана Мөлдір Жанайбекова:
– Мен жиырма жылдан бері тоқсан бес жастағы ананың келінімін. Қазақ әйелі қашанда төзімділігі мен сабырлығының арқасында отбасының ұйытқысы, елдің берекесі болған. Біздің жағдайымызды жіті қадағалап отырған  Елбасына барша аналардың атынан алғыс айтамын, – дей келе «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінде көтерілген мәселелердің орындалуына өз септігін тигізетінін мақтанышпен айтты.
Актив отырысында сөз алған «Алматинские краски» ЖШС директоры, съезд делегаты Римма Салықова кәсіпкерлердің «Nur Otan» партиясымен бірлесіп атқарып жатқан қызметтеріне тоқталса, жастар атынан сөйлеген Алмас Батырхан Жастар жылының маңыздылығын тілге тиек етті. Жиын соңында Амандық Ғаббасұлы партияның 20 жылдығымен тағы бір мәрте құттықтап, барлығын бірлесіп еңбек етуге шақырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ