АНАМНЫҢ ЖАҚҚАН ОШАҒЫ

Уақыты: 07.03.2019
Оқылды: 3393
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бірде журналист қоғам қайраткері Бекболат Тілеухановқа «Сіз естіген ең ерекше дауыс иесі кім?» деп сұрады. Сонда жыршы сәл ойланып барып: «Мен үшін әлемдегі ең ғаламат үн анамның айналайын дегені» деп жауап қатқан болатын. Бұл сәулелі сөз біздің де көкірегімізге алтын жіптей байланып қалды. Расымен де анаңнан қымбат, анаңнан артық қандай жан болуы мүмкін мына өмірде!? Әлемнің барлық жолдары анаға ғана апаратындай. Әлемнің барлық әндері анаға ғана арналуы керек сияқты көрінеді көзге.

 

Бұл ойға түрткі болған ғаламтор бетінде кеңінен таралған «Анамның жаққан ошағы» әні. Естіген жанның бойын балқытып, ауылдағы алаңсыз күндерді көз алдыңа әкелетін, анаңның мейірімге толы жүзі мен балалығыңның тәтті естеліктеріне жетелейтін туындының әуезі бөлек, әсері ерекше. Ақ орамалы желбіреп ошақ басында жүрген ғазиз жанның бейнесі менмұндалайды. Таңдайыңа иісі мұрын жарған таба нанның дәмі келеді. Сол тәтті дәм өмірдің ең бағалы сыйлығы іспетті. 

Біз осы әннің сөзін жазған Жайықтың ақыны Мұнайдар Балмолдамен тілдескен болатынбыз. Қаламгер өлеңнің шығу тарихына тоқталып, композитор Гүлнұр Нұрасылованың талантына дән риза болды.

– Бұл туындының шығуына себеп әнде айтылғандай көп қазақтың ауласынан табыла кететін тастан қалап, сазбен соққан мұржалы қара ошағы дер едік. Балалық шағымыздан есімізде, сол ошаққа пісірген астың, бауырсақтың дәмі тілімізден кетпей, ал түтіні мен күйесі киедей көңіл танауын қытықтап жатады. Кейін ауылға табиғи отын, яғни, газ келді. Көптеген үй ошақпен қоштасты. Әйтсе де басымы ошақты қалдырды. Біздің үйдің ауласында да қоңыр ошақ қалды. Анамыз соны пайдаланып жүрді. Кейін жеңгеміз де ас-суын сонда пісіретін. Қаладан үйге барған сайын көзім соған түседі. Кейінгі жылдары барғанымда, қыс кезінде қара ошақ қар астында қалыпты, тоңып жатқандай көрінді. Жүрек дір етті. Көңіл тебіренді. Содан көп кешікпей өлең туды. Өлеңнің әнге айналу-айналмауын күткенім де жоқ. Бірақ осыған дейін лирикалық бірнеше әніміз шыққан соң алыстағы композитор қарындасым Гүлнұр Нұрасыловаға ұсындым. Ән туды. Әсем ән. Өлең тақырыбы жалпы қазаққа ортақ қой, сондықтан композитордың жан жүрегін қозғап, осындай әннің шығуына сөздері себеп болса керек. Сөйтіп ән алғаш күннен-ақ Әліби Бекайдар мен Гүлнұрдың орындауында халыққа жол тартты. Бірден жүректерге жетіп, бағасын алып жатты. Кейін сазын өңдеді, ән одан сайын әрленді, әуеледі. Ал биыл бейнебаянын жарыққа шығардық. Әннің қысқаша тарихы осындай. Өзіміздің һәм бүкіл отбасының аналарына, ақ жеңгелерімізге арналған сұлу ән, – дейді автор қуанышын жасырмай.

Анаға арналған әннің бәрі ұлы. Себебі «ана» деген сөздің өзі ешбір теңеуді бұйым көрмейтін қасиетке ие. Содан болар бұл әнді тыңдарман жылы қабылдады. Бүгінде әрбір қазақ баласының ұялы телефонынан ұя тапқан. Оны орындаған өнерлі отбасы Әліби Бекайдар мен ән авторының бірі Гүлнұр Нұрасылова қазақы мақамға салып, қос аспаптың ырғағымен әуелетіп, көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. 

– Мен әннің сөзіне ерекше мән беремін. Молайдар ағаның шығармашылығымен әлеуметтік желіде таныстым. Осы өлеңін бірден ұнаттым. Жалпы өзімнің көңілім түскен, жүрегімді тербеткен өлең жолдарын ырғаққа салып көремін. Бірақ бұл туынды бірден жүрегімді жарып шықты десем артық айтпағаным болар. Бәрімізде анамыз жаққан күйелі де киелі ошақтан дәм таттық қой. Ауылда өскен соң бәрі де сол бір албырт шақтарды ойға оралтады. Әрине сағынасың. Бұл ән бала күнімнің жаңғырығы секілді маған, – дейді композитор қызыққа толы балдәурен сәттерге бір саяхат жасап.

Тас ошақтан шайын қайнатып, асын әзірлеп құлынын сабақтан күткен ана жүрегі ізгіліктің тұнбасы. Аялы алақанына құс ұя салғандай көркем. Шайы орамалы таудың шоқысын жапқан аппақ қардай, пейілі даладай дарқан, құшағы оттан да ыстық. Содан да болар бұл әннің көпшіліктің көңілін толқытқаны. Құрметті оқырман, анаңызды сағынсаңыз «Анамның жаққан ошағы» әнін тыңдаңыз. Мүмкін, аңсарыңыздың ақиқатқа айналуына жәрдемдесер. 

Қабыл ИСА