ШАҢЫРАҚТЫҢ ЖЕТІ УЫҒЫ

Уақыты: 07.03.2019
Оқылды: 989
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мынау ғазиз ғаламда ең аяулы дауыс – сәби үні. Ұлы ұйқының шырмауына түскен дүрия дүниені іңгәлап оятқан сол бір нәзік дыбыста айрықша құдірет бар. Естіген жанның жүрегі езіліп кетердей күйге түсетіні содан. Бақыттың кілті оның күлкісіне жасырынғандай көңіліне кірбің түсірмеуге тырысасың. Өміріңнің шуақты сәті сол арқылы көрініс табардай періште болмысына дақ жолатпауға серт етесің. Өне бойыңды белгісіз бір сәруар сезім шарпып, жаның ізгілікке боянады.

 

Адамға табиғат таразы. Сенің әрбір жетістігің ұрпағыңның басқан адымымен өлшенеді. Бір сәт аспан құрсағын жарып шыққан күннің сәулесіне көз тастаңызшы. Шұғыласымен шексіз әлемді ырқыңа көндіріп тұрған жоқ па? Сол сияқты адамзат атаулысы артынан ерген балаларымен биік те беделді. Тау жықпас күшке ие. Неғұрлым ізіңді басар жанашырларың көп болса, соғұрлым өрісің кең. Әр атқан таңың терезеңнің алдына солмас сенімнің гүлін қойып кеткендей, әрбір күнің мейірімділіктің мерекесіне айналғандай әсерде боласың. Бұл керемет күй – Тәңірдің маңдайыңа жазған бағы. Тарамыс тағдырдың сарқылмас сыйы. Берекесін бесікке бөлеп, тоқтаусыз тербеткен дана қазақ «балалы үйдің – базар» екенін айтып, о бастан-ақ болашағын бағдарлаған. Ол базарда уысқа сыймайтын кішіпейілділік пен құшағы ыстық бауырмалдық, тамыры тереңнен өріс тартқан тектілік пен қара орман қарапайымдылық бар. Ғанибеті сол, адамға керек асыл қасиеттің бәрін тегін үлестіреді онда. Сонысымен де жанға сая, көңілге медет. 

Иә, мемлекеттің басты байлығы – перзент. Әңгімеміздің әлқиссасын арыдан бастағанымыз сол. Төбедегі жазулар көкейде оянған тіркестер. Біз мысалға алғалы отырған кейіпкерлеріміздің жүзінен төгілген қуаныштың самалы. Көңілімізді толқытқан ордалы отбасының ошағынан түзу ұшқан түтін Көпбірлік ауылының көзкөргендерінің мақтана айтатын мақалына айналғалы қашан?! Жеті бірдей баланы тәрбиелеп отырған Ағдарбеков әулетінің бүгінде мәртебесі биік. «Шаңырағына құт қонған» деседі ауыл ақсақалдары тілеуін тілеп. 

Бізді қызықтырғаны бұл ғана емес, үлкен отбасының алдымен алты бірдей шолпытағарды үкілеп, артына Алла жарылқап қамшыұстарды өмірге әкелгендігі. Бірінен-бірі аумайтын бұрымдылары баға жетпес байлығы болса, соңынан келген батыр қордалы қазына. Арпа ішіндегі бір бидайдай өзі. Десе де, Ағдарбековтар әулетінің отағасы Жеңісбектің қыздары дегенде шығарда жаны бөлек.

– «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» дегендей, құлындарымның аман жүргенінен артық ештеңе жоқ. Бір-біріне деген құрметін, сыйластығын көргенде мәз болып қаламын. Әрқайсысы мен үшін үлкен шың. Бұзықтықтары да бар. Үлкен қыздарым артынан ерген кіші сіңлілері мен інісіне қамқор. Бұлардың қалай тез өсіп кеткенін де байқамай қалады екенсің. Маған қатарынан қалмай, дені сау болып, күліп-ойнап жүрегені қажет. Бар тілегім осы, – дейді әкесі елжірей сөйлеп.

Жеңісбек Ынтыбеков ауылда мал дәрігері болып қызмет етеді. Ал отанасы Әсел Сәдуқызы бала күтімімен қазір үйде отыр. Үлкен қызы Назерке І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің білімгері. Одан кейінгі Ардақ, Аяжан, Жанбота, Айзере мектеп қабырғасында. Биыл екінші қызы Ардақ 11-сыныпты бітіріп, мектеппен қоштасады. Келешекте дәрігер болсам деген жоспары бар. Ал Еркенұр болса 3 жаста. Оның бар ермегі әкесі алып берген қуыршақтар. Сүт кенжесі – Ағым. Ағым енді бірге толады. Анасы Әселдің құшағында. Тілі жаймен шығып келеді. 

– Біздің балалар тыныш. Әлде басым көпшілігі қыз болғандықтан ба екен?! Үй шаруасынан қиыншылық көрген емеспін. Бәрі де маған қолғабыс. Тіпті, әкелері жоқта ер баланың жұмысын да атқара береді. Барлығы да көзқуанышымыз ғой, бірінен-бірін артық жақсы көреміз деп айта алмаймын. Үлкен киімді кішісі киіп, кішісінің киімін үлкені жуып, бір-біріне қарайласып жүреді. Өзім іштей қуанамын да үлкендерімнің бәрі қыз болғанына. Қыз деген отбасының ұйытқысы. Өздері ақылын ортаға салып, қиындықты жеңіп шығуға жігер беріп отырады, – дейді көпбалалы ана.

«Өмірге бір қозы келсе, бір түп жусан артық шығады». Бұл бабатаным сіңірген түсінік. Жаратқан иеміз әр адамның несібесін бөліп қойған. Сондықтан дүние есігін ашқан әрбір бүлдіршін жақсылықтың бастауы. Әрі мемлекеттің іргесін нықтар үлкен рухани құндылықпен пара-пар. 

Отбасының мерейі – Отанымыздың мәртебесі. Шынында еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан көпбалалы отбасының тіршілігі жан тербейді. Жеті бірдей баласы өмір теңізінде желкен түзіп, тағдыр дауылына тосқауыл болары сөзсіз. Біз Әселдей аналарымыздың көп болуын тілейміз. Әрбір қазақтың шаңырағынан сәбидің күміс күлкісі шалқып, жөргектің иісі аңқысын дегіміз келеді.

Мұхтар КҮМІСБЕК