КЕЛІНІ ЖАҚСЫНЫҢ КЕРЕГЕСІ АЛТЫН

Уақыты: 07.03.2019
Оқылды: 4626
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Келін жаңадан ақ босаға аттаған сәтінен бастап оның әрбір сөзі мен қимылын, әдеп, тәртібін байқап, сынайды. Осындай сындардан сүрінбей өтіп, сыйластығы артқан абысын-ажындар жоқ емес. Бірге тұрып, кез келген мәселені бірлесе шешіп үйренген, «сенікі, менікі» деп бөлінбей, қазан-ошақтың басындағы жұмысты ұршықша иіре жөнелетін абысындар отбасылық өмірдегі қиындықтарды бірге еңсереді. Өйткені, оларда ауызбіршілік жақсы, жанашырлық басым. Қуаныштысы, Талдықорғанда да сондай отбасылар бар. Солардың бірі – БОДЫҚБАЕВТАР әулеті. 

 

Бүгінде Қабден ата мен Жібек әже 70-тен асқан алтын той иелері. Дүниеге 5 перзент әкелсе, соның екеуі қыз. Көпбалалы ананың қыз бен келін тәрбиесіне қатысты айтар ақыл-кеңесі мол. Ақ жаулықты әже небәрі 19 жасында келін атанып, ата-енесінің, қайнылары мен қайын сіңлісінің бабын тапқан кісі. Алған ақ батасының қайтарымы шығар, бүгінде қос келіні қолында тұрады. Ата-ененің тәлімін алып, өз ата-анасындай көреді. Келіндері Меллетхан, Данагүл, Ғалия апалы-сіңлідей тату. Қариялар келіндерін қыздарындай көреді. 

«Келін ененің топырағынан», «Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап», «Келелі сөзді келін де айтады» деп нақылдаған дана қазағымыз келін мен ененің өз орнын әлдеқашан айғақтап берген. Осыны негізге ұстаған бұл отбасының басты ұстанымы – татулық пен сыйластық. Ер-азаматты сыйлауы да айрықша. Онысын енесінің атаның сөзін қас-қабағына қарап ұғуынан білген. 

Қабден атаның айтары мол, берері көп. Аталы сөз бен баталы сөздің иесі, көненің көзі ретінде әрқашан жас ұрпаққа өнеге айтар осындай ақылгөй дария, дана қажет. Мәуелі бәйтеректей ұрпағымен жайқалған ардақты ақсақал бұл күнге жеткізген Аллаға мың шүкір дейді. Абыздың самайын ақ шалса да жүзінен жылылық лебі еседі. Ойы салмақты, сөзі қуатты, жүрісі ширақ болса да соңғы уақытта денсаулығы сыр бере бастаған. Инсульт алып, ота жасатты. Қарияның бір ғана арманы бар. Ол – ұрпағының бақытты жүзін көру.  

«Қарты бар үй қазыналы» демекші, бұл шаңырақта ұлттық салт-дәстүрге ерекше мән беріледі. Қазақтың жөн-жоралғыларын, әдет-ғұрпын ұстанып, кейінгі ұрпағына соны ұғындыруда. Жыл сайын ұлық мейрам Құрбан айт кезінде құрбан шалынып, жоқ-жітіктерге көмек көрсетеді. Одан бөлек, жаңа жылымыз – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін де барлық сән-салтанатымен атап өтеді. Қыз ұзатып, келін түсіру салты өз алдына. Бұл үйде әрқашан аруақтарға Құран бағышталып, көрші-қолаңға, құда-жекжатқа, ағайын-туысқа омыртқа беріледі. 

Алланың бұйырған ғұмырын өз ақыл-парасатымен мәнді еткен қария ел жаңалықтарына әр кез елең етіп, Жаратқаннан жақсылық күтеді. Газет-журнал оқып, теледидар қарап, радио тыңдайды. Өмірден көргені мен түйгені мол әжей келіндерімен шүйіркелесіп, өткен-кеткендерін жиі еске түсіреді. Бұл да бір қарттықтың жақсы белгісі болса керек. 

Әрине, әдемі қартая білгенге не жетсін?! Келіндерін қызындай көретін әзиз ана оларға әрқашан ата-ене, абысын-ажынмен тату-тәтті болу керегін айтып отырады. Өз кезегінде келіндер әженің айтқан әрбір өсиеті мен ақылы, берген тәлім-тәрбиесі көкейде, көңілде мәңгі сақталады дейді. 

– Әжеміз бізге ақыл айтудан еш жалыққан емес. Қыз баланың әдепті, ибалы, инабатты болуы керек екенін айтып, үлкен кісіні сыйлап, алдынан кесіп өтпеуді әр кез есімізге салып отырады. Отбасының әрбір мүшесі мені туған қыздарындай көреді. Осындай үлкен шаңыраққа келін болып түскеніме өзімді бақытты сезінемін. Ата-енем әке-шешемдей болып кетті. Ақылын айтып, көмегін аямайды. Кенжелеріміз Альбина мен Сабина (егіз – ред.) дүниеге келгенде анам көп көмектесті. Үй шаруасына үлгермегенімде қабақ шытқанын байқамадым, – дейді Жібек әжейдің кенже келіні Ғалия.  

Жібек әженің айтуынша, келіннің қыздай болуы енеге тікелей байланысты. Үлкендер тарапынан құрмет пен түсіністік болса, келіннің де құрметі зор болмақ.

«Үш балам да келінді өздері таңдады. Ешқайсысына араласқаным жоқ. Үлкен келінім 18 жаста болды. Қолымда 13 жыл тұрды. Бір қызығы, кенже келінім Меллетхан (үлкен келіні – ред.) екеуі әпкелі-сіңлі. Абысындар тату», – деп әңгімесін бастаған әже үш келінін де ене мектебінен өткіздім дейді.

«Алғашында білмегендері көп болды. Ене ретінде оларға білмегенін үйрету – менің парызым, менің мектебімнен өтті ғой (күліп). Себебі ұлдарымның тату-тәтті өмір сүруі ене мен келіннің де қарым-қатынасына байланысты. Оларға мен тек ене емес, аналарындай көзқарас таныттым. Аллаға шүкір, үш келінім үш жағымнан тірлігін жасап, мені ренжіткен емес. Шүкір, келіндерім өз қызымдай. Кейде ұлдарым «Келініңізді жақтай бересіз. Өзі кімді дүниеге алып келдіңіз?» деп қалжыңдайды. Мен оларға үнемі «мен әйелдер жағындамын» деп айтып отырамын. Құда-құдағиларым да жақсы адамдар», – дейді тәжірибелі енесі.

Бүгінде екі келінімен бір үйде тұратын Жібек Бодықбаева: «Үш келінім тәп-тәтті 11 немере, 3 шөбере сыйлады. Жолдасым екеуміз солардың қызығына тоймай жүрміз. Немере балаңнан да тәтті болады деген шын екен», – деп ағынан жарылды.

Келіндер татулығы бұл шаңырақтың бар қасиетін арттырып тұрғандығын аңғардық. Өйткені апаның үлкен келіні мен ортаншы келінінің бір-бірімен сыпайы сөйлесіп, бір-біріне құрмет көрсетіп отырғандары жарасымды көрінді.

Осы тұста келіндерді әңгімеге тартқан едік. «Анамыз босаға аттаған күннен бастап: «Қысылмаңдар, бұл да сендердің үйлерің, бастысы, ерлер қауымын ренжітпеуіміз керек», – деп кеңесін айтты. Әлі күнге дейін сондай. Ешқашан қаталдық танытпады. Таңертең мына уақытта тұрыңдар деген талап та қоймады. Кейде ас-ауқат көңілден шықпай қалса, «әкеміз» (әулеттің отағасы – ред.) бен күйеулеріңе көрсетпеңдер деген анамыздың сөзін тыңдап, үшеуіміз жабылып жүріп, басқа тағам пісіре салатынбыз. Осы күнге дейін сөзге келіп көрмеппіз. Ата-ененің айтқаны – заң. «Қайдасыңдар, үйге қонақ келді», – десе, тезірек шаруамызды бітіріп, үйге асығамыз, – дейді. 

Меллетхан: «Анамыз өте қарапайым. Қонақжай адам. Үлкен немересі Лаура дүниеге келгенде көрші-қолаңның терезесін қағып, жар салып, барлығын қонаққа шақырды. Қырық күн тойлатты. Одан қалса қонаққа барса, әкелген сарқытының барлығын немерелеріне береді. Қара сөмкесін ашып жіберіп: «Шашу ғой. Қарғаларым, жеңдер», – деп бар тәттіні солардың аузына салады. Немерелерін «қарғаларым», «сары тышқан», «қара тышқан» деп еркелетеді, – деген жан сырымен бөлісті. 

Шаңырақтың түтінін түтетіп, берекесінің ұйып отыруына үлесін қосып жүрген Данагүлдің келін болғанына 9 жыл болса,  Ғалияның 7 жылдық дәрежесі бар. 

«Менің бұл шаңыраққа келін болып түскеніме 28 жыл болды. Әлі есімде, он сегіз жасымда келін атандым. Жап-жаспын, көп нәрсені білмеймін. Енем байыппен бәрін үйретті. Дұрыс ештеңені білмедім. Тіп­ті, неке куәлігін алу керектігін де ұмытып кетіппіз. Оны енем өзі рәсім­деп, реттеп әкеліп, қолыма табыстады. Ең керемет әрі жанашыр адам кім десе енем деп айтар едім. Абысындарыммен татумыз. Тіпті құрбылардай сырласамыз. Енеміз үшеумізді де тең­дей көреді, – деп үлкен келіні Меллетхан сыр шерткен уақытта әжейдің көзінен қуаныштан жасы тамшылады. Шы­нымен де, күнделікті айтыла бермейтін мақтау сөз кімнің де болсын көңі­лін жұбатады. Көз қиығымен атамызға қарап едік, ол кісі де білдіртпей жасын сүртті.  

Берекелі отбасында барлығы өнерге жақын жандар. Немерелерінің бірі қоңыр дауысты әнші, мың бұралған биші болса, енді бірі тілшілік тіршілікті таңдаған. Бәлкім, онысы Қабден атадан дарыған болар. Денсаулығы сыр бермей тұрғанда көпті өзіне қаратып өлең шығарып, ұлттық аспапта сүйсіндіре ойнай білген екен. 

Сұхбат соңында 73 жастағы абыз ана ене мен келіннің қарым-қатынасы туралы өз кеңесімен де бөлісті.

– «Келін өз орнын білуі керек» де­генге мүлдем келіспеймін. Олар да біреудің мәпелеп өсірген қызы. Келінге алдымен ене үлгі болуы қажет. Келінді тәрбиелейтін біз ғой, енелер. Олардың жаңа отбасыға сіңісіп кетуіне бірнеше жыл керек. Осы жылдар ішінде ене жылы қабақ таны­туы шарт деп ойлаймын. Білмеймін, әркімнің жағдайы әртүрлі. Өз басым ұлдарыма келіндерімді жаман­дап, «мынаны дұрыс жасамады» деп айдап салған емеспін. Барлығына түсіністікпен қарау керек, – деп сөзін түйді.

Өмірдің өкпек желіне төтеп берген ар­дақты ананың ендігі тілеуі – бала-шаға мен елдің амандығы. Мәуелі бақтай жайқалып, көзінен қуаныш пен шаттықтың ұшқыны анық аңғарылған әжейдің жүзінен бақыттың белгісі анық сезілді.
«Ағайын тату болса ат көп, абы­сын тату болса ас көп» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Ынтымақ-бірлікке, татулыққа шақырған осы сөз өз мәнін әлі күнге жоғалтпады, жоғалтпайды да. Тек арзан дүние үшін араздасып, қымбатыңды жоғалтуға болмайтынын қариялар жастар бойына ерте жастан сіңірсе, ертеңіміздің еңселі болары анық. 

Еңлік ҚАБДЕШ