ЖАРКЕНТ ЖАСТАРЫ МҮМКІНДІКТІ ЖІБЕРМЕЙДІ

Уақыты: 11.03.2019
Оқылды: 1249
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасовтың бастауымен өңірде Жастар жылы салтанатты түрде ашылды.

 

Бұл мерекелік іс-шараның өтуіне жастар ресурстық орталығының жетекшісі Ерлан Нарынбаев және Жаркент гарнизонының бастығы подполковник Арман Асанбай үлкен қолдау көрсетті.

Жиынға Астанадағы «Нұр Әлем» павильонында өткен «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар мен спортшылар, студенттер мен жұмысшы жастар, дарынды оқушылар және 74261 әскери бөлімінің қызметкерлері де қатысты. Осы кешке қатысқан барлық жастар болашақта ел іргесінің нық қалануына зор үлестерін қосатындарына сенім білдірді.

Жаркент гарнизонының бастығы подполковник Арман Жансейітұлы: «Панфилов аудан жастарының болашақта өз кәсібінің білікті маманы болатынына сенімдімін. Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауы бұл жастар үшін жасалып отырған үлкен мүмкіндік», – деп жастардың жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.
Елбасымыз бұл жылы жастарға ерекше көңіл бөлінетінін Жолдауда атап өткен болатын. Жалпы елімізде жастарға мемлекет тарапынан әрқашан жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан биылғы жыл әрбір жас ұрпақ үшін сәтті өтуі тиіс.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы