Үлкен арман болу керек адамда

Уақыты: 18.10.2016
Оқылды: 1815
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінгі қоғамда жақсы адамдар      көп. Біз оның бірін білсек, екіншісін  көрмей жатамыз. Жүрегі жақсылыққа құмар жандардың бір ғана мақсаты бар. Ол – адамдарға көмек беру. Сондай жанның бірі өз ісін бастап, шама-шарқы келгенше тұрмысы төмен, көп- балалы отбасына қайырымды іс жасауға талпынып жүрген  Ажар Қыдыралина. Жақсы адам жайлы естіп, көпшілікке игі ісін насихаттап, жұмыла жүріп жақсылық жасауға көпшілікті шақыру мақсатында қоңырау шалдық. Тұтқаның арғы жағынан естілген дауыстан ерекше мейірімділікті байқадық. Кездескенде нәзік жанды болса да, ер-азаматқа тән істі бастаған аяулы жанға разы болдық. 

ӨМІР, ӨМІР, БОЛМАЙДЫ ТҮҢІЛУГЕ. Рас, өмір болған соң оның бізге берер тосынсыйы да өте көп болады. Ол мұхитта әртүрлі адамдар өмір сүреді. Әркімнің мінген кемесі мен қайығының бағыты мен бағдары өзгеше болатыны анық. Дегенмен, бәріміз де жұмыр басты пенде болып, жұмылған алақанмен өмірге келіп, ашылған алақанмен өмірден өтетінімізді ұмытпағанымыз жөн. Өкінішке орай, қолымыз сәл ұзарып, мансабымыз бір табан жоғарыласа таныс тұрмақ туғанды танымай, сырт айналып кететін жаман әдетіміз де жоқ емес. Бірақ дәулеттінің көбі сондай деуден аулақпыз. Біз мұның барлығын заманға, қоғамға ысыра салуға бойымызды әбден үйретіп алдық. Ақиқатында ол тек адамның өзіне байланысты екенін көбіне мойындай бермейміз.
Жаратушы адамды жоқтан бар етіп жаратқанда маңдайына өмір жолын бірден айқындап беретіні бесенеден белгілі. Өйткені үлкендеріміздің: «Маңдайыңа жазылғанды көресің. Одан артық ештеңе болмайды», – деген сөздері көп дүниенің бетін ашып бергендей. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің де өмірден түйгені осы. 
Киелі Сарқан өңірінде дүниеге келген Ажар Сыдықбекқызы туғанынан сал ауруымен күресіп келеді. Тағдырдың тосынсыйын жымия көтерген бойжеткен мектеппен қоштасып, Шым қаладағы есепші техникумына оқуға түсіп, өмірлік серігімен сол жерде табысады. Шаттыққа толы шаңырақ көтеріп, өмірінің өзегіне айналған қызын дүниеге алып келеді. Өкінішке орай, бақытты да баянды күнінің аспанын қара бұлт торып, отбасының асыраушысы, қамқоршысы, өмірлік серігінен мәңгілікке айырылады. Әрине, жаны нәзік жан үшін тағдырдың бұл соққысы оңай болмады. Десе де көзінің ағы мен қарасына айналған қуанышын қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, оң босағасынан ұзатып шығарады. Жар алдындағы аманатын ақтаған аяулы ананың ендігі тілеуі – бала-шағасы мен тәп-тәтті немерелерінің амандығы. 
ТАҒДЫР ТАРТЫСЫ ТЫМ АУЫР. Иә, тағдырмен бетпе-бет жолығып қалсаңыз да одан сырт айналып кете алмайсыз. Ажар Қыдыралина өзінің елу үш жылдық өмірінде осыған көз жеткізген. Ол жастайынан өзгенің қамын ойлап өскендігін мақтанышпен айтады. Бойына біткен нәзіктігімен сөз бастаған ол: «Мен бала күнімнен түрлі жағдайды басымнан кештім. Сонда да күресуден шаршаған жоқпын. Үнемі жеңіп келемін. Жеңілу дегенді мүлде елестете алмаймын. Мұхтар Шахановтың: «Адам болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» – деген сөзі үнемі ойымда жүреді», – деді сәл жымиып. Оның ойынша, он екі мүшесі сау болса да, мүгедек болса да адам ешқашан құралақан, қол қусырып отырмағаны дұрыс. Қысқасы, еңбек етпеген адам Алла берген нығыметтен айырылады. Тепсе темір үзетін азаматтардың жұмыссыз жүргенін былай қойғанда жалғызбасты онымен қоса туа бітті мүгедектігі тағы бар әйелдің ерлігі ерен. «Екі қолым, екі аяғым қимылдап тұрғанда жақсылық жасағым келеді. Біздің қоғамда жақсы адамдар көп. Солардың қолдауымен тұрмысы төмен отбасылардың жағдайы жақсарса деймін. Түннің соңынан күн шығатыны секілді өмірде көп жақсылық болады деп ойлаймын. Әрбір адам бақытты әрі жақсы өмір сүрсе деймін. Өмір деген сынақтың қадірлі қонақтары жақсылық жасамай өмірден өтпесе екен. Тіпті, әрбір мұсылманға міндеттелген садақасын да ұмытпай, беріп тұса деп ойлаймын. Ол – өздері үшін қайырлы болады», – деген бірауыз жылы сөзінің өзі жан тербетеді.
Кейіпкеріміз көптен бергі орындалмай жүрген арманымен де бөлісті. Тағдырдың ащы дәмін татуындай-ақ татқан жұмыр басты пенде өзінің емес, өзгенің қамын көп ойлайды. Өмірімнің көбі кетіп, азы қалған тұста артыма өшпестей із қалдырсам деген ниетінің ақтығы, пейілінің пәктігі көпке үлгі боларлық. Оның бала күнінен мұқтаж жандарға арналған шағын цех ашсам деген арманы күні бүгінге дейін өз күшін жойған емес. Алдағы уақытта мұны да іске асырамын деген мақсатта тынбай еңбек етуде. Сауда үйінің сөрелерінде тұрған әдемі көйлекті бірі кисе, екіншісі кие алмайтынын жиі ойлайтынын айтқан Ажар ханым өзінің басынан кешкен қиындықтарын басқалары көрмесе, сезінбесе екен дейді. Олар да қатарынан қалмай, қалаған заттарын алып, қызыққан киімдерін үстілеріне іліп, әдемі болып жүргенін қалайды. Өмірдің сынағында сынға түскен жандарды көрсе солармен сөйлесіп, ақыл-кеңесін айтып, өмірдің әрбір сағаты, тіпті минуты мен секундының өзі соншалық қымбат екенін түсіндіруге асығады. Ол қанша қиналса да көпшілік пайдаланатын қоғамдық көлікпен жүргенді қалайды. Мүгедектігіне байланысты берілетін жол жүру билетін пайдаланғысы келмейді. Себебі, намыстанады. Ол барлық адаммен тең өмір сүргенді жөн деп біледі. Әйел заты болса да намыс деген қасиетін жоймауға тырысады. Қазақ қыздарының бойына біткен қайсарлықты қашан да мақтан тұтуға болады.
ЕЛГЕ ПАЙДАМ ТИСЕ ДЕЙМІН. Бұл – Ажар Сыдықбекқызының өмірлік ұстанымы. Әкенің таза қанымен, ананың ақ сүтімен бойына дарыған қарапайымдылығы оны заңғар көкке жетелейді. Өзімен тағдырлас жандарды да биікке шығаруға талпынады. Бүгінгі таңда Ажар Қыдыралина мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосып, көпшілікке көмек қолын ұсынатын «Жігер» үкіметтік емес ұйымын басқарады. Басқарады деген ресми аты ғана. Әйтпесе барлық шаруаға өзі жүгіреді. Қамқоршы қарлығаштай қанатының астына тағдырлас жандарды жиып, игі істерді тындыруға тырысып жүрген аяулы ананың арманы асқақ. Ол қалталы, жағдайы жақсы адамдар мен тұрмысы төмен отбасылардың арасына алтын көпір орнатқысы келеді. Сөзбен емес, іспен нәтиже көрсетуге жаны құмар жанашыр жан осыдан бірнеше жыл бұрын ескі танысымен бірігіп, аяқкиім тігетін дүңгіршек ашқан. Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына тегін көмек көрсеткен. Телеарнадан көріп, газет-журналдардан кәсіпкерлерге қолдау көрсететін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына барып, мамандардан арнайы сабақ алған. Араға біраз уақыт салып, аталған қордың көмегімен тігін ісіне қажетті материалдық көмек алған. Бүгінде бұл іс өзінің деңгейінде атқарылып келеді. Қаладағы қарт кісілердің, тұрмысы төмен отбасылардың аяқ- киімдерін үйінен алып кетіп, тігіп, жөндеп қайтадан алып баратын Салимолла Беймолдиндай жанашырын мақтанышпен айтып, жаны жомарт азаматтар көп болса деп тілейді. 
Таяуда ғана облыс орталығындағы «Шолпан» сауда үйінен бір бутикті жалға алып, тұрмысы төмен отбасы мүшелеріне тегін киім беруді қолға алған. Қалада ең алғаш мұндай қайырымдылық шарасының тұсауын кескен жанашыр жанға бүгінгі таңда туған-туысы зор қолдау танытып келеді. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да тегін киім алуға келушілер саны көбейген. Көбіне көпбалалы отбасылар келіп, мәре-сәре болып, киюге жарамды, шақ келген киімдерді алады. Олардың қуанғанынан күш-қуат аламын деген кейіпкеріміз: «Дәл 31 тамыз күні құрбым Көктал ауылында тұратын көпбалалы ана баласын 1 қыркүйекке киіндіре алмағанын айтып хабарласты. Содан екі кеште жүгіріп сіңлімнің үйіне бардым. Баласының былтырдан қалған жейделерін алып, әпкемнің шаңырағына барып, немересінің мектеп формасын сұрап алдым. Құрбым да өзінің туған-туысынан  балаларының киімдерін жинап, түнгі сағат 23.00-де Көктал ауылына барып, киімдерді апарып бердік. Қуанғанынан көзіне жас алған келіншек бізге рахметін айтып, риза болды. Біз бұл істі өзіміздің адами құндылығымызды сақтап қалу мақсатында істейміз. Адам адамды қуантып, жақсы сөз айтып, жылы тілек білдіріп жүру керек қой. Бұл өмірге бәріміз қонақпыз. Қамшының сабындай ғана өмірде сыйласып өткенге не жетсін?! Сондықтан да, көп болып, бірігіп көпке жақсылық жасауға асығайықшы. Оларды қуантуға, балалардың риясыз күлкісін көруге әрекет еткеніміз жөн», – деген аяулы ананың жүрегі жақсылыққа құмар.
Біз көбіне ысырапшылдық жасап, қып-қызыл ақшаға сатып алған киімдерімізді бір жыл кисек кидік, кимесек отқа немесе қоқыс жәшігіне тастай саламыз. Ал сол киімді сатып алуға жағдайы келмей отырған қаншама отбасы бар. Олар тіпті  киім емес, кей күндері бір бөлке нан сатып алуға ақша таппай қалады. Бір уақыт мұндай отбасылардың да тұрмысымен санасқанымыз жөн. Егер де кімде-кім балаларының, өздерінің тарылып қалған киімдерін, аяқкиімдерін, тіпті тұрмыста қолданбай жүрген заттарын тұрмысы төмен отбасыларға беремін десе, Ажар ханымның дүңгіршегіне тапсырсаңыздар болады. Өзіміздің емес, өзгенің де жай-күйіне бір сәт болса да көңіл бөлуді ұмытпайық.

Еңлік Кенебаева