ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫН ЗЕРТТЕП ЖҮРМІЗ БЕ?

Уақыты: 19.03.2019
Оқылды: 3622
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында тәуелсіз мемлекеттің өзіндік ерекшеліктерін көрсететін бірқатар маңызды мәселелер қозғалды. Солардың бірі – Ұлы Жібек жолы. Бұл жөнінде мақаланың алтыншы бөлімінде айтылады. Елбасы Ұлы Жібек жолының қалыптасуын, дамуын, ал ең бастысы, оның түркілер жерін басып өткендігін және маңызын паш етті. 

 
Оған Елбасының мы­на бір тұжырымдары дә­лел: Еліміздің география­лық тұрғыдан ұтымды, яғ­ни Еуразия құрлығының кін­дігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пай­да болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бас­тап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды. Бұл жол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды». 
 
Елбасының осы тұжырымдарын негіздейтін тарихи жазба деректер жеткілікті. Олар әртүрлі дәуірлер мен кезеңдерде пайда болды. Солардың алғашқылары ІХ-ХІІ ғасырларға сәйкес келеді. Ұлы Жібек жолы туралы тұшымды мәлімет беретін деректер мұсылман ренессансы кезеңінде қалып­тасты. Дәлірек айтсақ, парсы тегiнен шыққан араб географы ибн Хордадбектің ІХ ғасырда дүниеге келген «Жолдар мен елдер кiтабы» («Китаб ал-месалик ва-л мемалик») еңбегінде Ұлы Жібек жолының бойындағы түркілердің қалалары туралы мәліметтер келтіріледі. Мәселен, «Тараз бен тоғызгуздер тұратын жердiң арасы елсiз дала арқылы 81 күн... Фараби қала­сына келсек, онда мұсыл­ман сарбаздары мен тү­рiк қарлықтардан тұратын гар­низон бар. Барлық түрiк қала­ларының саны – 16» де­ген тарихи фактісі назар ау­дарарл­ық. X ғасырдағы араб географы әл-Макдиси Фа­рабтың Сырдарияның екі жағалауын қамтыған ірі қала екендігін айтқан. 
 
Арысын айтпағанның өзін­де тек жер жаннаты Жетісудағы Ұлы Жібек жолы қалалары турасында ғылыми зерттеулердің бастауында Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов тұрды. Қалың оқырманға мәлім, Шоқан Уәлиханов Жетісуда 1856 және 1857 жылдары екі рет болған еді. Сапарында ерте ортағасырлық қалалар қирандыларына назар аударып, жекелеген археологиялық нысандарды салыстырды. Шоқан Шілік өзеніндегі қалашықтан бірқатар артефактілерді тапқандығы туралы жазды. Бұл қала ежелгі Талғар қаласы болатын. Мұның өзі Ұлы Жібек жолының бір тармағы Жетісу арқылы өткендігін дәйектейді. Мұның ғылыми негіздері де жоқ емес. Мәселен, орыстың белгілі шығыстанушы ғалымы В. Григорьев жаһандық керуен жолының төрт тармағын көрсеткен. Олардың біріншісі – Таразға барып, Жоңғария арқылы Қарашарға немесе Жоғарғы Барсаджарға баратын жол, екіншісі – Ферғана арқылы Жоғарғы Барсаджарға баратын, үшінші жол – Тохирстан мен Памир арқылы, ал төртіншісі – Памир мен Вахан арқылы өтетін жол.
 
Өлкедегі Шеңгелді қаласын да Ш. Уәлиханов алғашқылардың бірі болып атады. Сол уақыттарда қаладан қыштан жасалынған су құбырының қалдықтары табылған еді. Кейін бір ғасырға таяу уақыттан кейін осы аймақта зерттеу жүргізген А. Бернштам оны ортағасырлық Екі-Оғыз (Эквиус) қаласы деп есептеді. Бұл тұжырымды «Из истории городов и строительнего искусства древнего Казахстана» деп аталатын еңбегінде Ә. Марғұлан да қолдады. Бір қызығы, А. Бернштам өз айтқандарына өзі күмән келтіріп, Екіоғыз тіпті Ілебалық та болуы ықтимал екендігін жазды. Академик Әлкей Марғұлан Ілебалық Қапшағай бөгені төңірегінде деп көрсетті. Академик К. Байпақов Гетум жолсапарындағы деректерді талдай келе Ілебалық деген сөз Іле өзені бойындағы қала деген мағына береді деп тұжырымдады. Оның пікірінше, қала ең алдымен Іле өзенінің жағасында орналасқан. Дегенмен, ғалым қаланың Жаркент маңындағы Көкталда орналасуын да жоққа шығармады. 
 
Кеңестік кезеңде Ұлы Жібек жолының біраз уақыт арнайы зерттеу нысанына айналмағаны шындық. Коммунистік билік түркілердің тарихы мен мәдениеті жөніндегі зерттеулерге қолдау білдіру былай тұрсын, ол туралы айтуға құлық танытпады. Дегенмен, бірлі-жарым еңбектердің ғылымнан орын алғандығы белгілі. Мәселен, 1950 жылы Ә.Марғұлан «Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана» деп аталатын іргелі еңбегін жариялады. Онда автор ортағасырлық қалалардың орналасқан жерлері туралы салиқалы пікір айтты. 1977 жылы Қазақ Совет энциклопедиясында Ұлы Жібек жолы туралы арнайы мақала жарияланып, оған анықтама берілді. Қоғамды қайта құру және демократияландыру кезеңінде Ұлы Жібек жолы туралы іргелі зерттеулер дайындала бастады. 1986 жылы белгілі ғалым К.Байпақовтың Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың ортағасырлық қалаларына арналған көлемді еңбегі жарық көрді. Зерттеуде Жібек жолы мен оның бойындағы ірі сауда орталықтары, түркілердің сауда байланыстары ғылыми тұрғыда анықталды. 
 
Ұлы Жібек жолына тек сауда жолы деп сыңаржақ қарау дұрыс емес, ол білім мен ғылымның, мәдениеттің, соның ішінде қала мәдениетінің гүлденуіне ықпал етті. Осы орайда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ә. Кекілбаевтің «Жібек жолы сонау ерте заманның өзінде ел мен елді, құрлық пен құрлықты байланыстыруға дәнекер болған шын мәнісіндегі ұлы жол. Сол шақта оның мәні кейінгі Колумб пен Магеллан ашқан жаңалықтардан кем болған жоқ», – деген пікірі көкейге оралады. Ұлы Жібек жолы тарихта «лазурит жолы», «алтын жол», «күміс жолы», «астық жолы, «камшат жолы», «әмір жолы», «елшілер жолы», «император жолы» деп аталды, былай деп атаудың өзінде терең мән жатыр.
 
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап Ұлы Жібек жолының тарихы тереңірек зерттеліп, нақтыландырыла түсті. Ұлы Жібек жолының энциклопедиялық анықтамасы құрастырылды. Зерттеулермен қатар Ұлы Жібек жолын жандандырудың заманауи бағыттары қарастырыла бастады. Біршама бағдарламалар жасалып, Ұлы Жібек жолының тарихын зерттеу және оның бойында туризмді дамыту мәселелері қолға алынды. Соңғы жылдары халықаралық бағдарламалардың негізінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» алып трансеуразиялық магистралының құрылысы басталды. «Батыс Қазақстан – Батыс Қытай» мұнай құбыры салынды. 
 
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша түбегейлі зерттеулер жүргізіліп, Қазақстан аумағындағы Жібек жолы бойындағы ежелгі және ортағасырлық қалалардың орындары ашылып, тың мәліметтерге қол жеткізіліп, отандық ғылым жаңа ақпараттармен толықты. 
 
Осылайша, сонау б.з.д. І ғасырдан бастап ХVІІ ғасырға дейін Батыс пен Шығысты байланыстырған күрең жол біздің ата-бабаларымыздың мекен еткен аумағы арқылы өтті. Ұлы Жібек жолы туралы шығармалар жазылды, зерттеулер жүргізілді. Алайда мұның бәрі елдің ішінде ғана жүргізіліп, әлемге танытылмады. Оның өзіндік себептері де жеткілікті. Дегенмен, қазақ елінің бай тарихы мен мәдениетін дүниежүзіне таныту қажет. Ол үшін шынайы, толыққанды қазақ тарихын дайындап, оны бірнеше тілдерге аудару және насихаттау қажет. Жібек жолының бойындағы қалалардың орнын мемлекет қамқорлығына алып, оларды туристердің көп келетін орнына айналдырған абзал. Сондай орындарды үнемі жарнамалаудың да маңызы зор. Ол үшін, ең алдымен, ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру қажет. Алайда оған «тірек пункттер» жетіспейтін тәрізді. 
 
Әлі де болса олқы болып тұрған мәселе – ұлттық сана. Ұлттық сананы жетілдіру өз қолымызда. Ол тарихи санамен тығыз байланысты. Жалпы нендей мәселе болсын, сана жетілмей нәтижесі болмайтыны белгілі. Сана, соның ішінде ұлттық сананы қалыптастыру мен дамыту – күрделі мәселе. Ол үшін, ең алдымен, санамызға тамырлап сіңген құлдық психологиядан арылуымыз қажет. 
 
Тарихи сананы жетілдіру мемлекеттік идеологиямен қатар жүргізілуі тиіс. Өйткені мемлекеттік немесе ұлттық идеология болмайынша тарихи сананың да болуы мүмкін емес. Ұлттық идеология өзін-өзі таныған ұлт бар жерде ғана дүниеге келеді. Сондықтан да біз, қазақтар, алдымен өзімізді-өзіміз тануымыз қажет. Өзін-өзі тану дегеніміз – төл тарихымызды терең білу, шынайы зерттеу, өткенді құрметтеу, дәстүрді жаңғырту. Ол үшін, ең бастысы, шынайы, толыққанды, тарихи деректерге, соның ішінде ауызша деректерге, шежірелерге негізделген Ұлы Дала елінің тарихы дайындалып, жарық көруі тиіс. 
 
Оразгүл МҰХАТОВА, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының докторы