ҚАЛАМЫЗДЫҢ ҮЗДІК БІЛІМ ОРДАСЫ

Уақыты: 20.03.2019
Оқылды: 1203
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік универсиететі 45 жылда көптеген жетістіктерге жетіп, еліміздегі көп салалы оқу орындарының ішінде өз орнын ойып алды десе болады. Бүгінде Қазақстан бойынша университет 12-ші орында тұр. Оқу орны студенттерге барынша жағдай жасап (жеңілдіктер, гранттар мен стипендия), білімді де білікті ұстаздарды жинап, білім сапасын арттыруды көздеп отыр.

Білім ордасы тарихы, тәжірибесі жағынан өзге білім ордаларынан қалыс қалмайды. Университет 1972 жылы білім беру қызметін бастады. Ал мемлекеттік деген үлкен дәрежені 1999 ж. 21 сәуірде иеленді. Бүгінгі таңда университет сәулетті 3 ғимаратта орналасқан. 6 факультет бар: педагогика және психология, математика және жаратылыстану, заң, қаржы-экономика, гуманитарлық, мәдениет және өнер. Онда 41 мамандық бойынша 5000-нан астам студенттер білім алып жатыр. Университетте 350-ден астам оқытушы қызмет етеді, олардың 10-ы ҚР-ның Ғылым академиясы салаларының және халықаралық академиялардың корреспондент мүшелері, 21-і профессор-доктор, философия ғылымдарының докторлары (Ph.D) 120 ғылым кандидаттары, 25-і магистр, 80-і доцент қызмет етеді. ЖМУ-да 2 ғылыми зерттеу зертханасы, 15 ғылыми-әдістемелік кабинеті және 300 мың кітап қоры бар кітапхана, университет мұражайы, Балқаш көлінің жағасында демалыс аймағы, “Қарлығаш” атты спорттық-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Университетте философиядан, педагогика мен психологиядан, қазақ ауыз әдебиетінен магистратура ашылған. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауына орай, ақпан айында Университеттің өзін-өзі басқару жүйесін үйлестіру, Жастар саясатын іске асыру мақсатында Жастар орталығы құрылды.

ЖМУ-дың үздік факультеттерінің бірі – гуманитарлық факультет. Бұнда тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, шетел тілі, аударма ісі, қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті, журналистика, орыс тілі мен әдебиеті және орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті саласы бойынша болашақ маман иелерін дайындап шығарады. Факультеттің жетістіктері өте көп. Студенттерге шетелде білім алуына мүмкіндіктер береді. Корей Республикасының Сэнчжу Ұлттық университетімен, Түркияның халықаралық ғылыми-зерттеу орталығымен Мармара университетімен, Қазақстан және ТМД елдерінің жоғары оқу орындарымен байланыстары жақсы жолға қойылған. Сондықтан білімгерлерге шетелге шығуға мол мүмкіндіктері бар.

Әсем ЖҰМАҚАН