ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ МӘЛІМДЕМЕСІ: ЕРЕН ТҰЛҒА

Уақыты: 20.03.2019
Оқылды: 798
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін тоқтататыны жайлы үндеуін үлкен тебіреніспен тыңдадым. Тәуелсіздігіміздің бастауында тұрған, жас мемлекетіміздің қалыптасып, бүкіл әлемге танылуы жолында өлшеусіз еңбек сіңірген дара тұлғаның әрбір сөзі мен тұжырымының көңілімнен шыққанын атап айтуға тиіспін.

Нұрсұлтан Әбішұлы Мемлекет басшысы қызметін атқарған 30 жылдың ішінде үш жүз жылға тең ғаламат шаруаларды атқарып тастады десем, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды. Оның ішінде мемлекетіміздің шекараларын нақтылау мен астанамызды шын мәнінде қайтадан көтеру, көп ұлтты Қазақстан халқының ынтымағын сақтап, аз ғана уақыттың ішінде экономикасын қарыштап дамыту сынды ауқымды мәселелер бар. Сондай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде кейбір білгіштердің «тәуелсіз қазақ елі көп ұзамай-ақ ұлтаралық жанжалдардың орталығына айналады, экономикасы аз уақыттың ішінде күйреп тынады» деген сәуегейліктері сандыраққа айналып, еңсеміз тіктеліп, айдынымыз асқақтады.

Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деп бүкіл әлемге жар салғанындай, Нұрсұлтан Әбішұлы да жастарға сенім артып, олардың әлемнің үздік оқу орындарында білім алуына, тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына атсалысуларына мүмкіндік жасады. Бұл жастардың алдағы уақытта да өздерін ең жақсы жақтарынан көрсететіндіктеріне, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың өз жемісін беретіндігіне деген сенімім берік.

Жасампаз уақыт нағыз бетбұрысты кезеңдерде басты оқиғалардың оң бағытта өрбуіне шешуші ықпал ете алатын ерен тұлғаларды тарих сахнасына шығарады екен. Мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сондай жасампаз жандардың қатарындағы ерен тұлға деп есептеймін. Халықаралық деңгейде үлкен беделге ие болып, еларалық қатынастарда мол тәжірибе жинақтаған Елбасымыздың алдағы уақытта да саясат сахнасынан алыстамайтындығы қуантады.


Әскербек АБАЕВ,
«Алматы облыстық жергілікті өнеркәсіп кешені қызметкерлерінің кәсіподақтар одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл филиалының төрағасы