Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ МӘЛІМДЕМЕСІ: ЕЛБАСЫ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Уақыты: 20.03.2019
Оқылды: 295
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Күні кеше ғана Президент міндетін атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев оң қолын еліміздің Ата заңына қойып тұрып ант қабылдады. Жиын барысында Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қошемет көрсетіп, құрметтегені көңілімізден шықты. Оның ішінде бірауыздан құптарлық ұсыныстар да айтылды.

«Наурыздың 19 күні барша әлем жұртшылығы аса маңызды тарихи оқиғаға куә болды. Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы ұлы тұлға, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тапсырды. Елбасының бұл жігерлі шешімі – оның жаһандық деңгейдегі және тарихи ағымдағы саяси қайраткер ретінде ұлылығын көрсетті», – деді ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырыс барысында мемлекет басшысы Астана атауын Нұрсұлтан деп өзгертуді және облыс орталықтарындағы ірі көшелерге есімін беруді ұсынды. Мысалға келтірер болсақ, Америка Құрама Штаттарының астанасы – Вашингтон қаласы. Американың тұңғыш Президенті Джордж Вашингтонның құрметіне 1791 жылы өзгертілген. Бұл шешім – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне білдірілген құрмет. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, біздің қол жеткізген жетістіктеріміз, ең алдымен, Қазақстан Республикасының киелі тәуелсіздігі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болды.

Еліміздің алдағы уақытта да қарыштап дами беретіндігі сөзсіз.

 

Айдар БАШБАЕВ,
Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы.