"КҮҢГІРТ ЗАМАННАН" ЖЕТКЕН ҰЛЫ ЖАЗБАША ЕСКЕРТКІШ

Уақыты: 22.03.2019
Оқылды: 1442
Бөлім: ТҮПСАНА

Өздеріңізге мәлім, Дешті Қыпшақ жерінде құрылған Алтын Орда мемлекетінің тарихы отандық тарих үшін де маңызы зор. Бүкіл түркітілдес ұлыстар дамудың ерекше кезеңін бастан өткізді. Оның қойнауында біртұтас тарих орын алды. Қазіргі деректік материалдардан, зерттеуші ғалымдар еңбегінің нәтижесінде Бату ханның әскерлері қыпшақтардан тұрғандығы және сол мемлекеттің  басты саяси-мәдени тілі қыпшақ тілі болғандығын дәйектейтін ақпараттар да жеткілікті. Алайда Алтын Орда тарихына қатысты тарихты бұрмалау да орын алып отыр. Осыған орай, ақпарат құралдары татар халқының Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдық мерейтойын атап өтетіндігі жөнінде хабарлауда. Әрине, бұл бастаманы қолдауымыз қажет. Тіпті, ғылыми шаралар өткізсек те артық етпес еді. Дегенмен, түркітілдес халықтардың тарихы мен мәдениетін, Ұлы Дала тарихының  белгісіз беттерін айшықтауда біршама жұмыстар да атқарылуда.

 

Жақында аты әлемге әйгілі тарихшы-ғалым Рашид ад-дин Фазлаллах ибн Имад ал-Даула Абул-Хайр Али Хамаданидың «Жамиғ ат-Тауарих» (Тарихтар жинағы) бес томдығы қазақ тілінде жарыққа шықты. Ол 1300-1316 жылдарда жазылған болатын. Бұл еңбектің Қазақстан ғылымы үшін маңызы зор. Себебі, оның Отан тарихына, қазақ тарихына тікелей қатысы бар. Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында біздің әлі де пердесі ашылмаған тарихи беттерге тоқтай келе, былай деген болатын: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы». 

Осы аталмыш терең еңбектің жарыққа шығуына мұрындық болып, жалпы редакциясын басқарған – тарих ғылымының докторы Дархан Қыдырәлі, ал жоба жетекшісі – генерал-майор Ержан Исақұлов. Кітапты түпнұсқадан аударып, түсініктеме жазғандар – Оразбай Зәріпбай және Мұхаммедзафар Оразбаев, редакциялап, сілтемелердің бір бөлігін жазған –  Қазыбек Тәжиев, мәтіндегі өлең шумақтарын көркемдеуге қатысқан – Елгезек Ақберен, корректурасын жасаған – Қадырбек Құныпияұлы. Қазақстан тарихнамасында бұл кітаптың алатын орны ерекше. Әлемдік тарихнамада авторды қысқаша «Рашид ад-дин» дейді. Ғалым Хамадан қаласында 1247 жылы туған.  Иран елінде тұрып, көп жыл Шыңғыс хан әулеті және оның ұлдары туралы, ұрпақтары құрған бүкіл Афроеуразиядағы алып империя туралы алғашқы болып деректерді жинақтап, кітап етіп бастырып шығарған. Ол – Елхан мемлекетінің уәзірі шеніне дейін көтерілген көрнекті қайраткер тұлға. Автор аталмыш еңбекті Елхан елінің әміршісі Ғазан ханның жарлығы бойынша 1300 жылы бастап, Олжайту сұлтанның дәуірінде аяқтаған. Жамиғ ат-Тауарих (Тарихтар жинағы) 1316 жылы жарыққа шыққан болатын.

Яғни, автор XIII ғасырда болған орасан зор уақиғаларды Шыңғыс хан және оның ұлдары мен жақтастары жасаған ұлы жорықтарды, жаңа мемлекеттердің құрылуын, жаңа ұлттар мен жаңа қауымның қалыптасуын көрген азаматтардан дерек алып, өз білгенін жүйелеп берген. Сол дәуірдегі білгір шежірешілер, жылнамашылар, түрік, парсы, қытай, тибет, араб тіліндегі әдебиетті пайдаланып отырған. Жалпы, кейінгі басқа авторлар да осы «Тарихтар жинағына» мән берген.

Тіпті, моңғолдың Лувсандзан дайындаған «Алтын шежіре» еңбегі де Рашид ад-динді көптеген жерде қайталайды. Неміс шығыстанушы ғалымы В.Хейсин «Алтын шежіре» 1651-1675 жылдар аралығында жазылған деген ғылыми жорамал ұсынды (Лувсандзан «Алтын шежіре». Екінші басылым. – Алматы, «Өнер», 2009 ж. Ауд. Абай Мауқараұлы; Моңғолдың құпия шежіресі. Алматы, «Өнер», 1998 ж. Ауд. Мағауия Сұлтанұлы).

«Моңғолдың құпия шежіресі» атты еңбекте Рашид ад-динді тікелей кайталамайды, бірақ көп жерінде ұқсас ақпараттар бар. Ал XV-XVIII ғасырларда шыққан парсы, түркі тіліндегі авторлар, сөз жоқ, Рашид ад-дин еңбегін кеңінен пайдаланған. Мысалы, Махмұд Кухистани, Фазлаллах Рузбихан (XVI ғ.), кейінірек Қадырғали Жалаири (1602 ж.), Әбілғазы Баһадүрдің (1661 ж.) еңбектерінде осы шығармадан алынған деректер көп кездеседі. Мұхаммед Хайдар Дулат та осы еңбекпен таныс болған. 

XVIII-XIX ғасырларда Рашид ад-дин еңбегі ағылшын, француз, неміс, орыс, осман түріктері тілдеріне аударылып, әлемге таныла бастады. Ресей империясы мен кеңес дәуірінде бұл кітап шығыс халықтары тіліне арнайы аударылмады. Бұл кітапты арнайы айналысқан мамандар ғана терең біліп, жалпы оқырманға кейбір фрагменттері таныс болатын.

Айта кету керек, Еуропа халықтары тілдерінде шығарылған еңбектерде адам, жер-су атаулары бұрмаланып, кейбір уақиғалар қысқартылып көрсетілген болатын. Кеңес тарихнамасы «пантюркизммен күрес» деген желеу тауып, түркі тарихын қолдан тапқан «моңғол мемлекеті» тарихы қылып жіберген еді. Ол саясат КСРО құрдымға кеткенше жалғасты. Демек, біз өз тарихымызға қатысты аса құнды еңбектермен үстірт немесе бұрмаланған нұсқалар арқылы танысып отырдық.

Жоғарыда аталған еңбектің құндылығы, аудармашы-ғалым талапқа сай қолжазбада жазылған мәтінді ешқандай өзгертпей сөзбе-сөз аударған. Сондықтан аудармашы «парсы тіліндегі түпнұсқадағы түрлі халықтардың аты мен жер-су атауларын және арнайы терминдерді мүмкіндігінше түпнұсқаға сәйкес, дәл қалпында сақтауды көздеді», – дейді тарих ғылымының докторы Дархан Қыдырәлі. Аудармаға негіз болған шығарманың парсы тіліндегі 1528 бет нұсқасы 1994 жылы Тегеранда «Ал Барз» баспасы тарапынан шыққан болатын. Нұсқаға қосымша түпнұсқа факсимилесі де берілген.

Ұлы ғұлама Алланы айтып, жиі қайталай отырып былай дейді: «Тарихтар жинағын» дайындап болғасын «ол өзінің жұмысын әзіреттің (патшаның) құтты құзырына ұсынды. (Сұлтан) ықылас қоя, мұқият оқып шыққан соң, аса мейірімді түрде былай деп бұйырды: «Бұған дейін әлдекімдердің ауыздан-ауызға жеткізгені мен жазып қалдырғанында асырасілтеушілік немесе (маңыздылығын) кішірейткен болуы мүмкін екені (рас) және олардың (жеткізушілердің) сылтауы дәл сен айтып өткендей, қалай болған жағдайда да сен де кешірімді боласың. Бұл (шығарманың) (негізгі) мақсаты – Шыңғыз хан (Рашид ад-дин «Шыңғыз» дейді, ал қазіргі қазақ тілінде «Шыңғыс» хан деп жүрміз – Б.А.) дәуірінен қазіргі уақытқа дейін болған барлық істердің ауызша жетіп келгендерін (жинау), олардың себебін түсіндіру болып табылады әрі бұл біздің кәдемізге көбірек жарайды» (Рашид ад-дин «Жамиғ ат-Тауарих». I том. 24-25 беттер). Автор айтып отырған алғысы сұлтан Мұхаммед Худабандаға арналып тұр. Рашид ад-дин осы еңбекті жазарда өзінің мамани қағидасы туралы да айтып кетеді. «Тарихшының міндеті, – дейді ол, – беделді де белгілі адамдардың жеткізген сөздерінен, сенімді, қолданыста жүрген кітаптардан (оқиғалар мен мәліметтерді) көшіріп алып жеткізеді. Егер ол (баяндауға) өз қиялынан бір нәрсе қосатын болса, онда ол (баяндау мазмұны) міндетті түрде негізсіз әрі қате болып табылады» (Рашид ад-дин «Жамиғ ат-Тауарих». I том. 23-бет). Мысалы, сол XII-XIII ғасырларда Ібір-Сібір, Туна (Дон), Сайрам, Ертіс сияқты жер атаулары көрсетілген.

Осы мәліметі мол ұшан-теңіз ақпараты бар еңбектен біз қазақ тарихына қатысты жерге тоқтап өтейік. Біріншіден және ол өте маңызды қағида – Рашид ад-дин осы күнге Шыңғыс хан маңайында болған тайпаларды «түркі халқы» дейді. «Уақыт жағынан дәйектелген оқиғалар тізбесі» (Аңдатпа) тарауында, еңбегінің мақсаты «Түркі халықтарының пайда болуы, олардың әртүрлі руларға тармақталуы, әрбір тайпаның (өмірлік) жолы, олардың ата-бабаларының жалпы өмірі жайлы егжей-тегжейлі айтып беру» (Рашид ад-дин, «Жамиғ ат-Тауарих». I том. 25-бет).

«Моңғол» саяси атауын ол мұғүлдар деп береді және «мұғүлдар» да түркі халқы екенін автор тура айтып отырған. Бұл өте маңызды дерек, себебі бізге кеңес дәуірінде Шыңғыс хан елін, Алтын Орда мемлекетін «моңғол ұлтынан шыққан» қазаққа ешқандай қатысы жоқ деп көрсеткен еді. Ал XIII ғасырдың азаматы, сол заманды терең білген Рашид ад-дин Шыңғыс хан әскерлерін, оның ұрпағын түркі тайпасынан шыққан дейді. 

Автор сол әскерлерді сараптай келе, қоңырат, жалайыр, керейіт, маңғыт, башқұрт, қырғыз, алшын, шырын, қыпшақ, найман, ұйғыр, түрікмен, барын, татар, яғни түркітілдес тайпалар екенін анық айтып отырады. Қият елі қазір Кіші жүзде «Мұғүлдар», оның айтуы бойынша, «(Ұлы) далада мекен еткен барша түркі халықтарының ішіндегі бір қауымы (руы) ғана болған». Рашид ад-дин «Жамиғ ат-Тауарих». I том. 86-87 беттер). Бірақ кейін олар күшейіп, татарлармен бір жағдаймен кектесіп алған. Шыңғыс ханның ұлы атасы Қабыл хан осы «мұғүлдардан» тарайды.

Кектесу себебі – Қабыл ханның қайнағасы қоңырат Сайын тегін (Сайин Тегин) қатты ауырғанда татардан шыққан тәуіп-емші Шарқыл будуй оны емдей алмай, ол кісі қайтыс болады. Ренжіген Сайын тегіннің аға-інілері емшіні жазалайды. Сол себепті осы екі ел арасында жаугершілік пайда болған дейді автор. Кейін сол дау-дамай одан сайын өрши түскен. 

Бірақ Рашид ад-дин осы екі тайпа адамдары тілі, дене бітімі, бет әлпеті өте ұқсас деп көрсетіп кетеді. Ол дау-дамайды Қытайдың Алтан ханы өршіте түседі. Біздің байқауымызша, Рашид ад-дин «қытай» этнонимін әркелкі пайдаланады. Мысалы, Қытай елін кейбірде «Шын елі» деп те атаған, онымен қоса, «қарақытай», тіпті «қытай» тайпасы да түркітілдес болатын. Олар қазір қырғыз ұлты құрамында, ұсақ ру болып қазақта да кездеседі. Ол кезде «қытайлар» қазіргі Моңғолия жағында, Алтай тауларының ар жағын мекендеген.

Келесі бір ақпарат Жошыға қатысты. Жошыдан бар қазақ, өзбек, татар, қырым татары, ноғай хандары тарайды. Жошы ханның тууы туралы әртүрлі әңгіме бар екенін есептей келе, біз осы көне заманнан (XIII ғ.) жеткен дерекке жүгінеміз. Жошының тууы туралы Рашид ад-дин былай дейді: «Шыңғыз хан меркіт руымен соғысып жатып, олар үстем келген кезінде Бөрте фужин Жошыға жүкті еді. Меркіт руы оны тұтқындап алып кетті. Ол замандары меркіт (рулары) пен Оң ханның ортасында бітімгершілік қарым-қатынастар болғандықтан, олар оны (Бөрте фужинді) Оң ханға беріп жіберді. Оң хан оны сыйлап, құрмет (көрсету) аясында ұстады, ал Шыңғыс ханды «балам» деп атайтын.

Оның (Оң ханның) әмірлері: «Неліктен сен оны (өзіңе әйелдікке) алмайсың?» – деген сұрағына былайша жауап берген: «Ол менің келінім. Оған опасыздық көзімен қараған өте әділетсіз және бекзаттықтан тыс болатын еді». Шыңғыз хан бұл жағдайдан хабардар болған кезінде Оң ханға жалайырдан шыққан Сартак ноянның атасы Сапаны жіберіп, ол әйелін сұратты. Оң хан (Шыңғыз ханның өтінішіне) лайықты  құрмет көрсетіп, оны (Бөрте фужинді) оған (Сапаға) тапсырды. «Фужин» – қытай тілінде «ханым,  мәртебелі әйел» деген мағына береді. Ол Шыңғыз ханға бет алған кезде жолда Жошы дүниеге келді. Жолда туғандықтан, оның есімі Жошы (Жолшы) деп аталды» (бұл да сонда, I том. 283-284 беттер). Манадан айтылған меркіт руы қазір абақ-керей ішінде, олар негізінен Моңғолияда тұратын. Ал жалайыр тайпасы Ұлы жүз құрамында екені белгілі. Рашид ад-дин Иран елінде Хулагу мен Шағатай династиясы қолында тұрғаны белгілі. Ал бұл тармақтар арасында (Жошы мен Шағатай) арыс-керіс күшті болатын, егер де әңгіме басқаша болса, автор оны басқаша көрсетіп кетер еді. Жошы  Шыңғыс ханның тұңғышы болып туған, оған күмән болмау керек.

Екінші және үшінші томында Рашид ад-дин Жошы, Бату, Бөжік, Бөрі, Қадан басқарған әскерлердің орыс елі, Еуропа, Қырым мен Кавказды басып алғаны туралы баяндайды. Автор еңбегінде сол замандағы қайраткерлер, хандар мен ханзадалар туралы әдемі, жатық әрі түсінікті тілмен баяндайды. Автордың айтуы бойынша, ұлы құрылтайда (1206 ж.) Теміршіні «Шыңғыз хан» деген дәрежелі лақап атымен атаған және ондай ұсынысты енгізген – Көкеші Мұңлық Ешігенің ұлы. «Чин» сөзінің мағынасы күшті әрі берік. Ал «Шыңғыз» – оның көпше түрі, қарақытайлардың ұлы патшалардың «гүрхан» дегенімен бірдей, яғни күшті және ұлы патша деп түсіндіреді ғұлама ғалым (бұл да сонда, II том. 95-бет).

1219 жылы Шыңғыс хан әскерлерінің Отырарды алуы туралы мәлімет тиянақты берілген. Рашид ад-диннің айтуы бойынша, Отырардың әкімі, Түркен қатынның туысы Қайырхан Хорезмшахпен келісіп әрі көпестердің дүниесіне дәмеленіп, қызығып, оларды қырып салады. Қайырхан жазықсыз елші адамдарды өлтіруге тыйым салынғандығын түсінбеді. Осы арада автор мынадай өлең жолдарын келтіреді: «Ілімге ие әр адам, Негізгі істі аңдайды. Басталмақ істен дана адам, Шығатын жолын таңдайды». Қайырхан осы ісімен тек саудагерлерді ғана емес, «бүкілдей бір әлемді ойрандатып, сөйтіп, өзіне қарасты халықты бақытсыздыққа ұшыратты» деп көрсетеді Рашид ад-дин ( бұл да сонда. II том. 237-бет).

Тағы да маңызды дерек қазақ тарихында өз орны бар Кетбұқа жырау туралы. Найманнан шыққан Кетбұқа әрі жырау, әрі жауынгер, ірі қолбасшы болған. Кетбұқа ноян Хулагу ханның 300 мыңдай әскерімен Шам, Халеб, Мысыр елін шабуылдаған адам. Кетбұқа ноян ерлікпен қаза болғанын автор тәптіштеп тұрып суреттейді. Мысыр елін ол кезде түркі мамлюктер (Бундуктари) басқарған болатын. Демек, бұл соғыста екі жақтан да түркі жауынгерлері соғысқан. Бұл соғыста Құддұс басқарған мамлюктер әскері (Бейбарыс та болған дейді – Б.А.) Кетбұқа ноянды қоршап, қолға түсіреді. Тұтқынға түскен өжет ноянның соңғы қимылдарын Рашид ад-дин былай деп жазады: Құддыстың келесі сөзіне Кетбұқа жырау былай деп жауап берген екен:
«Байлап қойып оның, сөйлегенде қас күндей,
Ақыл-есін жоғалтып алып,  теңселді ол мас пілдей.
Сөйтіп тұрып жауап берді, ызғар қосып үніне:
Уа тәкаппар, масайрама жеңісі бұл күніне».
«Егер де мен сенің қолыңнан өлер болсам, мен (мұны) сенен емес,
Құдайдан деп білемін.
...Мен тірі кезімде сендер сияқты патшасын сатқан және өлтірген емеспін, патшаның қызметшісі болдым»
дейді.
Әміршісін қаза қылып, басын алған кеңесіп,
Құрып кетсін сатқындардың басы менен денесі,
Хұсыраудың өзін бұлар өлтіреді, көресің,
«Мені тезірек өлтір»  деген Кетбұқа
(бұл да сонда. IV том. 77-79 бет).
Кетбұқаның мамлюктерге айтып тұрғаны, олардың көбі бұрынғы құлдар мен жетімдер, таққа таласып жүрген айлакерлер екенін меңзейді. Жалпы, бұл жорық Хулагу үшін сәтсіз аяқталған болатын. Бірақ кейінірек мұғүл-түріктер Мысыр, Шам (Сирия) елінен өшін алып, Бағдадты қоршап, қыспаққа алады. Кейін аштықтан шаршаған қаланы Ұрықтау ханзада басып алады (бұл да сонда. IV том. 82-83 бб.). Сөйтіп, Кетбұқаның кегін Хулагу қайтарып алған болатын. Бір қызығы, түркі-мұғүлдардың Бағдад қаласын басып алғаны туралы әйгілі тарихшы Арнольд Тойнби өзінің «Постижение истории» деген еңбегінде (1986, 153-154 бб.) айтып кетеді (XX ғ.). А.Тойнби бұл жорыққа жеңіл атты татар қауымынан шыққан қазақтар әскері қатысқаны туралы да жазған болатын.

Сонымен, біз Рашид ад-диннің шығармасы арқылы тамаша ғылыми еңбекке кенеліп отырмыз. Бұл кітапта келтірілген деректер отандық тарихнамада өз орнын алады деген ойдамын. Ұлы ғалым, уәзір өз қарсыластарының ықпалымен 1318 жылы өлім жазасына кесілді. Бірақ оның жазған еңбектері адамзаттың мәдени мұрасына айналды.

        Бүркітбай АЯҒАН,
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор