БЕС ҚАРУ

Уақыты: 22.03.2019
Оқылды: 3229
Бөлім: ТҮПСАНА
"Ер қаруы – бес қару" дейтұғын сөз тіркесінде қазақтардың жауынгерлік қаруды жіктеудің – қару-жарақ түрлерін бөлудің, топтаудың қалыптасқан халықтық дәстүрлі жүйесі көрініс тапқан.
Ғасырлар бойы қалыптасқан бұл жүйе XVII-XIX ғасырларға дейін қазақ халқының өмірінде онша көп өзгермей қолданылып келді, бұл жүйе бойынша әр қару түрінің өз орны, қызметі, ерекшелігі, қолдану жолы болды. «Ер қаруы – бес қару» деп қазақтар дәстүрлі жауынгерлік шабуыл қаруын тұтасымен алып, толықтай атайды. «Ер» сөзі қазақ тілінде адамға қатысты қолданылғанда жалпы еркек жынысты дегенді де, сонымен бірге, батыр, қаһарман, жауынгер кісі деген де мағына береді.
Көне түркі тіліндегі руникалық жазба ескерткіштерде де «ер, ерен» сөзі «батыр» деген мағынада қолданылған. XIV ғасырдағы түркі тілдерінде де «ер», «ерен» «ейр» – ер адам, батыр, жауынгер дегенді білдірді. Қазақтың батырлық жырларының қаһармандары Ер Қосай, Ер Тарғын, тарихи жырларға кейіпкер болған Ер Жәнібек, Ер Сайын есімдерінде «ер» сөзі  Қобыланды батыр, Алпамыс батыр есімдеріндегі «батыр» сөзімен бір мағынаны білдіреді.
Қазақ тілінде «ер» сөзі «жауынгер» мағынасында әскери іске қатысты басқа да атауларда қолданылады. Мысалы, бұрынғы кезде батырларға арналған, соғысқа мінетін аттар ерекше талаптарға, ерекше қасиеттерге сай болу керек еді, сол себепті арнайы мақсатпен сұрыпталып өсірілген, соғыс ісіне арналған жауынгерлік аттарды қазақта басқа аттардан бөлектеп «ер аты», яғни «жауынгер аты» деп атады.
Қалиолла АХМЕТЖАН,
тарих ғылымдарының 
кандидаты,
ҚР Мәдениет қайраткері