НАУРЫЗЕК ҚҰСЫ КЕЛГЕНДЕ...

Уақыты: 22.03.2019
Оқылды: 6585
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қара жердің бояуы қалпына келгенде қыс бойы жиған асығын далаға ала шығатын ауыл қара домалақтарының құлағы өте сақ келеді. Алыстан құстың сайрағаны жетсе асығын тастай сала алқына шабатын әдеті. Қалтасына бір уыс бидай толтырып алған олардың сарыла күткені – сарыбауыр наурызек. «Балам, жылқышы құсты көрген адамның жолы болады. Оны алғаш көргенде жем шаш», – деп үйден шығарда айтқан ана сөзі ойға салмақ, көңілге демеу. Үлкендер бақыт құсына балайтын сол бір тіршілік иесін көруге құштар бала біткеннің бар арманы бүгінгі ойындағы ұтысы-тұғын. Оның ішінде біз де бармыз.

 

Қарлығаш – адамды ажалдан құтқарушы, наурызек – жыл басы, береке хабаршысы, көгершін – тыныштық құсы, бозторғай – дала бұлбұлы деп тәпсірлейтін әже ақылы әлі күнге санамызда қатталып тұр. Наурызек келіп, жаздың да белгісі көрініп қалғанын егіншілер қуана хабарлайтын. Наурыз айынының елжіреген күніне аса сене бермейтін малшы мен диқаншының осы бір алақандай құсқа үлкен сеніммен қарайтыны қызық. Батыстан қыс бойы жатқан күртік қардың көбесін сөгетін алтын күрек жел еседі. Қар кеткен жерлерге көк қаулайды. Ақ ұлпа астынан қылтиып бәйшешек шығады. Былтыр көрген кісім әлі жүр екен демесін деп алғаш көрінген бәйшешектің бірін ырымдап жұлып тастайды. Сосын жыл құстарының ішінде көктемнің хабаршысындай болып алдымен келетін сарыбауыр көкала торғайды тосады. Оны жақсылықтың нышаны санайды. Сол құспен ілесіп қуанышқа толы құтты хабар келердей сағына жол қарайды. Біз бұған дейін қараша халықтың бұл жосынының түпкі төркінін індетіп көрмеппіз. Сөйтсек, ілкіден келе жатқан нанымның ізгілігі көл-көсір екен. 

Осы орайда наурыз жайлы бірер сөз болса. Белгiлi этнограф, сатирик-ақын Қажытай Iлиясовтың сөзiне сүйенсек, «Наурыз» ай емес, мереке атауы болуы керек. Әрине, салмақтап айтылған ой. Тәңiрлiк дүниетанымға құлақ асар болсақ, күн мен түннiң теңелуi мәңгiлiк өмiрдiң басталуы ретiнде айрықша мән берiлiп, бiр жылда жетi рет тойланатын болған.

Бұл дәстүрдi тудырушы көшпендiлер екендiгi де негiзсiз емес. Кейiннен бұл дәстүр парсылардың да табиғатымен ұштасып, күн мен түннiң теңелген мерзiмi олардың тiлiнде «Наурыз» деген атауға ие болды. Өздерiңiз бiлетiндей, парсы тiлiнде нау – жаңа, рұз – күн деген мағынаны бiлдiредi. Кейiннен осы бiр ұғым дендеп сөзiмiзге ендi. Наурыз  мерекеден ай аты болып қалыптасып кеттi.

Жер-ананың тоң кеудесi жiбiп, төс емшегi иiген кез. Айналада қыбыр-жыбыр, тiршiлiкке жан бiтетiн мерзiм бұл. Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлетiн шағы деп те келетiн тұстары бар. Қалай айтсақ та, Наурыз түркi әлемiнде жыл басы атауына иелiк етiп отыр.

Әлi күнге шейiн басқа халық секiлдi қазақ көктемдi алғаш көрген жыл құсымен байланыстырады. Қалай дегенмен де, қазақ санасында қарлығаш пен қарға киелi құс болып саналатындығы белгiлi. Тiптi, Алтай тiлдiк тобынан өрбiген халықтарға қатысты киетектiк ұғымға иелiк еткен аққу, қаз, қарлығаш, қырғауыл, қарқара, қарға секiлдi құстар тiзiмi ауызымызға оралады осындайда. Ал бабатаным бақыт құсына телитін наурызек неге еске түспейді? Бұл жөнінде кезінде белгілі этногроф-жазушы Ақселеу Сейдімбек айтқан. 

Шынында, о бастан наурыз айының келгендігін білдіретін халқымызда жанды-жансыз нышандар бар. Халқымызда «Наурыздың келгенін жандыда балық сезеді» деген тәмсіл жайында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай жазады: «Наурыздама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан, екінші жағына карай аунап түседі. Содан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» – деп. Бұдан басқа «Самарқанның көк тасы ериді» деген де аңызға бергісіз тәмсіл тағы бар. Ал жанды нышанның бірі – жыл құсы, оның аты – наурызек немесе наурызкөк торғайы. Бұл наурыз келісімен ерекше сайрайтын торғайдың ерекше түрі. 
Жаздың көркі енеді жыл 
құсымен, 
 Жайраңдасып жас күлер 
құрбысымен, 

– дегенде Абай көктем шыға жылдың келгенін хабарлайтын наурызек құсы туралы айтқаны деп ұққанымыз жөн. Хакімнің бұдан хабары болмауы мүмкін емес.

Құсты бірінші көрген адам оны жақсылыққа балап, қолда барын алдына жаяды. Бұл құсты  көргендер «Наурызкөгім келдің бе?» немесе «Наурызек, қайтып келдің бе, анаңның көзі жазылды ма?» деп сұрайды екен. Аңыз бойынша, мұндағы Наурызектің анасы – Жер-ана. Яғни, Жер-анаға көктем келді ме, табиғат жаңарды ма деген мағына береді.

Жеп-жеңіл, ұшқалақтап тұратын кішкентай құс – наурызектің құйрығы ұзын. Наным бойынша наурызек келгеннен кейін күннің қатуы сынып, айтарлықтай боран, суық болмайды. Әлемде бұл құстың 60 түрі бар көрінеді. Ол ұясын көбіне шөп арасына салады. Сондай-ақ, адамның көзінен таса жүргенді ұнататынымен де ерекше.

Иә, кітап беттерінде, әлеуметтік желіде наурызек құсы туралы ақпарат өте аз. Тіпті, суретін табу қиынға түседі. Біздің қолымызға түскен мәліметтер осы ғана. Бұрынғы ескілерден қалған бұл бәтуалы ырымның нені тұспалдап тұрғаны айтпаса да белгілі. Әйтеуір кез келген дүниеден ізгілік іздейтін дала халқының танымы тереңде. Бұл қасиетті де өсиетті Наурыз мейрамының қадірін арттырған нанымның бір парасы ғана.

Аталарымыз аманаттап кеткен жұдырықтай құстың жүзін көруге асыққан қарашаның қағидасы салтымыздың сарқытындай. Олай болса әр қазақтың шаңырағының қасынан наурызек құстың шиқылы шықсын дегіміз келеді. Жақсылыққа ырымдаған даналарымыздың бір білгені бар шығар.

Мұхтар КҮМІСБЕК