САПАЛЫ ТЕХНИКА ҚАЖЕТ

Уақыты: 01.04.2019
Оқылды: 922
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өндірілетін өнімнің өзіндік құнын азайту және жұмыс өнімділігін арттыру – отандық ауылшаруашылығы өнімінің бәсекелестігін қамтамасыз етудің негізгі шарты болып табылады. Ал ауылшаруашылығы өндірісінің негізін экономикалық тиімді және жұмыс өнімділігі жоғары машиналар мен құрылғылар құрауы керек. Шетелден келетін бағасы жоғары ауылшаруашылығы машиналарының санын азайта отырып, өзімізде заманауи машиналар жасау арқылы ғана өнім өндіруге кететін жұмыс шығынын және материалдық ресурстарды азайтуға болады.

 

Сондықтан елімізде дамыған, қазіргі заманға сай келетін ауыл-шаруашылығы машиналарын жасау өндірісі болуы тиіс. Бұл біріншіден ауылшаруашылығын жоғары өнімді машиналармен жабдықтау мәселесін шешуге, екіншіден ауылшаруашылығы машиналарын жасау зауыттарында қосымша жұмыс орындарын құруға ықпалын тигізеді. Ауыл-        шаруашылығы машиналарын өндіретін жаңа зауыттарды құрмай және жұмыс істеп тұрған өндірістерді қазіргі заманғы технологиялық жабдықпен қайта жарақтандырмай халықаралық стандарттардың талаптарына жауап беретін бәсекеге қабілетті өнім жасау мүмкін емес. Өкінішке қарай, елімізде ауылшаруашылығы машиналарын жасау қарқыны өте баяу болғандықтан еліміздің ауылшаруашылығы саласы көбіне алыс шетелден немесе ТМД елдерінде шығарылған машиналармен жабдықталған. Бұл машиналар негізінен қазіргі заман талабына сәйкес экологиялық және қауіпсіздік талаптарын қанағаттандырса да кейбір көрсеткіштері бойынша жетілдіруді қажет етеді.

2013 жылы өндіруші кәсіпорындар мен тұтынушылардың мүдделерін тікелей қорғайтын Кеден одағының «Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті (КО ТР 010/2011) күшіне енді. Осы техникалық регламент шығарылған еліне қарамастан Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағында бұрын пайдалануда болмаған (жаңадан шығарылған) техникаларға қолданылады. Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес барлық ауылшаруашылығы техникалары міндетті түрде бағалауға (растауға) жатады. Ол сәйкестікті декларациялау немесе сертификаттау нысандары бойынша жүзеге асырылады. Осы құжатты қолданысқа енгізу одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының өкілдері, сертификаттау жөніндегі аккредиттелген органдардың және сынақ зертханаларының өкілдері үшін, сондай-ақ, техниканы өндіруші кәсіпорындар мен импорттаушылар үшін үлкен жауапкершілікті талап етеді. Шетелде шығарылған ауылшаруашылығы техникалары бұл техникалық регламенттің талаптарына көбіне сәйкес келгенімен, айта кетерлік мәселелер де жеткілікті. Отандық ауылшаруашылығы өндірушілерін сапасыз және жергілікті бейімделген техникалардан қорғау жөніндегі техникалық саясат жоқ.

Қазіргі кезде өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге арналған шетелдік техниканың біраз бөлігі біздің елдің аймақтық топырақты-климаттық жағдайларына, ауылшаруашылығы дақылдарын өсірудің жаңа технологияларына жарамдылығына тексерусіз әкелініп фермерлерге сатылады. Нәтижесінде фермерлер тұрғылықты жер жағдайына бейімделмеген, тиімділігі аз техниканы тәуекел етіп сатып алуға мәжбүр. Өйткені, Қазақстанның топырақты-климаттық жағдайлары техника өндіруші елдердің шарттарынан айтарлықтай ерекшеленеді. Республиканың ауылшаруашылығы өндірісінің нарығына келетін ауылшаруашылығы техникасының табиғи-климаттық және ұйымдық жағдайларына икемділігін тек оның қабылдау сынақтарын жүргізу негізінде ғана толық көлемде бағалауға болады. Қабылдау сынақтарын жүргізу барысында машинаның конструкциясын функционалдық, энергетикалық, экономикалық, сенімділігінің пайдалану-технологиялық көрсеткіштері және қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша бағалау жүргізіледі, яғни тұтыну сапасы, қолдану қауіпсіздігі және баға мен сапаның арақатынасы бағаланады.

Сынақтардың нәтижесі негізінде шетелдік үздік үлгілерді таңдап алуға және сондай отандық машиналарды жасаған кезде шетелдік тәжірибені пайдалануға болады. Республиканың әртүрлі аймағында машиналарды толық қабылдау, сертификаттау сынақтарын жүргізумен қажетті бағыттағы мамандары бар аккредиттелген сынақ зертханалары айналысуы тиіс. Тек жан-жақты сынақтардан кейін ғана бірлескен кәсіпорындарда техниканы сатып алу немесе жаңа машиналарды өндіру жұмысына кірісулері керек. Сынақ нәтижелері тұтынушыларға да пайдалы. Өйткені, еліміздің нарығында шынайы ақпараттың болмауы және шетелдік тұтынушылық сапасы күмәнді ауылшаруашылығы машиналарының әр алуан маркасы отандық тұтынушыны жаңылыстыруға әкеледі. Қолында толық сынақтан өтпеген машиналары бар біздің аграрийлер елеулі шығындарға батып жатады. Кешенді саясат болған жағдайда ғана ауылшаруашылығы техникаларының біртектілігі артып, қажетті қосалқы бөлшектерді жоспарлау мүмкіндігі пайда болып және оларды пайдалану барысында техникалық қызмет көрсетудің сапасы артады. 

Қабылдау сынақтарының нәтижелері бойынша отандық және шетелдік техниканың үздік үлгілерін объективті бағалау, оны республика жағдайына бейімдеу және осының негізінде бірлескен өндірістер құру немесе отандық ауылшаруашылығы машиналарын жасау зауыттарына үздік үлгілерді көшіру ауылшаруашылығы машиналарын жасауды индустрияландырудың стратегиялық міндеті болуға тиіс. Осыған орай бүкіл жұмысты кешенді орындамай, машиналарды жан-жақты сынақтан өткізуден бастап ауылшаруашылығы машиналарын жасаудың жаңа зауыттарын құруға және қазіргі заманғы технологиялық жабдықтармен жұмыс істеп тұрған өндірістерді қайта жарақтандырғанға дейін техникалық регламенттердің талаптарына жауап беретін және еліміздің жағдайына бейімделген бәсекеге қабілетті өнім жасау мүмкін емес. 

Бұл ретте отандық ауылшаруашылығы машиналарын жасаудың технологиялық артта қалуына байланысты жоғары технологиялық жиынтықтауыштарды өндіруші фирмалардан сатып алған жөн. Ал металл қажетсінетін бұйымдар мен жиынтықтауыштарды елде жүргізген жөн. Бұл машина құнын төмендетуге, елдің ауылшаруашылығын өндірістік машиналармен жабдықтау мәселесін шешуге, зауыттарды қазіргі заманғы технологиялық жабдықпен қайта жарақтандыруға және ауылшаруашылығы машиналарын жасау зауыттарында қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Тұтынушыға ауылшаруашылығы машиналарының технологиялық қасиеттері мен олардың экономикалық тиімділігі туралы нақты ақпаратты машина сынаушылары ғана айта алады. Қазіргі уақытта аккредиттелген сынақ зертханасының негізгі міндеті Қазақстан жағдайында қандай техниканың неғұрлым тиімді екенін анықтау болуы керек.

 
Мұрат СҰРАНЧИЕВ, 

«Агроинженерия ғылыми-
өндірістік орталығы» ЖШС сынақ зертханасының 
меңгерушісі, техника 
ғылымдарының кандидаты; 

Асқар РЗАЛИЕВ, 
инновациялық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты; 
Шәбден БЕКМҰХАМЕТОВ, 
ауылшаруашылығы дақылдарын өсіруді механикаландыру 
зертханасының меңгерушісі, 
агроинженерия магистрі