ЖАЛҒАН ДИПЛОМ ИЕЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 01.04.2019
Оқылды: 1215
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Жалған диплом – жемқорлыққа жол ашады» атты мәжіліс өтіп, еліміздің білім саласында еңбек етіп жүрген біліксіз мамандардың диплом алу кезіндегі құйтырқы әрекеттері сынға алынды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткізілген жиында Жетісу жерінің жоғары оқу орындарына жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындылары таныстырылды.

 

Студенттер, оқытушылар, колледж директорлары, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қоғам белсенділері, блогерлер және арнайы мониторинг тобының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан диалогтық алаңда алдымен кәсіптік колледж студенттері қойған көрініс пен арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Жиынға модераторлық жасаған «Нұр Отан» партиясының Талдықорған қалалық филиалының төрағасы, облыс әкімдігінің жанындағы «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев баяндама жасау үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Нұрғисаевты ортаға шақырды.

– Өздеріңізге мәлім, Елбасының тапсырмасы бойынша 2019 жыл елімізде Жастар жылы болып жарияланды. Бүгінгі таңда жас ұрпақ халықтың белсенді бөлігі бола отырып, ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды факторы және ел болашағының кепілі саналады, – деп сөз бастаған Серікбай Өрікбайұлы облыс аумағында орналасқан жоғары оқу орындарына жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындыларын таныстырды. – Статистика туралы айтатын болсақ, елімізде жастар саны 22 пайызды құрайды, ал егер абсолюттік санды алатын болсақ, бұл төрт миллионнан астам адам. Жастардың басым бөлігі – мектеп оқушылары, студенттер, мемлекеттік мекемелердегі және әр саладағы жас қызметкерлер.

Бүгінгі күні білім беру жүйесіндегі, оның ішінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселесінің өзекті екендігі ешкімге құпия емес. Жоғары білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық қатарына пара беру және алу ғана емес, сондай-ақ, плагиаттық пен ғылыми жұмыстарды тапсырыспен жазу, ғылыми дәрежелерді бұрмалаушылық та жатады. Осының бәрі – білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық белгілері. Нақты айтар болсақ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алғашқы қадамы бакалавриатқа және магистратура мен докторантураға түсу кезінде басталады. Бүгінде көптеген болашақ студенттер университетке түсер алдында оқуға түсуді жеңілдету үшін немесе қосымша жеңілдіктер алу үшін жалған құжаттар мен анықтамалар ала отырып, ауыл мектептеріне ауысатыны ешкімге құпия емес.

Оның айтуынша, аралық сессияда емтихандарға ақы төлейтін студенттер сабаққа қатыспағаны үшін де айыппұл төлейді. Яғни, сабаққа қатыспағаны үшін студент пен оқытушы арасында келісім жасалады. Әлемдік сипат алған сыбайластықтың дәлелі ретінде АҚШ-тың ең беделді жоғары оқу орнына түсу үшін атақты кино жұлдыздарының пара беру кезінде ұсталғанын мысалға алған баяндамашы америкалық прокуратура Стэндфорд немесе Йель университетінің студенті болуға мүмкіндік беретін ең ірі қылмыстық сызбаны ашқанын атап өтті. Мұндай жағымсыз әдеттің әсерінен еліміздің білім және ғылым саласы зор нұқсан көреді. Білімсіз бала, надан оқытушы осыдан шығады. Осындай жағымсыз әсердің алдын алу үшін арнайы жүргізілген рейд кезінде диплом, магистрлік, докторлық диссертацияны белгілі бір сомаға жазып беретін мамандардың бар екендігі анықталды. Тіпті, интернет желісінде дипломдық жұмыс, магистрлік, докторлық диссертация сататындардың мәліметі молынан табылады. Ең сорақысы, әлдебір ғалымның ғылыми еңбегін олжалап, зияткерлік меншікке иелік ететіндер шыққан. Осыған орай департамент «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, мәселені жан-жақты зерттеу үшін барлық интернет-ресурсты, шетелдік тәжірибені, еліміздің қолданыстағы заңнамасын зерделеп шығады. Одан бөлек, студенттер мен жоғары оқу орындарын бітірушілердің, мемлекеттік қызметкерлер мен облыс тұрғындарының арасында анонимдік сауалнама жүргізіліп, көптеген дерек анықталған. 500-ден астам респондент қатысқан сауалнама нәтижесі бойынша сұралғандардың 80 пайызы жоғары оқу орындарындағы емтихан кезінде әлдекімнің еңбегін көшіріп алғанын айтса, 75 пайызы ғылыми жұмыстарды интернет желісінен көшіріп, еңбектердегі республика атауын Қазақстан Республикасына ғана ауыстырғанын мойындаған. Сауалнамаға қатысушылардың 85 пайызы ғылыми еңбектердегі ойлар мен шешімдерді бөлшегімен көшіріп, өз еңбегіне балағанын жасырмаған. Мұндай әрекеттің заңсыздығын сауалнамаға қатысушылар әрқалай қабылдаған. Мысалы, әрекетінің дұрыс еместігін сұралғандардың 20 пайызы растаса, 25 пайызы оқуға жұмсалатын уақыттың тиімсіздігін сылтау ретінде көрсеткен. Ал, сауалнама сұрақтарына жауап бергендердің 55 пайызы ғылыми еңбекті көшіруден, плагиаттан немесе дипломдық жұмысты сатып алудан ешқандай жамандық көрмейтінін алға тартқан.

Еліміздің интернет кеңістігінде, оның ішінде Талдықорған қаласында дайындалатын сайттар да бар, диплом, магистрлік, кандидаттық, курстық жұмыстар жазуға тапсырыс беру жөніндегі хабарламалар жетіп-артылады. Сондай жарнамаға хабарласқан департамент мамандары магистрлік диссертацияны 3-5 аптаның ішінде жазу үшін 100 мың теңгеден астам қаржы сұрайтынын білген. Баға көбіне тақырыптың күрделілігі мен жұмыстың ауырлығына байланысты өзгеріп отырады. Ең қызығы, солардың бәрі де жазылатын жұмыстарды Украина, Белоруссия, Ресей секілді көршілес елдерде де ұйымдастыра алатын болып шықты. Яғни, оқу бітіруші студент берген тапсырысы қолға тигенде мұқият оқып шығып, комиссия мүшелерінің алдында қорғайды. Тақырыптың бұған дейін бірнеше рет қорғалғанына бас ауыртпайды.

Тағы бір айта кететін мәселе – мониторинг кезінде жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген мамандар анықталып, әр саланың жұмысына келтірген залал белгілі болған. Құны 265 мың теңге тұратын жалған диплом дайындау мерзімі бар-жоғы 1-2 күн ғана. Былтыр жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мониторингі жалған дипломмен жүрген бес маманды анықтаған. Оларға қатысты мәліметтер ішкі істер органдарына берілген. Атап айтқанда, Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің, Алматыдағы Спорт және еңбек академиясының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің, Алматы технология және бизнес институтының дипломдарының жалған екендігі анықталған. Осындай деректердің арасында жалған диплом дайындап берумен айналысқан алаяқтардың да жүргені белгілі болып отыр.

Тақырыпқа байланысты ұсынысын ортаға салған баяндамашының айтуынша, материалдарды қазақ тілінде тексеруге мүмкіндік беретін Қазақстандық бірыңғай антиплагиат бағдарламасын жасатып, диплом жұмыстарын антиплагиатқа тексеру жөніндегі міндетті жоғары оқу орындарының өзіне емес, білім беру саласындағы уәкілетті органдарға беру қажет. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстанда барлық ғылыми жұмыстардың бірыңғай базасын құру қажет. Үшінші, жоғары оқу орындарында студенттер жалған диплом жұмыстарын және диссертацияларды пайдаланған кезде әртүрлі жаза түрлерін көздейтін жергілікті нормативтік-құқықтық актілер қабылдау керек.
Жиында көтерілген өзекті мәселеге байланысты І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев кезекпен сөз алып, көтерілген мәселеге қатысты өз ойларын білдірді.

Мәди АЛЖАНБАЙ