НӘСІЛДІ ЖЫЛҚЫҒА СҰРАНЫС КӨП

Уақыты: 02.04.2019
Оқылды: 1870
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Топты көрсе тыпыршып тыныш отыра алмайтын жылқы мінезді қазақ үшін төрт түліктің төресі деп есептеген тұлпардың орны тым бөлек. Атқа қонса түсуі қиын елдің арғымақ үстіндегі бейнесін кейбіреулер аңыздағы кейіпкерлерге телісе, екіншілері тұяқ дүбірін ести сала барын да, малын да тастап, қу жанын сақтап қалу үшін тау-тас аса баратын. Ал қазіргі тұлпар темірге айналған заманда жылқының жалын тартқан жігіттердің қатары сиреп бара жатқаны тағы бар.

 

Осы ретте қазақ халқының төл түлігі саналатын найман жылқысын өрбітіп, түгін тартсаң майы көрінетін жомарт далалы Алакөлдің төсінде ала таңнан бастап күн құбылаға енгенше байыз таппай, кәсібінен нәсібін айырып отырған «Тоқжайлау» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі жайында айтып өтпесек болмас. Тілі бөлек болғанымен тірлігі бір, тегі бөлек болғанымен тілегі ортақ орыс халқының өкілі Алексей Бабичев бүгінде 700 басқа жуық найман жылқысын бағып отыр. 

– Міне, осымен жиырма жылға жуық біздің қожалық Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен тығыз жұмыс істеуде. Мұндағы басты мақсатымыз – қазақтың найман тұқымды жылқысын асылдандыру және байырғы таза қанды арғымақтардың санын көбейту. Негізінде, жылқының бұл тұқымы ықылым замандардан бері Алакөл, Зайсан көлдері және Тарбағатай мен Жоңғар Алатауының баурайында жүз мыңдап жайылған болатын. Бұл таулы аймақтың жылқысы болғандықтан көбіне бойы аласалау, алайда өте шыдамды әрі мықты болып келеді. Олардың өсімталдығына дүниежүзіндегі ешбір тұқым бәсекелесе алмайтындығы хақ. Өйткені құлынның өсуі жедел әрі ет жинауы да тез. Егерде жемшөптен таршылық болмаса, 4-5 жасқа дейін тоқтаусыз өсім байқалса, табиғат байлығы төгіп берілген жайлы жылдары 3 жасқа дейін ет жинай бермек. Аталған тұқым аса қиналмай-ақ үстіндегі шабандозымен бірге 70 шақырым жерді оңайлықпен бағындырса, күніне 100-120 шақырымды да еңсере алады. Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Григорий Сизонов, Дәурен Садықов, Ғабиден Бақтыбаев сынды ғалымдардың және «Тоқжайлау» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің зоотехнигі Жұмахан Оңғарбаевтың тынымсыз еңбегінің арқасында «Қазақтың найман жылқысы» атты каталог шығарылды», – деді қожалық төрағасы А. Бабичев.

Сонымен қатар, аталған азаматтардың тынымсыз жұмысының арқасында жылқыларға микрочиптер орнатылып, арнайы компьютерлік бағдарлама жасалған. Бұл ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінде мақұлданғанын да айта кету керек.

Қазіргі таңда қожалықтағы 700 бас жылқының жағдайы қоңды. Жемшөп мол. Қыстан да қысылмай шыққан. Бұларға деген сұраныс көбіне Алакөл, Балқаш, Ескелді, Іле және Сарқан аудандарында өршіп тұр. Сондай-ақ, таулы аймақтарда орналасқан елді мекендердегі құқық қорғау органдарының да қызметкерлері найман жылқысына қызығушылық танытып отыр. 

Алдағы уақытта найман жылқысын асылдандыру және көбейту бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарыла бермек. Бұл бір жағынан төл түлігіміздің қазақ даласына қайта оралуына түрткі болса, екінші жағынан бірталай адамды жұмыспен қамтып отыр.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ