АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА...

Уақыты: 22.04.2019
Оқылды: 1036
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Нұрбол» шаруа қожалығының негізін қалаушы – ағайынды Абақ пен Қайнар Рахимовтар. Атакәсіпті нәсіп еткен олар бірлестікті 2005 жылы құрған.

 

Шаруашылық құрылған жылы Мұсабек ауылдық округінен 30 шақырым қашықтықта орналасқан 1200 гектар жерді қожалыққа тіркеді. Осылайша қолда бар 40 бас сиыры мен 20 шақты жылқысын және 100-ден аса қойын көбейтуге күш салды. Бірнеше жылдан кейін шаруашылықтың тасы өрге домалады. Өйткені, 1975 жылдан бері ағайынды Абақ пен Қайнар мал қасында жүріп, бағып-қағудың қыр-сырын үйренді. Шаруашылықтың есеп-қисабын Кемелхан Рахимова реттеп отырады. 

– «Нұрбол» деп шаруаны бастауымыздың басты себебі – ағайындылардың қатынасын нығайту. Отбасының ажырамауы мақсатында кәсібімізді бастадық. Басымыздан талай қиындық өтті. Бірақ, оған жасымадық. Жиған малымызды кейінгі ұрпақтың кәдесіне жараса екен деп өсірдік. Қазіргі уақытта кәсіпті балаларымыз жалғастыруда. Бүгінде мал басын көбейтіп, асылдандырудамыз, – дейді Абақ Рахимов. 

Қазір шаруашылықты Қайнар қарияның баласы Ербол жүргізеді. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мал басын көбейту жолында жұмыс істеуде. Сиырдың әулиекөл тұқымын асылдандырып, мемлекет тарапынан субсидия алады. Қойдың бәрі – меринос тұқы­мынан. 

«Биыл алынған төл  былтырғыдан көп», – дейді шару­алар. Яғни, 400 бас қойдан 500 қозы, 120 сиырдан 70 бұзау, биеден 40 құлын алған. Бұл жөнінде Ербол: 
– Мал төлдетуге алдын ала дайындалдық. Төлдеткенге кәсіби маман іздестіріп, 4 адамды жалдадық. Олар жаңа туған төлді 1-2 күн ерекше қамқорлыққа алып, қатарға қосылғанынша қарап, бақты, – дейді. 
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Шалқыбековтың айтуынша, ауданда мал төлдету науқаны 97 пайызға аяқталған.  

Жаңа трактор және «ГАЗ-53» техникалары сатып алынған. Бұдан бөлек, өздеріне тиесілі 17 гектар суармалы жері бар. Оның 10 гектарына майбұршақ себілсе, қалғанына жоңышқа егіліп, малды құнарлы азықпен қамтамасыз етеді. Жетпегені Мұсабек ауылдық округіндегі жеке шаруалардан сатып алынады.  

Кәсіптің ебін тауып отырған отбасының алға қойған жоспарлары да ау­қым­ды. «Мал басы көбейсе жерімізді кеңейтуді көздеп отырмыз.Бос жатқан жерге сұраныс жасалды. Жылқыны да асылдандырып, бордақыласақ па деген ой бар. Электр жарығын келтіріп, электрлі сүт тартқышпен сүт тартсақ дейміз. Қазіргі кезде өзіміз үшін 5-6 сауын сиыр ұстаймыз.  Бастысы, малдың санына емес, сапасына жұмыс жасау керек»,  – деп сөзін түйіндеді Ербол. 

Отбасылық кәсіп пен береке-бірлікті жандарына жалау еткен олардың көпшілікке үлгі болары анық. 

Еңлік ҚАБДЕШ