ТАҒДЫРЛАР ТОҒЫСҚАН МЕКЕН

Уақыты: 12.05.2019
Оқылды: 1533
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыртпашылығы тылдағыларға оңай тимеді. «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен еңбек еткен жанның әрқайсысы Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқаны белгілі. Әр отбасы жұмыс істей жүріп, майданға тоқылған жүн қолғап пен шұлық жіберіп, көмек берді. Ал арнайы тапсырмамен тылда құрылған жұмыс орындарының жайы бүгінде ұмытыла бастады. Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылының күнбатысындағы Ақбұлақ сайында орналасқан «Промкомбинат» мекемесі – солардың бірі болатын.

Соғысқа дейін ол жерде Байынқол өзенінің мол суымен тақтай тілетін пилорама жұмыс істепті. Онда таудан әскерилер қарағай жығып, тақтай тілдірген. Дайын тақтай Кеңес-Қытай шегарасындағы заставаларды құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге жұмсалыпты. Пилорама жанындағы казарма мен өгіз қора соғыс басталғанда жоғары жақтың арнайы шешімімен майдандағы жауынгерлерге жылы киім, пима-байпақ, күртеше, тон сияқты киімдер тігетін өндіріс орнына айналады. Аудандық әскери комиссариат арқылы қолынан іс келетін ісмер шеберлер броньмен соғыстан босатылып, еңбек майданына алынады. Әр ауылдан қолынан іс келетін отызға жуық отбасын көшіріп әкеліп, пима-байпақ басатын, киім тігетін, жүн жуып, тері илейтін және ағаш бұйымдарын жасайтын цехтар ашқан. Таудан қарағай кесіп, тақтай тілетін жұмыскерлер де жұмысқа алынған. Содан бастап  бұл жерді ел «Промкомбинат» атап кеткен. Соғыс аяқталғанша ондағы қайнаған еңбек әскери тәртіпке бағынып, майданға бар көмегін беріпті. Шикізатпен қамтамасыз еткен әскерилер жұмыстың тоқтамауын да қадалаған. Әкелінген жүн тазаланып, жуылып, түтіліп, пима басылса, илеген теріден тон, қолғап, бас киім тігілген. Тәртіп бойынша жұмыс ертеңгі сағат 8-ден түнгі 22-ге дейін жалғасқан. Өз ісін жетік білетін шеберлер жұмыстың ырғағын тоқтаусыз жүргізген промкомбинатта ағаш тіліп, тақтай шығаратын су пилорамы, ұн тартатын су диірмені, пима басу цехы, жүн жуып-тазалайтын тігін цехы, ұстахана, ағаш шеберханасы, кеңсе, базар, монша, дүкен, елуге жуық ат-өгіз тұратын қора болған.
1943-1944 жылдары әскер қатарына шақырылып, соғысқа кеткен Сұлтанбай Тасыбаев, Әділ Ысқақов, Қинаш Қанапияев, Дәуітәлі Сауданбеков, Иемберді Айырмасов, Түлкібай Құлымбаев аяқ-қолынан жараланып, елге оралады. Еңбек армиясына алынған Молдабай Сембаев соғыстан тек 1946 жылы келеді. 1942 жылдың қаңтарында «Соцқазақ» ұжымшарынан көшіп келген Темірбек Тойшиев, әйелі Сүлейхан, балалары Құдайберді, Нұр, қызы Мария соғыс біткенше «Прокомбинатта» жұмыс істеді. Темірбек 13 жасар баласы Құдайберді екеуі пима-байпақ цехында киіз басқан. Жастайынан әкесіне көмекші болған өрімдей Құдайберді өз кәсібін жақсы меңгергендіктен көп кешікпей цех басқарса оның 9-10 жасар інісі Нұр және ағаш цехының бастығы болған Дәуітәлі Сауданбековтің баласы Жұмағазы Сауданбеков, бозбала Құрмаш Қанапияев та пима цехында жүн түтетін 3 барабанды машинаның тұтқасын ұстап, септігін тигізген. Тігін цехында тон, күртеше, қолғап, баскиім және басқа да жылы киім тіккен 20-ға жуық әйелді текестік Әлімбай басқарған.
Майдан үшін күн-түн демей еңбек еткен ауыл адамдарының еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, марапатталады. Майданға көмек беру жолында еңбек етіп, пима-байпақ басатын цехта жұмыс істеген әкелі-балалы Темірбек Тойшиев пен Құдайберді Темірбеков КСРО Жоғары кеңесі Президумының 6-маусым 1945 жылғы Жарлығымен «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, Темірбек Тойшиев Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасына ие болған. Тігін цехында жұмыс істеген Сүлейхан Тойшиева мен Мария Темірбековаға майданға көмек берудегі толассыз еңбегі үшін іс машинасы беріліпті. Басқа да жұмысшылар түрлі марапаттар мен сыйлықтар иеленді. Өндіріс комбинатында балалық кезін, жастық шағын жоғалтып, ерте есейген балалар аз емес еді. Олардың қатарында 10 жасар Жұмағазы мен 12 жасар Исатай Сауданбеков, 13 жасар Құдайберді мен 10 жасар Нұр Темірбеков сынды балалар жеңіске зор үлес қосты.
Соғыстан кейін комбинат мемлекеттік өндіріс болып қайта құрылып, директоры сайланды. Күні кешегі ауыр тіршілік артта қалып, жаңа өмірге бет бұрған отбасылар келген ауылдарына оралып, майданнан аман-есен қайтқандар олардың орнын басты. Ағаш кесетін су арасы аудандардың тақтайын тіліп, құрылыс материалымен қамтамасыз етсе, су диірменде ұн тартылып, елге жұмыс істеген. Сол тұста соғысқа дейін дүниеге келген балалар есейіп, жазда кірпіш құюға қатысқан. Құйылған кірпіштерді Иван Карчин қыста күйдіріп, құрылысқа пайдаланған. Карчиннің ұлдары Иван мен Анатолийдің еңбекқорлығы комбинат пен Нарынқолға белгілі болыпты. Таудың ақ тасын күйдіріп, әк өндірген Жұмаділ Жарылғапов елдің өркендеуіне көп еңбек сіңіріпті. «Промкомбинат» қайтадан өндірістік мекеме болып құрылған соң жұмыскерлерге айлық төлеп, елдің тұрмысын түзеген. Дүкен ашылып, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету жолға қойылыпты. Сол жылдарды көзімен көргендердің айтуынша, мектепке бармай, әке-шешесіне көмекші болғандар кейіннен оқуын жалғастырып, орта білім алған. Солардың ішінде Жұмағазы Сауданбеков, Құдайберді мен Нұр Темірбеков Нарынқолда 10 жылдықты бітіріп, бір жылдай комбинатта жұмыс істейді. Кейін ҚазМУ-ді бітіріп, мектепте мұғалім, ауданда партиялық қызметтерде жұмыс атқарған. Соғыстан кейін ауылдың бастауыш мектебі қайта ашылып, 1-4-сыныпқа оқушы алып, білімнің есігін ашқан. Сол бір ұмытылмас күндердің алғашқы мұғалімдері Шура Келекееваның, Жалғас Келдібекованың, Әбділдә Тұңғышбаевтың, Жанәбіл (Сарыбастаулық), Құдайберді Темірбековтің ұстаздық еткенін оқушылар әлі күнге жыр қылып айтады. Жаңа ашылған балабақшада Шайым Сауданбекова мен Айша Келекеева тәрбиеші болып, ауыл тұрғындарының қуанышын еселей түсті.
Соғыс кезінде майдан үшін жұмыс істеген комбинат бейбіт өмірде аудан шаруашылықтарын ағаш материалдарымен қамтамасыз етумен айналысты. Таудан күніне қос өгізбен 2 рет қарағай түсіріп, тақтай тілу елдің әлеуметтік жағдайын көтерген. Ағаш цехын басқарған Дәуітәлі Сауданбеков ағаш шеберлеріне аудан мектептері үшін парта, есік, терезе жасатып, өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосқан. Күллі аймаққа шеберлігімен танылған баласы Исатай Сауданбеков құрылыс жұмыстарының тапсырысын орындайды. Пима басу цехындағы әкелі-балалы Темірбек пен Құдайбердінің қолынан шыққан ақ пиманы аудан, ауыл басшылары арнайы тапсырыс беріп, бастырған. Тігін цехындағы тігіншілердің қолынан шыққан киім де елдің қажеттілігін өтеп, әсіресе, кительге сұраныс көп болыпты.
Соғыс жылдарында дүниеге келген балалардың мектепке барған қадамдары олардың жақсы азамат болып қалыптасуына жарқын жол ашқан. «Промкомбинат» бастауыш мектебінен білім алғандардың арасында ел құрметіне бөленген зиялы азаматтар баршылық. 
Бұлардың бірі мектеп директоры болса, енді бірі шаруашылық басшысы, тағы бірі дәрігер, төртіншісі ұстаз мамандығына адалдық танытып, өз таңдаған саласының жұмысын жандандырып отырған жандар. Өмірін ұстаздыққа арнап, 34 жыл мектеп директоры болған Тілеухан Сұлтанбаева Қаратал ауданының Құрметті азаматы, кеңшар директорлығын абыроймен атқарған Болат Темірбеков Райымбек ауданының Құрметті азаматы. Елімізге танымал белгілі мүсінші Құрақбай Егізбаев пен Ресей мен ТМД елдеріне кеңінен таныс көрнекті ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, Мәскеу облысы, Ступен ауданының Құрметті азаматы, Бүкілодақтық өсімдік институтын басқарған, Тимирязев атындағы алтын медальдің иегері Сұлухан Темірбекова жайлы әңгіме бөлек.
Міне, соғыс жылдарында майданға бірден-бір көмек берген өндіріс орны болған «Промкомбинат» ауылының қысқаша тарихы осылайша өрбиді. Шағын «Промкомбинат» ауылы 1955 жылы тарап, ондағы ел Нарынқолға қоныс аударады. Бұл күнде ауылдың қирандысы бар. Бір кезде тақтай тілген су арасының орны мен диірменнің тасынан басқа жерлер қазір төмпешік болып қалған. Сол ауылда дүниеге келгендердің өзі қазір 70 пен 80-дегі қариялар. Қазақ: «Өткенді ескергенің – өскендігіңнің белгісі, өткенді ұмытқаның – өшкендігіңнің белгісі», – дейді. Ел мен жер үшін еңбек еткен ерлердің есімін келешек ұрпаққа қалдыру – бүгінгінің мақсаты. Ол үшін Жеңістің 75 жылдығына орай Нарынқол ауылына ескерткіш тақта орнату қажет деп есептейміз.

Болат ТЕМІРБЕКОВ,
Райымбек ауданының Құрметті азаматы,
Қанат АХМЕТОВ,
Нарынқол ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы