ЖЕТІСУЛЫҚТАР ЖЕҢІС КҮНІН ТОЙЛАДЫ

Уақыты: 09.05.2019
Оқылды: 1045
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгін еліміздің барлық аймағында Жеңіс күні тойлануда. Осыдан 74 жыл бұрын адамзат тарихындағы ең ірі соғыс аяқталып, жер-әлем қуанышқа кеңелді. Айтулы күнді Жетісу өлкесі де ерекше қарсы алды.

Алдымен облыс әкімі Амандық Баталов бастаған Ұлы Отан соғысының ардагерлері, әскерилер орталық мәдениет және демалыс саябағындағы «Даңқ» обелискісіне гүл шоқтарын қойды. Майдангерлердің суреттерін ұстап шыққан 1 мыңға жуық адам «Батырларға тағзым» шеруімен Талдықоған қаласының орталық көшелерімен «Жастар» саябағына дейін жүріп өтті.

Әрмен қарай саябақта «Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Көрерменге арналып қойылған театрландырылған көріністе соғыстың басталуы, Отан үшін жан қиған батырлардың ерлігі паш етіліп, жеңіс туының желбіреуі әсерлі үйлесім тапты. Сонымен қатар соғыста опат болған майдангерлер және туған жеріне оралып көз жұмған ардагелердің ұрпақтары батырлардың портреттерін ұстап сахнаны айналып өтті.

Жетісу жұртшылығын мерекемен құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов:

– Ұлы Отан соғысы – өткен тарихымыздың тағдырлы да, қасіретті кезеңі. Өмір мен өлім айқасқан сол бір жылдары біздің аға ұрпақ Отан қорғау жолында көзсіз ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетті. «Жүк ауырын нар көтереді, ел ауырын ер көтереді» дейді бабаларымыз. Жаужүрек ұл-қыздарымыздың жеңісті жолының арқасында ауыр да азапты жылдар артта қалды. Біз бүгін, тәуелсіз елде Ұлы Жеңіс мерекесін зор қуанышпен қарсы ала отырып, ұрыс даласынан оралмаған майдангерлер рухына тағзым етіп, қаһармандар алдында бас иеміз, – дей келе Жеңістің 74 жылдығына орай облыстық бюджеттен соғыс ардагерлерінің әрқайсына 500 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек берілгенін, биылғы жылы соғыс ардагерлері мен басқа да санаттағы азаматтардың денсаулығын түзеуге 470 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінгенін айтты.  

Мерекелік кеште эстрада жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Ерке Есмахан, Сүйінбай атындағы филармония әртістері мен Талдықорған әуендері фольклорлы-этнаграфиялық ансамблінің әншілері өнер көрсетті. Саябақтағы дала асханасыннан Амандық Ғаббасұлы мен Ұлы Отан соғысы ардагерлері дәм татты. Арнайы  құрылған шатырлардан қала тұрғындары да ауыз тиді.

Мереке аясында «Талдықорған» ипподромында ұлттық ат спортынан жарыс өтуде. Ал кешкілік Жастар саябағында «Ұлы ерлік шаттығы» атты би бағдарламасы ұсынылып, көгілдір от шашумен түйінделмек.

 

Мәулен ӘНЕРБАЙ
«Жетісу»
Фото 
– Дмитрий Ерофеев