НЕМЕРЕСІ ЖЕҢІМПАЗ

Уақыты: 20.05.2019
Оқылды: 1062
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Нұра ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепте еркін күрестен жасөспірімдер арасында аудандық турнир өтті. Аталған спорттық шара кезінде «Сөгеті» кеңшарының озат еңбеккері болған, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Өкен Молдажанұлының рухына арналды. Бүгінгі ұрпақтары еңбек ардагерінің ерен істерін естеріне түсіре отырып, өнегелі өмірін әңгімеледі.


Бұдан елу жылдай бұрын бұл өңір құлазыған дала еді. Кейін онда іргелі шаруашылық құрылып, қой өсіру қолға алынды. Кеңшардың алғашқы директоры Сағыныш Есбергенов ойға-қырға шапқылап, мамандарды, жұмысшыларды шақырды. Солардың қатарында Өкен Молдажанұлы да шопандықты қолға алып, ортақ іске араласқан.

Қой бағудың қиындығы шаш етектен. Ат үстінен түспей, бел жазбай тер төгуге тура келеді. Кейде қыстың қақаған бораны өкпені қысып есіңді алады. Көктемдегі қой төлдету де қым-қуыт қарбалас науқан. Алынған қозыларды аман өсіріп, есепке кірігізу де үлкен жұмыс. Осының дұрыс нәтижелері табысқа бастайды, шаруашылыққа пайда әкеледі.

Біз әңгімеге арқау еткен Өкен Молдажанұлы сол шақтарда қайрат-жігерін, іскерлігін ел-жұртына анық көрсетті. Отарындағы мал басын көбейтті. Соның арқасында шопанның атақ-даңқы аудан көлеміне тарады. Лайықты марапаттарға ие болды. Еңбеккер жанның құрметі артып, жерлестері ол кісінің өнегелеріне сүйінді.

Осындай азаматтардың арқасында «Сөгеті» кеңшары одан әрі өркендеп, үлкен ауылға айналды. Халықтың игілігіне арналған зәулім ғимараттар бой көтерді. Әсіресе, орталықтағы Мәдениет үйі, он жылдық мектеп елді мекенге ерекше сән беретін. Асфальт көшелер, жапырағы жайқалған жасыл желектер, ауыл түнін жарқыратқан электр шамдары береке мен мерекенің куәсіндей еді. Әкелер қолымен қаланған осынау құтты іргетастар қазір заңды жалғасын табуда.

– Әкеміз Өкен Молдажанұлы өз жұмысын мал бағумен ғана шектеген жоқ. Шаруашылықтың қоғамдық өміріне де белсене қатысатын. Үлкен мәжілістерде пікірлері мен ойын ортаға салатын. Тіпті еңбек озаттарының қатарында бірнеше мәрте Мәскеуге бару мүмкіндігіне ие болды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың өз қолынан марапат алғанын мақтанышпен айтамыз. Кейін ол кісі дүниеден озған соң ауылдың бір көшесі Өкен Молдажанұлының атына берілді. Әкем Өкен мен анам Сарқыт екеуі тоғыз ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы еді. Бауырларым әулеттің атына ешқашан кір келтірген жоқ. Мен ең алдымен осыған қуанамын, – дейді белгілі журналист Сансызбай Өкенұлы.

Қазір әкеден қалған қара шаңырақтың иесі ауылдағы Кенжебек екен. Өзі ұйымдастырған шаруа қожалығының жетекшісі. Төрт түлік мал өсіріп ел экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосуда. Туған жерге туын тіккен азамат.

– Мал бағу қазақ үшін атакәсіп. Кең даланың әсері ерекше. Табиғатпен сырлассам қасымда әкем жүргендей сезінемін. Анау тау бөктерінде Райымбек бабаның бұлағы бар. Ол аймақты кие тұтуды, айналасын үнемі тазалап күтім жасауды әкеміз бізге өнегелеп отыратын. Сол дәстүрден қазір де айныған жоқпыз. Менің білетінім – сен туған жеріңді сүйсең, туған жердің киесі сені де қолдайды, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Кенжебек Өкенұлы.

Осылай өткен күндерге ой жібере отырып, спорт жарысының мәреге жеткенін байқамай да қалыппыз. Жас балуандардың арқасы қозып бозкілемде өнер көрсеткені өзінше бір ғанибет. Жанкүйерлер дүркін-дүркін қол соқты. Соңында төрешілер жарыс жеңімпаздарын анықтады. 10 түрлі салмақ бойынша күш сынасқандардың арасында Ислам Рахматчан, Бекарыс Оразбеков, Асқар Сатыбалды, Арафат Еменжанов, Рамазан Исаев, Бейбарыс Сүлейменов, Омар Идрисов, Малик Усулжан және атаның өз немересі Бексұлтан Өкен үздіктер қатарынан көрінді. Өкен Молдажанұлы атындағы жарыстың жеңімпаздары атанып, арнайы марапаттарға ие болған жас палуандарға нұралықтар дән риза болып, алғыстарын айтты, сәт-сапар тіледі.

Болат МӘЖИТ