ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

Уақыты: 08.06.2019
Оқылды: 1044
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Тағдырдың ауыртпалығын көтере жүріп, өмірге деген құштарлықты оятуға болады. Мысалы, қолсыз да гитара ойнауға болатынын ұмытпау керек. Шексіз мүмкіндікті пайдалана білу – сенің басты жетістігің», – дейді І. Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде өткен концертте американдық музыкант Тони Меммель.


Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен «American Musiс Abroad» бағдарламасы аясындағы концерттік кешке жетісулық мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Олар шетелдік әншінің орындауындағы шығармаларды жоғары бағалап, музыка әлеміне саяхат жасады. 

Тони Меммель – сол қолсыз өмірге келген ерекше адам. Оның ерекшелігі – гитарада ойнауында. Бір қолы жоқ бола тұра, ол АҚШ-тың мықты музыканты атанып үлгерген. Оның өнері, шығармашылығы көпшілікті қызықтырғандықтан шет мемлекеттерге барып, тағдырластарымен жолығып, тегін концерт ұйымдастыруды қолға алған. Сонымен қатар, Тони Меммель мүмкіндігі шектеулі жандарға музыка пәнінен сабақ  беруде алдына жан салмайтын талант иесі.  

– Сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Бүгінгі кеште сіздер менің төл туындыларымды тамашаладыңыздар. Әр жанрдың өзіндік ерекшеліктерін де байқаған шығарсыздар деп ойлаймын. Бұл – менің ең басты жетістігім. Кезінде қолымның жоқтығынан далаға шығуға қысылатынмын. Себебі, адамдардың мен жайлы пікірін маңызды санайтынмын. Бірақ мен өзімді тәрбиелеу арқылы іштегі талантымды ояттым. Бұл өте ауыр болды. Қолымнан келді. Сіздердің де мүмкіндіктеріңіз өте жоғары екенін білемін. Ең бастысы – өзіңізге сеніңіз. Тағдырластарыммен кездесу, сөйлесу арқылы мүмкіндіктің шексіз  екенін түсіндіргім келеді, – дейді Тони Меммель.

Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ