ҮЛКЕНДІ ҚҰРМЕТТЕУДІ ҚОЙДЫҚ ПА?

Уақыты: 16.06.2019
Оқылды: 1057
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Үлкенді сыйлау философиясы – әлімсақтан біздің ұлттың қанында бар қасиет. Өзінен жасы үлкенге құрмет көрсету арқылы төменгіні тәрбиелеген. Бұл – дана халықтың қаймағы бұзылмаған дәстүрінің діңгегі. Ал бүгінгі таңда құрмет қадағашының түбі шіри бастаған сыңайлы. Аузынан емізігі енді түскен жас бала әкесіндей кісімен қылжақтасқанын көргенде көкірегіңе шер байланады. Қарап отырып күйінесің. Сайып келгенде, болашақтың бәлду әңгімесі бүкіл ұлтқа сын емес пе? Бүгінгі біз тарқатқалы отырған тақырыптың ауаны осы. 


«Сен демек қиын емес пе,
 Бұрынғы туған үлкенге?». Бұл жарықтық Шортанбай Қанайұлының толғауындағы қос тіркес. Жалынды жырау кейінгі ұрпаққа қашанда «сіз», «біз» деп сыйласып жүруді өсиет еткен. Сіз деген – әдептің бастауы, біз деген – көмекке жүгіну. Осыны меңзеген Майлықожа ақын бір толғауында: «Болар елдің баласы бірін-бірі сіз деген, болмас елдің баласы бірін-бірі күндеген», – деп сөз тарқатады. Ұрпағының ұлағатты, ұлт қамын ойлар ұлтжанды болуын көздеген қазақтың бауыр еті баласына ең алдымен үйрететіні де осы үлкенді сыйлау жайы. Оны бабаларымыздың жүрген жолы тайға таңба басқандай көрсетіп тұр. Аналар айтатын бесік жырындағы «Қолымыздан іс алып, мойыныңа күш алып, бізді бағар ма екенсің?» деп келетін өлең жолдары соны айғақтаса керек. Ардақты Пайғамбарымыздан (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте: «Жастарға ізет, үлкенге құрмет көрсетпеген бізден емес» (Тирмизи), – делінген. Бұл ата дініміздің өзі қадірі артық кісіні сыйлау адамзаттың борышы екендігін жеткізеді.

Иә, қазақ үшін үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – жазылмаған заңдылық. Бұл – еш жерге бедерленбеген, еш заңға бағынбай атадан балаға мирас болып келе жатқан тәрбиенің қайнар көзі. Кезінде үш жүздің басын қосқан атақты Абылай ханға ақыл айтып, жөн сілтеген Бұхар жыраудың өзі:
Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Тоқсандағы қарт бабаң.
Топқа жаяу бармасқа,  –
деп, қазыналы қарты үшін алаңдап, ол үшін дұға жасап, тілек тілеуге шақырған. Себебі, қазақ елі – ешқашан үлкеннің алдын кесіп өтпеген, «ата тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деп үлкендер арасында алға шығып сөз сөйлеуді ерсі көрген халық. 

Ұлдардың дастарқан басына келгенде сабырсыздау болатындығынан ба, әлде қарнының ашып, мазасының қашатынынан ба, әйтеуір, бір жолы үйдегі ағамның әкем келмей тұрып тамақты бастап кеткені үшін қатты сөгіс естігені бар. Бұл да болса үлкенге, ата-анаға деген сый-құрметтің отбасы, ошақ қасындағы тәрбиеден бастау алатындығын көрсетсе керек.

Осындай бір ұлттық құндылықтарымыз хақында сөз қаузасақ «Абай жолына» соқпай кетпейтініміз анық. Әкесі Құнанбаймен араз Бөжейді жолда кездестіріп қалған бала Абай алыстан айқайлап сәлем береді. Оны асқан сыпайылықпен қабыл алған Бөжей балаға оң назарын салып:
– Жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ, өздігіңмен істедің бе? – деп сөзбен қажайды. Сонда бала Абай: «Бөжіке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!», – дейді мамыражай қалыпта. Абай жауабын естіген соң Бөжей ықыласпен қарай түсіп, ақ батасын ақтарады.  Бұл бір есті әңгіме. Үлкендерге лайықты түрде сый-құрмет жасап, көңілін көтеру, қарғысына емес, алғысына бөлену – адамның өз көргенділігінің, тектілігінің көрінісі әрі әр баланың адамдық, перзенттік парызы.

Кейде «күлсең кәріге күл» деген мәтелді турасынан түсінетін көргенсіздерді көргенде көңіліңе кірбің ұялайды. Қарияның қуып жете алмайтынын әзілге балап, алдынан кесе-көлденеңнен өтетін кейбір мәдениеттен жұрдай жастың жағасынан алғың-ақ келеді еріксіз. Бұл жағдай әрбірден соң ұлттың ең үлкен ұяты ғой. 
Ақсақалдың жасын тілеп, сөзбен аялап әнтек күлетін бұрынғының бағдарлы ісі бүгінгінің еріккеніне ермек болғаны ма? Біз текті халықпыз. Үлкенді ұлағат тұту – ғұрпымыздың өзегі. Соны естен шығармағанымыз абзал.

Қабыл ИСА