ҚОҚЫСТЫ ШАШПА, ЗАМАНДАС!

Уақыты: 08.06.2019
Оқылды: 1343
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көктем шыға ауыл маңын ретке келтiрiп, үй-iшiн таза ұстау – ықылым заманнан келе жатқан үрдiс. Дегенмен, кейбіреулер әлі де болса үйiнiң ішкі жинақылығымен шектеліп, ауласындағы тазалыққа да өзінің жауапты екенiн сезiне бермейдi.


Қаламыз күн өткен сайын құлпырып келеді. Оған бәріміз куәміз. Бірақ сол сұлулықтың сұрқын қашырып жатқан шашылған қоқыстарды айтпауға тағы болмас. Осындай келеңсіздік тудыратын тұрғындардың әрекеті намысқа тиеді. Ішкен-жеген тамағының қалдығын кез келген жерге лақтырып кете беретін әдеттен қашан тыйылар екенбіз?  Тіпті, жолда кетіп бара жатып, автокөлiктерден қоқыс лақтыратындар да бар. Бұларды жүгендеу үшiн заң жүзiнде талапты күшейтсек, мұндай олқылықтар орын алмас еді.

Ауа ластануының адам ағзасына кері әсер ететінін біле тұра, айналамыздың мұнтаздай болуына мән бермейтініміз өкінішті. Шаң-тозаң – адамның ең бірінші жауы. Оның құрамында кремнийдің ұшып жүрген тотығы болатынын ғалымдар үнемі айтудан шаршаған емес. Мұндай тозаңмен ұзақ уақыт дем алатындар силикоз ауруына шалдығады екен. Ауаның шаң-тозаң, түтінмен, радиация сәулелерімен ластануы салдарынан бүгінде туабітті жамбас сүйегінің шығуы, қисық мойын, маймақ аяқ, шұңқыр кеуде, құс кеуде, қабырғасы төс сүйегіне жетпей, екі бұғана сүйегінің жоқ болып туылуы көбейіп, мылқау, соқыр, омыртқа бағанасы қисайған сәбилер қатары артуда. Ендеше, өз денсаулығымыз туралы ойланып, кейінгі ұрпағымыздың болашағына немқұрайды қарамайық. Қаламызды, ортақ үйімізді түрлі өсімдіктермен, хош иісті гүлдермен көмкеріп, ағаш отырғызып, бау-бақша өсіріп, жасыл желекке айналдыруды қолға алайық. Жалпы, тазалықты әркім өз отбасынан бастаса деген ниет бар. Бұл, әсіресе, жастарға қатысты. Замандастарым осы ойымды құптап, теріс қылықтардан аулақ болар деген ойдамын.  

Талдықорғанның айналасы, үйлердiң алды, аулалар жарқырап тұрса, келiмдi-кетiмдi кiсiлердiң шаһарға деген құрметi арта түсер еді. Қысқасы, қаламыз ажарымен ғана емес, мұнтаздай тазалығымен де баурап тұрса дейміз.

Жанель КӘДЕН